«Аманат» Хромтау мен Әйтеке биге жол тартты
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Руханият» танымдық клубының облыстық «Аманат–2021» танымдық және ғылыми–зерттеу экспедициясы бүгін, яғни 16-қыркүйекте Хромтау және Әйтеке би аудандарына аттанады. Осы екі аудан аумақтарындағы киелі, тәу ету орындарын, көне мешіттер мен ежелден белгілі атаулы қорымдарды алдын ала анықтап қарау, іздестіру жұмыстары 19 қыркүйекке дейін жалғасады.
«Аманат-2021» танымдық және ғылыми-зерттеу экспедициясы «Руханият» клубының бастамасымен 5 жылдан бері «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатыр. Музейде өткен шара барысында осы экспедицияның жаңа құрамы таныстырылып, алдағы сапар туралы айтылды.
— Экспедиция мақсаты — Ақтөбе облысы аумағында ХVIII ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында дүниеге келген, өмір сүрген тарихи, діни қайраткерлер өмірі мен қызметін, жергілікті киелі жерлер мен мешіттерді, олардың орындарын анықтап іздестіру, зерттеу, фото, бейнетүсірілімдерге түсіру және мүмкіндігінше экспонаттар жинақтау. 16-19 қыркүйек аралығында Хромтау және Әйтеке би аудандарына барамыз. Оның барысында Бекқұл баба ауылынан бастап Хромтау ауданының Ақжар, Абай, Дөң Құдықсай, Қопа ауылдық округтерін, Әйтеке би ауданының Белқопа, Аралтоғай, Қайрақты, Ақкөл, Тымабұлақ, Жабасақ, Аққұм ауылдарын аралап, Әбілқайыр хан мемориалды кешені арқылы Толыбай ауылына барамыз. Одан әрі Ақтасты, Сұлукөл, Әйке, Құмқұдық, Темірбек Жүргенов, Қызылжұлдыз селолық округтерін аралаймыз. Қайтар жолда Хромтау ауданының тағы бірқатар ауылдарына барамыз, — дейді «Аманат-2021» танымдық және ғылыми-зерттеу экспедициясының жетекшісі Қыдырғали Ермұқан.
Сондай-ақ Қ.Ермұқан экспедициялық топ мүшелеріне биылғы экспедицияның жол жүру сапары, жаңа міндеттері туралы айтты.
Шараға жергілікті өлкетанушылар, аталған аудандардың тарихын білетін шежіреші қарттар, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері қатысты.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.