Жаңалықтар

Жұмсақ алақанның жылуы

Мемлекеттік бағдарлама

Айкүміс Хасенова — хромтаулықтарға таныс есім. Әсіресе оны баласы бар келіншектер көп іздейді. Өйткені ол — балаларға массаж жасайтын маман.

Айкүміс басы ауыратын, қисық мойын, көтеріңкі гипертонус және тағы да басқа диагнозы анықталған балалармен жұмыс жасайды. Оның айтуынша, массаждың бала денсаулығына тигізер әсері мол.

— Қазақта «Қар қылаумен, бала сылаумен өседі» деген тамаша сөз бар. Шынында да, жаңа туған баланы қырқынан шыққанша майлап, сылайды ғой. Әрі бұл баланың құрыс-тырысын жазып, ширауына, қатаюына көмектеседі. Сондықтан да дәрігерлер массажды тек қана ауырғанда емес, дені сау кезінде де алуға кеңес береді. Бірде маған жүрегінде ақауы бар бала келіп, екі жетілік массаж курсын алған. Бұл балаға екі айлығында, дәл қозғалып дамуы керек кезінде, жүрегіне ота жасалып, денсаулығы қалпына келуі үшін қозғалмай жату керек болған. Сондықтан ол еңбектеуді, жүруді білмейтін. Массаж курсының оныншы күні дегенде баланың қолында күш пайда болып, жорғалай бастады. Келесі курсты өтуге келгенінде ол қабырғадан ұстап жүре бастады. Мен тек себепшімін, бірақ көз алдымда баланың айығып келе жатқанын көргенде, жұмысыма деген құштарлығым арта түседі, — дейді массаж маманы Айкүміс.

Осыған дейін шаштараз, саудагер болған, басқа да кәсіптерді жасаған Айкүміс бұл салаға келуінің басты себебі — балаларының денсаулығы екенін айтады.

— Үлкен баламның бас ауруы болды. Мен үйге массаж жасауға маман шақыратынмын. Маманның массаж жасағанын үнемі бақылап, дәл сол массажды балама өзім де жасай алатынымды түсіндім. Себебі менің балаға деген икемім бар. Екі баламды да жаңа туған кезінде өзім шомылдырдым. Қызымның да жағдайы ұлыммен бірдей болды. Білгенімді ғаламтордан іздеп қарап, толықтырып, оған массажды бастан-аяқ өзім жасадым. Содан соң массажды арнайы курстарға барып оқып алу туралы ой келді. Сөйтіп,  2018 жылы Ақтөбе қаласына барып, жеке өзімді оқытатын бір апталық курс өттім. Бірден кәсіп бастауға жүрексіндім. Оның үстіне қызымның бір жасқа толмаған кезі, ұлым екі жаста. Курс өтіп келгенімді білген таныс ата-аналардан шақыру түсе бастады. Сосын қазір жаңа туған сәбилердің арасында денесі сарғайып, көзі сарғайып кететіндері жиі кездеседі. Біздің де басымыздан сондай жағдай өтті.

Сол себепті ультракүлгін шам сатып алып, балаларды соның астына жатқыздық. Кейін оны басқа ата-аналарға жалға бере бастадым. Осылайша балаларға массаж жасау кәсібіне келдім. Қазір мен өз саламды таптым деп сенімді түрде айта аламын. Балалармен жұмыс жасаған қатты ұнайды. Маған жаңа туған нәрестелерді көп алып келеді. Әсіресе балалардың сауығып келе жатқанын көру ерекше қуаныш сыйлайды, — дейді Айкүміс Хасенова.

Бүгінде хромтаулық ата-аналардың алғысына бөленіп жүрген Айкүміс биыл «Бастау-Бизнес» бағдарламасына қатысып,  583400 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Алған қаражатына массаж бөлмесін ашты. Алайда кез келген жетістіктің артында үлкен еңбек болатыны мәлім.

— Бір күнде велосипедпен 8 үйге баратын да күндерім болды. Арнайы кілемше және керекті тағы да басқа құралдарды әр үйге тасу оңай болмады. Сондықтан «Бастау-Бизнес» бағдарламасына қатысып, массаж бөлмесін ашуға бел будым.

Курста оқығанда бизнес нұсқаушылар бір сұрағымызды қалдырмай жауап берді. Сабағымызды сәтті аяқтап, тест тапсырдық. Қаражатты көп ұзатпай берді. Астана, Ақтөбе қалаларынан керек құралдарымды сатып алдым. Содан кейін бір бөлмені жалға алып, массаж бөлмесін аштым. Енді арнайы орында бұрын соңды жасай алмаған емдік массаж түрлерін де жасай аламын, — дейді кейіпкерім.

Біз де Айкүмістің жаңадан ашылған массаж бөлмесіне барған болатынбыз. Кірген сәтімізде маман нәрестемен жұмыс жасап жатыр екен. Оның өз жұмысын шын мәнінде бар ықыласымен беріліп жасайтындығына біз сол сәтте куә болдық. Сол жақ аяғын дұрыс баса алмаған кішкентай нәресте айығып келеді. Жұмсақ алақанның жылуын сезінген сәби Айкүміске қарап күледі, ал маман жылы-жылы сөздерін айтып, оған емдік массаж жасады. Сәбидің анасы біздің тілші екенімізді білген соң, Айкүмістің өз балаларына көмектескенін айтуға асықты.

— Біз 2019 жылы Айкүміс ханымнан массаж алғанбыз. Ол кезде қызым отыра алмайтын, еңбектемейтін. Он күндік  массаж курсын алдық. Жеті күннің ішінде нәтиже көрдік. Қызым толықтай отырып, бірден  еңбектеп кетті. Содан кейін екінші қызымызды алып келіп жатырмыз. Ол сол аяғын дұрыс баса алмайды. Үш күнде нәтиже көріп келеміз. «Қолы жеңіл» деп, Айкүмісті біраз іздедік. Арнайы бөлме ашқанын естігенімізде қуандық. Ісі оңға бассын, — дейді Хромтау қаласының тұрғыны Гүлшара Мұратқызы.

Айкүміс өзіне де, өзгелерге де пайдалы, шын мәнінде тұрғындар үшін маңызға ие кәсіп көзін таңдап, кабинет ашып, балаларға массаж жасап жүргенін мемлекеттік бағдарламаның игілігі деп біледі.

Жанел ӨТЕУЛІ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button