Жаңалықтар

Еңбек құқығын қорғау — негізгі мәселе

Облыстық кәсіподақтар орталығы  жыл басынан бері атқарылған жұмыстарын қорытындылап, үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді.

Онлайн кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева, сондай-ақ кеңестің мүшелері — салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің бірінші жартыжылдықтағы қызметі туралы баяндамасында алға қойылған міндеттердің орындалуы туралы баяндады.

Облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында салалық қәсіподақ ұйымдарының 10-нан астам филиалы және 15 жергілікті кәсіподақта біріктірілген 1177 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. 132 мың кәсіподақ мүшесінің әлеуметтік-экономикалық мүдделері мен еңбек құқықтары кәсіподақтардың қорғауына алынды.

Бірінші жартыжылдықта облыста 2 мыңға жуық кәсіподақ мүшесін қамтитын 7 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.

Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша, облыста әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру аясында ағымдағы жылдың мамыр айында еңбек қатынастарын реттеудің жаңа тәсілдерін қарастыратын аймақтық үшжақты келісімге қол қойылды.

«Үшжақты келісімге еңбек инспекциясына тіркелгенге дейін кәсіподақ орталығының ұжымдық келісімдерді бақылау нормалары кіреді. Бүгінгі таңда барлық ұжымдық шарттарға мониторинг жүргізілді, 153 құжат заңға сәйкес келтірілді», — деді облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы.

Облыста кәсіпорындардың 64 пайызы ұжымдық шартпен қамтылған. Әлеуметтік әріптестіктің үйлесімді жұмыс істеуіне облыс әкімі басқаратын үшжақты комиссия серпін беруде.

«Кездесулер айына екі рет өткізіледі, оған барлық аудан әкімдері мен тікелей кәсіпорын басшылары қатысады. Алты ай ішінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты облыстық комиссияның тоғыз отырысы өткізілді. Үшжақты комиссия қабылдаған шешімдер аясында құрылған өндірістік кеңестер санын көбейтуге, жұмысшылардың жалақысын 20-дан 40 пайызға дейін көтеру мәселелерін шешуге мүмкіндік туды», — деді кәсіподақ орталығының төрағасы.

Облыс кәсіподақтарының ерекше назар аударатын мәселелер қатарына қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету де кіреді.

Бірінші жартыжылдықта 45 апат жазатайым оқиға орын алып, онда 56 жұмысшы жарақат алды, 8 адам қайтыс болды.

«Қазіргі уақытта 20 кәсіпорынмен өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша шаралар жоспары жасалды, облыс кәсіпорындарында 950 өндірістік кеңес жұмыс істейді, оның 80 пайызы кәсіподақтардың бастамасымен құрылған. Қоғамдық бақылауды 1,5 мың техникалық инспектор жүргізеді. Жыл басынан бері техникалық инспекторлар мыңға жуық тексеру жүргізді, онда 2 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды», — деп атап өтті кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Кездесу барысында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі және  ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалдарының жұмыстары да тыңдалды.

Кездесуді қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының қызметіне оң баға берді.

Н.ҚАЛМАҒАНБЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button