Халыққа қызмет ететін қажетті шешім қабылданады
Президент алдымен кеңеске қатысқандарды аталған екі тақырып жөнінен хабардар етті. Биыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атап өтіледі, деді Мемлекет басшысы. Барлығымыз бірлесе отырып, тиісті іс-шараларды әзірлеуіміз қажет. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ешқашан ұмытылмайтын болады. Осы жылдар ішінде жүзеге асырған жұмыстарымыз, қол жеткізген жетістіктеріміз, ол – бүкіл қазақстандықтардың абыройы. Тәуелсіздікке байланысты кең ауқымды арнайы бағдарлама әзірленді. Бүгін соның төңірегінде әңгіме қозғайық.
Бұдан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ұсынысына өз пікірін білдірді. Қазіргі кезде елдің бастамасымен референдум өткізу жайында әңгіме болып жатыр, деді Мемлекет басшысы осы туралы. Бұл жөнінде сіздердің де пікірлеріңізді білейін деп отырмын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тек мереке ретінде өткізбей, осы жылдар ішінде істеген жұмыстарды өз елімізге де, шет елдерге де таныстырып, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мәселесіне де көп көңіл бөлуіміз керек. Еліміздегі саяси күштер мен азаматтардың барлығы осыған атсалысып, дүние жүзіне Қазақстанның бүгінде қандай болғанын таныстыруымыз қажет. Президент сондай-ақ еліміздің экономикалық даму қарқынын да атап өтті. Ел экономикасын екі есеге өсіретін индустриялық-инновациялық бағдарлама әзірленді. Соның аясында өткен жылы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 150 нысан іске қосылды, ал жергілікті жерлерде 800 нысан жұмыс істей бастады. Осы жылғы мемлекет алдында тұрған жоспар аса ауқымды. Құрылысы жүріп жатқан Қорғас – Алматы бағытындағы темір жол телімі Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын еселеп арттырады. Сонымен қатар, алдағы уақытта Қазақстан – Түркіменстан арасындағы темір жол іске қосылады. Осы арқылы Парсы шығанағы мен араб елдеріне шығатын боламыз. Бұл Қазақстан үшін зор мүмкіндік. Бұлардан бөлек ұзындығы 2700 шақырымды құрайтын Батыс Қазақстан – Батыс Қытай автожолы салынып жатыр. Қазіргі кезде онда 50 мың адам жұмыс істеуде. Осының арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады.
Президент ауыл шаруашылығы саласын дамыту барысында қолға алынып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Ауыл шаруашылығын өркендетуге байланысты аса үлкен жұмыстарды қолға алғалы отырмыз, деді Елбасы. Осы жылдар ішінде біз астық секторын дамытуда аз жұмыс атқарғанымыз жоқ. Жаңа технологияны енгізу нәтижесінде астық шаруашылығын біршама тұрақтандырдық. Енді мал шаруашылығы да дамытылатын болады. Егер біз 2014 жылға қарай экспортқа 60 мың тонна ет шығара алсақ, одан кейінгі кезеңде оны 150 мың тоннаға дейін арттыра аламыз. Ол үшін асыл тұқымды мал бағылатын кешендер мен ет комбинаттарын тұрғызу қажет.
Осы мәселелерге тоқталып өткен Президент бұдан кейін кеңеске қатысушылардың пікірлерін тыңдауды қолай көрді. Алғашқы сөзді Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков алды. Біздің ұрпақ – бақытты ұрпақ. Заман өзгерді. Қоғам өзгерді. Адам өзгерді. Сана өзгерді, деп бастады сөзін ол. Бәрі де оңайлықпен бола қойған жоқ. Елім деп түн ұйқыңызды төрт бөлген, қиналған, күйзелген, азап шеккен ең қиын жылдарыңызда қасыңызда болған кісілердің бірі мен мұны жақсы білемін. Сіз ұлы империяның құлауына да, оның құрамында болған көптеген тәуелсіз мемлекеттердің бейбіт жолмен дүниеге келуіне де себепкер болған едіңіз. Бұл ақиқатты біздің тарихшыларымыз әлі жазған жоқ. Жаза алмай жүр.
Сөзінің барысында Мырзатай Жолдасбеков соңғы жылдары Тәуелсіздік шежіресінің жазылып жатқанынан хабардар етіп өтті. Қазіргі таңда оның 18 томы жарық көріпті. Биыл тағы 11 томы жарық көргелі отыр. Осыған байланысты ол көп кешіктірмей авторлар тобын құрап, Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жаздыру керектігін алға тартты. Одан кейін М.Жолдасбеков Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты пікір білдірді. Осы мерекені халықтың тойы, елдің тойы, өркениеттің өнегелі тойы етіп өткізу керектігін атады. Ол, сондай-ақ осы күндері дін мәселесі қалың қауымды қатты алаңдатып отырғанына, Ислам дінінің тоқсан тарауға бөліне бастағанына алаңдаушылық білдірді.
Сізге риза болған ел бүгінде Сіздің өкілеттігіңізді 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуды қалап отыр, деді М.Жолдасбеков сөзін қорытындылай келіп. Бұл елге керек, жұртқа тыныштық, ынтымақ, бейбіт өмір, жақсы тұрмыс керек. Оны жасап отырған Сіз боласыз. 1998 жылғы Азия апатынан да, 2008 жылғы әлемдік дағдарыстан да халқыңызды аман алып шыққан Сіз боласыз. Көзге мақтады демеңіз, арғы-бергі заманда Ұлы дала төсінде талай ұлылар да, көсемдер де, батырлар да, даналар да болған. Бірақ дәл Сіздей жер жүзіне даңқы асқан тұлға болған жоқ. Мұны тарих біледі. Сіздің өкілеттігіңізді ұзартсақ деп отырған халық осыны да ескеріп отыр. Қалың қауымның референдум өткізу жөніндегі бастамасын қолдайды және қабылдайды деп сенеміз.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов республикалық референдум өткізуді барша қазақстандықтар қолдап отырғанын ортаға салды. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ұлттық идеямыздың бір көрінісі болып табылады. Ел мүддесі мен жарқын келешек үшін қоғамның топтасуы референдум арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ ол аз ғана уақыттың ішінде 5 миллионнан астам азаматтардың қолы жиналғандығын, бұл 2020 жылға дейінгі еліміздің стратегиялық даму жоспарын, бірлік пен татулықты қолдаудың жарқын көрінісі екендігін атап өтті. Референдум Елбасынан гөрі халыққа қажет, деп сөзін аяқтады ол.
Ал Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев сөзін Тәуелсіздіктің 20 жылдығынан бастады. Алдағы күзде алғаш тәуекелге бой ұрғанымызға жиырма жыл толады, деді Еңбек Ері. Оған дейін құр қиялданғанымыз болмаса, дербес мемлекетке қол жеткізе қоямыз деп ойлаған емеспіз. Көп нәрсені сосын түсіндік. Өз алдына ел болу айтуға ғана оңай екен. Жүзеге асыруда жүздеген кілтипандарға килігеді екенсіз. Аз ғана уақытта Астана тұрғыздық. Жасампаздығымыз әлеуметтік оптимизмді оятты. Оны жуырдағы ЕҚЫҰ Саммиті одан әрі орнықтыра түсті.
Халық жазушысы әрі қарай елімізде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталды. «Жол картасы», «100 аурухана, 100 мектеп», «Мәдени мұра», «Ақбұлақ» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Елімізде көп салалы экономиканы жан-жақты дамыту қарқын ала түсті. Референдум туралы бастама осылардан өрістеп отыр. Мұндай бүкілхалықтық бастама қолдауға әбден лайық.
Одан кейін сөзді Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев алып, Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту жөніндегі бастаманы Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық құрамы қолдайтындығын айтып, референдум өткізуге Мемлекет басшысының келісім беруін өтінді. Сонымен қатар, ол Елбасына Астана Саммитінің табысты өткені үшін өзімен ауылдас ақсақалдардың шынайы алғысын білдірді.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Айгүл Соловьеваның сөзі де салмақты шықты. Негізінен ол Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында еліміз Орталық Азияда көшбасшы атанғанын, бүгінде Қазақстанды әлемдік қоғамдастық мойындап отырғанын айта келіп, еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар республикалық референдум өткізуді қолдайтындықтарын жеткізді және Елбасынан референдум өткізуге келісім беруін өтінді.
Ал Президент жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Зинаида Федотова сөзіне 1990 жылдың 24 сәуірінде еліміздің Тұңғыш Президенті сайланғанын, сол кезде өзінің Жоғарғы Кеңестің депутаты екендігіне арқау ете келіп, тәжірибелі заңгер ретінде Президенттің өкілеттік мерзімін референдум арқылы ұзарту заңға қайшы келмейтіндігін атады. Өйткені референдум өткізу халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов өз сөзінде бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Оның айтуынша, «Аманат» деген топ құрса дұрыс болмақ. Осы арқылы көпшіліктің ұсыныс-пікірлерін білуге, сол бойынша тиісті жұмыстар жүргізуге болар еді. Әлихан Байменов осыған байланысты өз тарапынан аманат ретінде дінге, тілге және жергілікті мәслихаттардың рөлін арттыруға қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы бастаманы қолдайтындығын мәлім етті.
Кеңесте, сондай-ақ Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов, Сенат депутаты Ғани Қасымов, «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев, «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, Қазақстан кәсіпкерлері форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов, тағы басқалар аталған тақырыптарға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сөз алған шешендердің барлығы да Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы бастаманы қолдайтындықтарын білдірді. Оған Мемлекет басшысының келісім беруін өтінді.
Кеңеске қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстарын асықпай тыңдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен сөйлеген шешендер тарапынан айтылған ұсыныстарға пікір білдірді. Мемлекет басшысы осыған байланысты Әлихан Байменовтің «Аманат» тобын құру ұсынысына қолдау білдірді. Ал Ғани Қасымовтың Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қаржылай көмек беру туралы ұсынысына Президент бұл мәселені біртіндеп шешу жайын қарастыруға болатынын, ал ауыл-селоның алдағы уақыттарда өркендеуіне қазірдің өзінде ерекше назар аударылып отырғандығын атады.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасына қатысты ойын ортаға салды. Елбасының айтуына қарағанда, президенттік басқару билігі Қазақстан үшін әлі де қажет. Өйткені бүгінде жастарды патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу керек. Қазақстан өнімінің жартысынан астамын бизнес саласы өндіруіне қол жеткізілуі тиіс. Біз Парламенттің рөлін әрі қарай көтеруіміз керек, деді Мемлекет басшысы. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өткізу туралы арнайы бағдарлама әзірленді, комиссия құрылды. Комиссияның алғашқы отырысы ақпан айының басында өтеді. Сонда не істеу керек екендігі нақтыланады. Президент, сондай-ақ ауылдағы әйелдерге бір жылға өсімсіз 300-400 доллар мөлшерінде шағын несие беру мәселесін де қозғады. Сонда олар отбасын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп, пайдалы еңбекпен айналысады.
Сөзінің соңында Елбасы референдум өткізу туралы өз ойын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Халыққа қызмет ететін қажетті шешім қабылдаймын» деді. Соған қарағанда, Мемлекет басшысы бұл мәселе жөнінде ойланып көретін секілді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
«Егемен Қазақстан», 21 қаңтар 2011 жыл.