Жаңалықтар

Археологиялық жәдігерлер — аса құнды деректер

15 тамыз — Археологтар күні

Археологиялық ескерткіштер — заттай құнды деректер. Оларды зерттеу арқылы көне замандарда Ұлы даланы мекендеген тайпалар, олардың мәдениеті туралы мағлұматтар алып, тарихымыздың белгісіз беттерін ашамыз.

Ақтөбе — көне ескерткіштерге өте бай өңір. 2017-2018 жылдары Ойыл, Қобда өзендерінің бойында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 300-ге тарта ғұн дәуірінің ескерткіші анықталды. Көне көшпелілер тарихына және ғұндарға қатысты ескерткіштердің табылуы отандық тарих ғылымы үшін маңызы зор жаңалық болды.

2019-2020 жылдар да өлкеміздің археология саласы үшін жақсы жаңалықтарға толы болды. Осы жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы ғұрыптық-жерлеу кешендерін зерттеу мақсатымен бірнеше экспедиция ұйымдастырды. Экспедициялар кезінде Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар аудандары аумағындағы ескерткіштер зерттелді. Соның ішінде І Шеңбертал, Құмсай, ІІ Сорлақмола, ІІ Шөптікөл қорымдарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көптеген археологиялық, этнографиялық ескерткіштер анықталды.

Түрлі кезеңдерде қиратылып, тоналып, қазір жойылып кету алдында тұруына байланысты  І Қаздыарал тұрақ-қорымындағы қазба жұмыстарына ерекше маңыз берілді.

Ойыл, Әйтеке би, Шалқар аудандары аумағында жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде кең хронологиялық диапазонды немесе тас дәуірінен қазіргі заманға дейінгі аралықты қамтитын 130 тарихи-мәдени ескерткіш тіркелді. Ойыл өзені бойындағы Көсембай ауылының оңтүстік-шығысында 13 шақырым жерде орналасқан І Тілепмола қорымына топографиялық түсірілімдер жасалды. Бұл ескерткіш 2018 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілген Ақбұлақ қорымына жалғас жатыр.

Ақтөбе өңірінде археология саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тарихи құнды, бірегей жәдігерлер қатары да жыл өткен сайын толығып отыр.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері жүргізетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі — археология. Бүгінде музей археологтары еліміздің батыс өңіріндегі алдыңғы қатарлы кәсіби мамандар ретінде аталып жүр. Атап айтсақ, олар — тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Арман Бисембаев, аға ғылыми қызметкерлер Аслан Мамедов, Нұрсұлтан Баиров, Нұрбол Бидағұлов, кіші ғылыми қызметкерлері Нұршат Оразмағанбетов, Баубек Мелисов. Музей жетекші мәдени және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, сонымен қатар Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты бар. Аталған академиялық институттармен бірлескен ауқымды жобалар аясында көптеген жұмыстар қолға алынды. Музей мамандарының алыс және жақын шет мемлекеттердің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасап жүргенін ерекше атап өткеніміз жөн. Оның бір мысалы — облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен екі жыл сайын өткізілетін «Қадырбаев оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы.

Осы саладағы үлкен жаңалықтардың бірі — Темір ауданының Taсқопа ауылы маңындағы элиталық қорымнан сақ-сармат дәуіріне жататын бірегей құнды жәдігерлердің табылуы.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты 2019 жылдан бері, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің  қолдауымен, біздің өңірде ауқымды археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ол жұмыстардың бір бағыты — облыс аумағында көп кезедесетін, ерте темір дәуірімен сәйкес келетін ежелгі көшпелілерге тиесілі археологиялық ескерткіштерді зерттеу.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлескен жұмыстар, «Ақтөбе облысының киелі жерлері» аймақтық жобасы аясында, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Арман Бисембаевтың жетекшілігімен жүргізілді. Аталған жоба Ақтөбе өңірінің тарихи-мәдени құңдылықтарын дәріптеу мақсатымен, сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру аясында қолға алынған.

Өте сирек кездесетін бірегей археологиялық жәдігер 2019 жылы Темір ауданы Тасқопа ауылы аумағында орналасқан элиталық обадан табылды. Бұл қорған Ойыл аңғарына жататын ескерткіштердің қатарына енеді. Қазба жұмыстары барысында табылған алтыннан жасалған бұйымдардың сапасы сарматтар қауымының даму деңгейінің жоғары болғанын айқындайды. Археологиялық материалдарға консервациялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Зерттеу материалдары ежелгі заманда өңірімізде өмір сүрген халықтардың жерлеу орындарының ерекшеліктері мен діни-мифтік көзқарастары бойынша мағлұмат беріп қана қоймай, олардың киім-кешектерін реконструкциялауға да мүмкіндік берді. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты мамандары бірлесіп жүргізген консервациялау мен ғылыми-өңдеу жұмыстарынан кейін сармат көсемінің бет-бейнесі қайтадан қалпына келтіріліп, музейдің көрме залына қойылды. Осыдан екі мың жарым жыл бұрын өмір сүрген сармат көсемі ел ауызында Ақтөбеден табылған «Алтын адам» аталып кетті.

Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған құнды экспонат ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына үлкен тарту болды. Ғалымдар құнды жәдігер бір өлкенің ғана емес, егеменді еліміздің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық деп жоғары бағасын берді.

Табылған сармат көсемі бейнесінің қайта қалпына келтірілуінің отандық ғылым саласы үшін маңызы өте зор деп білеміз. Оның біздің облыстың брендіне айналатынына күмән жоқ.

Биылғы жылдың маусым айында облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірлесіп, ІІІ Қурайлы қорымында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Өткенге көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 70-жылдары дәл осы қорымда қазба жұмыстары жүргізілген екен. Қорым Елек өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қалаға жақын болғанымен, негізінен, бұл жер Мәртөк ауданының аумағына кіреді.  Шамамен, қазіргі жыл санауымызға дейінгі VI ғасырдың ортасы мен V ғасырдың басына жатады. Яғни, бұл — 2400-2500 жыл бұрынғы ескерткіш. Қазба жұмыстары жүргізілген қорғанда өз заманында Електі бойлай көшіп-қонған сарматтар жерленген деген тұжырым жасалды. Билеуші элитаның өкілдері жерленген болуы да мүмкін, соған тән белгілер бар. Мұнда бір әулеттің мүшелері жерленген деп болжанды. Қазба жұмыстары кезінде 8 адамның сүйегі табылды. Көпшілігі — ер адам. Негізгі қабірдің жанына балалар (жасөспірімдер) мен әйелдер жерленген. Сүйек қасық, темірден жасалған қанжар мен қылыш, қоладан жасалған жебе ұшы шықты. Бір ерекшелігі, табылған олжалар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Тастан жасалған жәдігер де бар. Қола айна, алтын сырға, сақина, қыштан жасалған ыдыстар табылды. Қорған астынан бірнеше қабір шықты: кейбірінде — бір, екіншісінде 3-4 адамның сүйегі жатыр. Сонымен бірге ат әбзелінің бұйымдары да кездеседі.

Археологтардың айтуларына қарағанда, табылған бірегей бұйымдарды арнайы зертханалық өңдеуден өткізгеннен кейін бастапқы түсінде көруге мүмкіндік болады. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Мұғалжар ауданының аумағындағы Жағабұлақ қорымынан құрбан шалынатын ыдыс, басқа да көне жәдігерлер табылды. Құрбан шалынатын ыдыс әдеттегіден көлемділеу етіп, тастан жасалған, сондай-ақ табылған көне жәдігерлердің арасында алтынмен қапталған семсер бар.

Жағабұлақ қорымы — біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға тән ірі кешен. Табылған көне жәдігерлердің арасында қола айналар, басқа да алтын бұйымдар бар. Мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, Қарғалы ауданынан қола дәуірінің қоныс-мекендері табылды. Мұндағы үлкен олжа — көне металл пеш. Бұл біздің жерімізді мекендеген көне тайпалардың металл өндірумен айналысқанын көрсетеді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнографиялық ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Бекнар Есіркеповтің айтуына қарағанда, Археология залына музейдің ғылыми қорындағы археологиялық топтамаларға тұтас ғылыми жүйелеу жұмыстары жүргізіліп, зал экспозициясына қойылатын экспонаттар тарихи кезеңдерге бөлініп, оның ішінде пайдаланылуына байланысты қару-жарақтар, тұрмыстық бұйымдар, нанымдық дүниелер, т.б. іріктеліп, іріктелген экспонаттар арасынан экспозицияға лайықты, ерекше бұйымдар таңдап алынған.

Қазір облыстың аумағында тіркелген археологиялық ескерткіштердің саны мыңдап саналады. Олардың қатарында көне тұрақтар мен қоныстар, қорымдар мен обалар, тасқа қашап түсірілген суреттер, ежелгі кен өндіру орындары және басқа ескерткіштер бар.

Археология залында өңір археологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым-зерттеушілер туралы деректермен, сонымен қатар тыңғылықты ізденіс жұмыстары барысында табылған ежелгі дәуірлерден бастап, бергі замандарға дейінгі түрлі кезеңдерге жататын түпнұсқа жәдігерлермен танысуға болады.

Зал тас дәуірінен бастап, орта ғасырларды қоса қамтитын, әрқайсысы өзіндік қайталанбас өркениет қалыптастырған ежелгі қауымдастықтардың тарихы мен мәдениетінен кең көлемде сыр шертетін он тақырыптық экспозициядан тұрады.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button