Жаңалықтар

Балаңыз не істеп жүр?

Тәрбие

Полицейлер өткен жылдармен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азайғанын айтады. Бірақ бұл жастар арасында құқықбұзушылық мүлде болмайды деген сөз емес. Жалпы, оқушылар не үшін қылмыс жасайды? Мемлекеттік органдар тарапынан кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жасалып жатқан шаралар қаншалықты өз нәтижесін беруде?  Біз осы және өзге де сұрақтарымызды облыстық полиция департаментіне жолдағанбыз. Сұрақтарымызға полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Анар Марзакенова жауап берді.

«Есепке алынды…»

Шілденің соңғы бес күнінде облыс аумағында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс- шарасы өткен болатын. Профилактикалық шараның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болу фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктері мен темекі бұйымдарын сатуды болдырмау.

Жоспарланған іс-шараларды іске асыру барысында ювеналдық полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орындарында рейд ұйымдастырды. Жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні полиция бөліміне  кәмелетке толмаған 81 бала шара қорытындысы бойынша 335 бала жеткізілді.  Олардың барлығы заңды өкілсіз сағат 23.00-ден 6.00-ге дейін тұрғын үйден тыс жерде болған.

— Сондай-ақ шара барысында әкімшілік құқықбұзушылық жасаған екі бала анықталды. Жасы 21-ге толмаған азаматтарға алкогольдік өнімдер сатқан 10 жеке кәсіпкер түнгі сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық мекемесіне кәмелетке толмаған баланың заңды өкілсіз жүруіне жол берге 1 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. 13 ата-ана бала тәрбиесінде өз міндеттерін атқармағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Ішкі істер бөлімінің есебіне  кәмелетке толмаған 39 жасөспірім және 25 қолайсыз отбасы алынды, — дейді Анар Марзакенова.

Аға инспектор мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылғанымен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың толық алдын ала алмай тұрғанын айтады. Мәселен, өткен аптада облыста  жасөспірімдер арасында төбелес болып, соның салдарынан  кәмелетке толмаған бір бала ауруханаға түсті. Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

— 3 тамыз күні түнгі сағат 1.30-да Ембі қаласы ауруханасының қабылдау бөліміне белгісіз адамдар 2005 жылы туған кәмелетке толмаған баланы пышақ жарақатымен жеткізеді.  Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізу барысында 16 жастағы жасөспірімді анықтап, ұстады. Кәмелетке толмаған екі баланың арасында дау-дамай туындап, соның салдарынан біреуі екіншісіне пышақ жарақатын салғаны белгілі болды.Полиция мен білім беру органдары болған оқиғаға себеп болған жағдайларды анықтау мақсатында тексеріс жүргізеді, — дейді ол.

Ұрыс-керістің кесірі

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы — бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең өзекті мәселенің бірі. Аға инспектор Анар Марзакенова сұхбат барысында, өкінішке қарай, аталған факті бойынша жыл басынан бері облыста бірнеше жағдай тіркелгенін айтты.

— Биыл жыл басынан бері облыста 6 бала өз-өзіне қол жұмсады. Ал 12 жасөспірім суицид жасауға әрекет етіпті. Оның 11-і —қыз бала. Және бір өкініштісі, суицид жасайтын балалар саны уақыт өткен сайын жасарып барады. Мәселен, өз-өзіне қол жұмсаған балалар арасында 9-10 жастағы балалар бар.

Баланың өз-өзіне қол жұмсауына көбінесе отбасындағы келіспеушіліктер кесірін тигізеді. Қызы мен анасының, ұлы мен әкесінің арасындағы айқайдың кесірі осындай жағдайға әкеліп жатады. Себебі ашылмай қалған фактілер де бар, — деген Анар Марзакенова бұл бағыттағы қылмыстарды алдын алу жұмыстары облыстық білім басқармасымен бірлесіп жасалып жатқанын айтты.   

Жалпы, жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 35,8 пайызға азайыпты.  2020 жылдың 7 айында облыста 18 жасқа толмаған балалар арасында 53 қылмыс тіркелсе, биыл 7 ай ішінде 31 бала 34 қылмыс жасаған. Ал кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелейтін арнайы мектепке 7 бала жіберілген.

— Байқап отырғанымыздай, жыл сайын қылмыс саны да, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын бала саны да азайып келеді. Бір қуантарлығы, биыл жыл басынан бері жасөспірімдер арасында кісі өлтіру немесе кісі өлтіруге әрекет ету фактілері тіркелмеді. Бірақ жастар арасында біреудің мүлкін жымқыру, бопсалау секілді қылмыс түрі жиі кездеседі. Мәселен, биыл жыл басынан бері бопсалау фактісі бойынша 6 жағдай тіркелді. Және барлығын кәмелетке толмаған бір бала жасаған. Ол Ресейден әкелінген көліктердің нөмірін ұрлап алып, әлеуметтік желі арқылы иесінен ақша талап еткен. Оның бұл әрекеті көпке созылмай ұсталды. Іс сотқа жіберілді, — деді ювеналдық полиция тобының аға инспекторы.

 Қыздар да қылмыс жасайды

 Сұхбат барысында аға инспектор құқық бұзатын жасөспірімдер арасында қыздардың да кездесетінін айтты. Естеріңізде болса, өткен жылы Темір ауданында қыздар төбелесіп, қылмыстық іс қозғалған болатын. Төбелескен қыздардың жасы қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген соң қылмыстық іс қысқартылған еді. Әкімшілік тұрғыда ата-аналары комиссия отырысына шақырылып, қыздар есепке алынған. Анар Марзакенова содан кейін облыста қыздар төбелесі болмағанын айтады. Бірақ алаяқтық жасайтын  қыздар біздің облыста да бар екен.

Кәмелетке толмаған колледж оқушысы үйінің қасындағы дүкеннен керек-жарағын сатып алғаннан кейін «ақшаны картаңызға аудардым» деп, сатушыны екі рет алдаса, мектеп оқушысы киім ұрлапты.

Бұл — полицей мен педагогтің ғана міндеті емес

Облыстық полиция департаментінің мамандары балаларға қатысты қайғылы жағдайларды болдырмау үшін әр адамды мұқият болуға шақырады. Баланы қараусыз қалдырудың салдарынан жыл басынан бері көп қабатты тұрғын үйдің терезесінен 5 бала құласа, шомылу маусымы басталғалы бері 4 бала суға батып кеткен. Жарты жылдың ішінде балалардың қатысуымен 40 жол көлік оқиғасы болып, 1 бала қаза болды. 52 бала жарақат алған.

— Ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауын сұраймыз. Олардың ең маңызды міндеттерінің бірі –  баланы қауіптен сақтау. Жалпы, қылмыстың алдын алу тек полицей мен педагогтің ғана міндеті емес. Кәмелетке толмаған балалар арасындағы қайғылы жағдайлар мен құқықбұзушылықтың алдын алуда ата-аналардың рөлі өте зор. Олар ылғи баланы бақылап отыруға тиіс. Заң бойынша түнгі сағат 23.00-ден кейін балалардың ата-анасының қарауынсыз көшеде жүруіне тыйым салынған, — деді полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Анар Марзакенова

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button