Спорт

Қазақстанның үлесінде — 8 қола медаль

8 тамызда Токиода ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Қазақстанның бұл Олимпиададағы олжасы — 8 қола медаль болды.

Бұл қазақ елі үшін тәуелсіздік жылдарындағы ең сәтсіз Олимпиада болды. Токиода еліміздің әнұраны бірде-бір рет шырқалмады. Әнұранды әуелету үшін қажет алтын медаль түгіл, күміс медаль да алынбады. Олимпиада қорытындысы бойынша командалық жалпы есепте Қазақстан ұлттық құрамасының еншісіне тигені — 83-орын. Ал медальдардың жалпы саны бойынша түзілетін есепте Қазақстан, басқа да 8 медалі бар елдермен, атап айтқанда, Хорватия, Грузия және Норвегиямен бірге 29-32 орындарды бөлісті.

Біздің еліміздің спортшылары бұл Олимпиадаға 19 спорт түрі бойынша қатысып, бокс, күрес, дзюдо, каратэ және ауыр атлетика, яғни спорттың 5 түрінен ғана жүлделі орынға ие болды. Атап айтар болсақ, Елдос Сметов (дзюдо), Игорь Сон, Зульфия Чиншанло (екеуі де ауыр атлетика), Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев (екеуі де бокс), Нұрислам Санаев (еркін күрес) және Дархан Асәділов пен Софья Берульцова (екеуі де каратэ) сынды спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан көріне алды.

Тәуелсіздік тарихында Қазақстан 7 жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Токиоға дейінгі ең сәтсіз Олимпиада 2004 жылы өткен Афины Олимпиадасы болатын. Дегенмен Афиныдағы нәтижелер биылғыдан анағұрлым жақсы еді: 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медальмен еліміз 40-орынға орныққан болатын.

Токио Олимпиадасының қорытындысы бойынша командалық жалпы есепте бірінші орын АҚШ-қа бұйырды. АҚШ спортшылары бұл Олимпиадада 39 алтын, 41 күміс және 33 қола, барлығы 113 медаль жеңіп алды. Олимпиадаға бұл елден 613 спортшы қатысқанын ескерсек, әрбір бесінші спортшысы жүлде алып отыр.

Екінші орындағы Қытайдың еншісінде 88 медаль (38-і — алтын) болса, ал үшінші орындағы Жапонияның 58 медалі (27-сі — алтын) бар. Ұлыбритания спортшылары 65 жүлдемен, оның ішінде 22 алтын жүлдемен төртінші орынды иеленді. Үздік бестіктегі бесінші команда — Ресей олимпиадалық комитетінің құрамасы. Ресей бұл Олимпиадада 20, яғни АҚШ спортшыларынан екі есе дерлік аз алтын медаль алды. Жалпы, соңғы үш Олимпиадада (Лондон, Рио-де-Жанейро, Токио) Ресей бұрынғыдай үздік үштіктің қатарына іліге алмай келеді. Бұрынғы КСРО республикалары ішінде Олимпиададан Олимпиадаға көрсеткіштері төмендеп келе жатқан елдердің бірі — Украина. Бұрын үздік 15 елдің қатарынан көрінетін Украина Токиода 44-орын алды.

Керісінше, Орталық Азия елдері, атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан спортшылары биылғы Олимпиадада жақсы нәтижеге жетті. Лондонда үш қоламен ғана шектелген Өзбекстан 2016 жылы Риода — 4, ал Токиода 3 алтын медаль алды. Өзбектер Токио Олимпиадасын командалық жалпы есепте 32-орынмен (медаль саны бойынша — 42-орын) аяқтады. Қырғызстан 2008 жылғы Пекин Ойындарынан кейінгі екі Олимпиадада ешқандай жүлде алмапты. Токио Олимпиадасында олар 2 күміс, 1 қола медаль алды. Сонымен қатар Түрікменстан да өз тарихында бірінші рет Олимпиада жүлдесін — ауыр атлетика бойынша күміс медаль — иеленді.

Бүкіләлемдік індет жағдайында Токио Олимпиадасының 1 жылға кешігіп өткені белгілі. Соған сәйкес, келесі Олимпиада, яғни ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарын бұрынғыдай төрт жыл күтпейміз. Алла қаласа, ол енді үш жылдан кейін 2024 жылы Парижде өтеді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button