Жаңалықтар

Қоқыс сұрыптайтын зауыт салынады

Ақтөбе қаласында абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қала басшысы Асхат Шахаров «Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы ғимаратының алдындағы гүлзарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Бұл гүлзарды реконструкциялаумен «Қала инвест» ЖШС айналысуда. Жаңадан тротуарлар салу, 35 жарықшам орнату және 12 мың шаршы метр аумақты көгалдандыру жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ гүлзардағы субұрқақ жөнделеді және жаңа қоқыс жәшіктері мен орындықтар қойылмақ.

«Қала инвест» ЖШС директоры Виталий Рыльскийдің айтуынша, гүлзар аумағын суару үшін арнайы ұңғыма қазылады. Құрылыс жұмыстарын биыл 10 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Аталған жұмыстарға 43 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.

— Өткен жылы, негізінен, жол мәселесімен айналыстық, жүзден астам көше жөнделді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады.

Әрине, қаламызды көркейту үшін бірінші кезекте абаттандыру жұмыстарын қолға алуымыз керек. Биыл 12 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді және 9 саябақ қалпына келтіріледі.

Біздің негізгі мақсат — әр тұрғынға өз ауласындағы демалыс орындарына баруы үшін қолайлы мүмкіндік жасау. Серуендейтін, демалатын жер алыс болмауы тиіс. Бұл облыс әкімінің тапсырмасы, — дейді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ қала әкімінің айтуынша, биыл 200-ден астам көп қабатты үйдің ауласы жөнделеді. Қоқыс мәселесі де өз шешімін таппақ.

— Қалада қоқыс шығарумен айналысатын 5 компания бар. «Азия комфорт» компаниясы өз міндеттерін орындай алмай, жұмысын тоқтатты. Сондықтан 41-разъезд елді мекенінде қоқыс шығару жұмыстары баяу жүргізілді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін 1 тамыздан бастап басқа мердігер мекемемен келісімшартқа отыратын боламыз.

Қазір қоқысты сұрыптау мәселесін де қолға алып отырмыз. Ол үшін полигон аймағынан арнайы зауыт салынатын болады. Қазір қосымша жер телімі бөлінді. Грекиядан келген компания алдымен зауыттың құбырларын қондырады. Жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз, — дейді қала басшысы.

Аталған зауытта қоқыс сұрыптаудың үш түрі жүзеге асырылмақ. Атап айтсақ, пластик, қағаз және шыны бұйымдары сұрыпталады. Арнайы пилоттық жоба арқылы қолға алынған мұндай зауыт еліміздің Өскемен және Семей қалаларында салынбақ.

Қалада қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға ақтөбеліктердің өздері де үлес қосулары керек. Тазалық, қоршаған ортаны аялау мәдениеті әрбір отбасынан басталуы тиіс.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button