Әлеумет

Әйелге айқайлау да — қылмыс …

БҰҰ Бас Ассамблеясы 25 қарашаны 1999 жылдан бері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні деп жариялады және мемлекеттерге, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдарға бұл күні қоғам назарын осы мәселеге аударуға арналған шаралар өткізуді ұсынды.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық дүниежүзінің барлық жерінде таралған және барлық қоғамда кездесетін жағдай. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі жеңе алған жоқ. Бұл құбылысты тоқтату жолдарын қоғам шешуге тырысады. Бұл мәселе туралы тек қарашаның 25-інде ғана емес, барлық жерде көп айтылуы керек.

Сарапшылардың пікірінше, әлемде жыл сайын 5 мың әйел  өз отбасы мүшелерінің қолынан қаза табады екен. Ал елімізде жылына 500 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан құрбан болады. Облыстық ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, жыл сайын Ақтөбеде отбасы қысымына байланысты 3 әйел мәңгілікке көз жұмады.

Қорғау нұсқамасы неге шығарылады?

Өткен жылдың желтоқсан айында елімізде «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң күшіне енген болатын. Заңда «Қорғау нұсқамасы» ұғымы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасының бірі ретінде енгізілген. Яғни, жақындарына қауіп төндіретін адамдарға қорғау нұсқамасы шығарылады. Ал қорғау нұсқамасы деген не?

— Қорғау нұсқамасы 10 тәулік мерзімге шығарылады. Қорғау шаралары құқық бұзушы адамға және нақты мән-жайларға байланысты айқындалады. Яғни Заңдағы қорғау нұсқамасында көрсетілгендей, әйелге қол жұмсамақ түгілі дауыс көтеріп сөйлегеннің өзінде жауапқа тартылады. Қорғау нұсқамасын бұзған адамға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — дейді облыстық ішкі істер депатраменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Гүлмира Шитанова.

Үстіміздегі жылы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты учаскелік полицейлер 427 қорғау нұсқамасын толтырыпты. Оның ішінде 3 қорғау нұсқамасы бұзылып, құқық бұзушылар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің» 355-1 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның екеуі қаладағы Сазды полиция бөлімшесінде тіркелсе, үшінші оқиға Мұғалжар ауданында орын алыпты.

— Қазір тұрмыста зорлық-зомбылық көретін жандардың нақты санын айту мүмкін емес. Өйткені олар арнайы органдарға барып тіркелмейді. Кей әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, ары қарай өмір сүре береді. Бұл барша қазақтың қыз-келіншектеріне тән менталитет. Олар ешқашан өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен, оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда сиреп барады. «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмегін тигізеді, — дейді Гүлмира Бақтығалиқызы.

Әйелдер паналайтын орталық ашылса…

Ақмарал ХОН,
облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы:

—Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты оқиғалар өткен жылмен салыстырғанда биыл әлдеқайда азайды. Бұған былтыр елімізде «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңның күшіне енуі себеп болған секілді. Өйткені бұл Заңнан хабардар әйелдер өз құқын қорғау үшін тікелей құқық қорғау органдарына арызданып жүр. Бұған дейін әйелдер отбасы мәселелерін алға тартып, бізге жиі шағымданатын. Оларға біз кеңес айтып, бағыт береміз. Осы мәселеге қатысты өткен жылы бірнеше оқиғаға куә болдық.

Мәселен, былтыр бізге бір жас келіншек шағымданып келді. Оны қайын апасы жиі ұратын болған. Сол сияқты туған баласынан таяқ жейтін аналар да бізден кеңес сұрап келеді. Біз ондай жандарға психологиялық қолдау көрсету үшін оларға қаладағы «Үміт» дағдарыс орталығына баруға кеңес береміз. Өткен жылы бізден көмек сұрап ұлты орыс әжей келді. Паналайтын жері жоқ кейуананың құжаттарын тез арада реттеп, Қарттар үйіне тапсырдық.

Кейбір әйелдер ажырасудың жолын сұрап келеді. Әрине, әуелі біз ондай жандардың ерімен қайтадан тіл табысуын мақұл көріп, әңгіме жүргіземіз. Дегенмен біржола ажырасуға бел байлағандарға заңгермен бірлесе отырып, кеңес береміз. Ал кейбір әйелдер күйеуінің үстінен шағым айтқанмен, ажырасқысы жоқ. Бұл ретте біз олардың жарымен, ата-енесімен сөйлесуге тырысамыз. Отбасында жасап жүрген іс-әрекетінен ұялсын деген мақсатта күйеуінің жұмыс орнына хабарласып, мән-жайды оның басшысына айтқан кездеріміз де болды.

Қазір Алматы мен Астана, Петропавл қалаларында күйзеліске түскен әйелдерді  бейімдеу және оңалту орталықтары жұмыс жасайды. Бұл орталықтар арнайы талаптарға сай жабдықталған. Болашақта осындай орталық біздің облыста да ашылса деген ұсыныс бар.

15 тәулікке қамалады…

Гүлмира Бақтығалиқызының айтуынша, облыста жыл сайын тұрмыстық жанжал салдарынан 3 әйел көз жұмады.

— Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың бірнеше түрі бар. Көп жағдайда әйелдер күйеуінің салған дене жарақатынан зардап шексе, психологиялық зорлық-зомбылық та қоғамда көбірек орын алатын қылмыстың бір түрі. Экономикалық зорлық-зомбылыққа душар болатын жандар да бізге арызданады. Көбінесе әйелдер ауыр дене жарақатынан қаза табады, — дейді Г.Шитанова.

Облыстық ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, әйеліне жеңіл дене жарақатын салған ер азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылса, жұбайына орта және ауыр дене жарақатын жасаған адамның сот табалдырығын тоздыруына тура келеді.

— 2008 жылы «Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне» отбасылық-тұрмыстық мәселесіне байланысты 79-5 бап енгізілді. Яғни, арыз түскеннен соң, барлық материал жинақталып, іс арнайы әкімшілік сотқа жіберіледі. Сот шешімі бойынша құқық бұзушы алғашында 10 тәулікке уақытша оқшаулау орнына қамауға алынады. Егер жәбірленушіге тағы да қысым көрсетілетін болса, онда құқық бұзушының уақытша оқшаулау орнында болу мерзімі 15 тәулікке созылады. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау адамның құқығы мен бостандығын бұзудың  өрескел түрі. Осы мақсатта облыстық ішкі істер департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің инспекторлары аудандардағы учаскелік полицейлермен бірігіп, профилактикалық іс-шаралар жүргізеді, — дейді Гүлмира Шитанова.

Биыл құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Есеп», «Біз қорғауға құқылымыз» атты жедел профилактикалық іс-шараларын ұйымдастырыпты. Қарашаның 20-сы мен желтоқсанның 10-ы аралығында республика деңгейінде өтіп жатқан «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акцияның мақсаты — әйелдерге қатысты құқықбұзушылық себептер мен жағдайларды анықтау, үйдегі зорлық-зомбылық проблемаларына жұртшылықтың, биліктің назарын аудару, отбасы қарым-қатынастарының мәдениетін қалыптастыру.

. Әлемде 15 пайыздан 71 пайызға дейін әйел жұбайы немесе серіктесі тарапынан күш көрсетулік және құмарлық салдарынан болатын зорлықты бастан өткізеді.

. Мәжбүрлік неке әйелдер мен қыздар құқығын бұзу болып саналады.  Бірақ олар Азия, Таяу Шығыс және Сахараның оңтүстігіндегі Африканың көптеген елдерінде кеңінен қалыптасып кеткен.

. Қазақстанда әрбір үшінші әйел соққыға жығылады. Ал әрбір бесінші әйел зорлаудың құрбаны болады. Сондай-ақ адам саудасындағы «тірі тауардың» 80 пайызын да осы әйелдер құрайды.

P.S. Қазақ қоғамы әйел мәртебесін әрқашан жоғары қоя білген. Бұл орайда  әйгілі Мөңке бидің «Әйеліңмен дос бол, үйіңнің береке­сі кіреді» деген нақылын, Әз-Жәнібек ханның тұсындағы Жирен­шенің Қарашаштың қара басын қара ор­манға балағанын, Қазыбек бидің «Аймалайтын анаң қымбат, мейі­рімді апаң қымбат» деген кесім­ді сөзін келтірсек те жеткілікті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button