Жаңалықтар

«Естен кетпес бейне»

Осындай тақырыппен облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығына арналған көрменің ашылуы өтті. 

Аталған шараға музей ұжымының және С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен жазушының ұрпақтары қатысты.

Қажығали Мұханбетқалиұлы Ақтөбе облыстық теледидар және радио комитетінде, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде еңбек етті.  Алматыда «Қазақстан» баспасында  редактор, «Жұлдыз» журналында аға әдеби қызметкер, «Қазақ әдебиеті»  газетінде проза бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Жаңа фильм» — «Новый фильм» журналының бас редакторы, Халықаралық «Заман Қазақстан», кейін «Түркістан» газеті атанған газетте бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Көрмеге жазушының суреттері, орден-медальдары мен төсбелгілері қойылды. Кітапхана ұжымы шығармалары мен басылым беттерінде жарияланған мақалаларынан көрме ұйымдастырды.

Шараның ашылуында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек, Байғанин ауданының құрметті азаматы Бердіхан Кемешов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Мұхтаровтар сөз сөйледі. Қарымды қаламгердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, оның шығармашылығы турасында әңгіме өрбітті.

— 1968 жылдан бастап Қажығали екеуміз сыйлас дос болдық.

Келер жылы жазушының туғанына 80 жыл толады. Бүгін жазушыны кеңінен таныту мақсатында арнайы көрмені жасақтап отырмыз, — деді шараның өтуіне мұрындық болған жазушының досы Еркін Құрманбек.

Шара барысында Қ.Мұханбетқалиұлының қызы Дариға Оспағанбетова көрмені ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.

Бүгінде жазушының шығармалары орыс, украин, өзбек, т.б. тілдерге аударылған. Әр жылдары «Жұлдыз» журналы сыйлығының лауреаты, Байғанин ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сондай-ақ Халықаралық Қазақ ПЕН клубы сыйлығының иегері атанды. Көрнекті тұлғаның қажырлы еңбегі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Шара соңында қонақтар көрмені тамашалап, естелік суретке түсті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button