Жаңалықтар

Көлдің тазаруы — көптің қуанышы

Бұқаралық ақпарат құралдары тілшілері Шалқар көлінде жасалып жатқан жұмыстармен танысу үшін арнайы барып қайтты. Жылдың ең ауқымды жобасы қалай жүзеге асып жатқанын көрді.

Шалқар көлін тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұл жұмысты тездетіп бітіруді тапсырған. Ауқымды жоба 2 жылға жоспарланғанымен мердігерлер жыл аяғына дейін аяқтаймыз деп отыр. Қазіргі таңда көлдің айналасы техникаларға толы. Су астындағы лайды шығару үшін 2 земснаряд әкелінді. Маусым айының соңына дейін тағы екі земснаряд келмек. Сәуір айының басында басталған жұмыстың бүгінгі күні 25 пайызы орындалған. Бұған 60-қа жуық техника жұмылдырылды. Жергілікті жерден 70 адамды жұмысқа алған «Толағай-2050» ЖШС өндіріс бойынша орынбасары Рашит Сламбектің айтуынша, көлдің асты мен айналасы қараша айына дейін тазартылып болмақ.

Соңғы жылдардағы ауа райының құрғақшылығынан қала маңындағы көлдер тартылып, сорға айналып кеткен. Ондай жерлер Шалқар қаласының ішінде де бар. Күн ысыса немесе жаңбырдан кейін сордан тұз көтеріледі. Желді күндері борайды. Мұның бәрі солжердің тұрғындарына зиян. Сол себепті көлдің астынан шыққан лай кепкеннен кейін сордың бетіне төселеді. Қазіргі таңда жұмыс жүргізуші мердігер мен жергілікті әкімшілік келісім жасасып, қала іргесіндегі сорлардың бетін жабу жұмыстары қоса жүріп жатыр. Сорлардың бетін жабу жергілікті халықтың ұсынысы. Сондықтан  бұл шаруа жыл сайын жүргізіледі.

— Шалқар көлін тазарту туралы ұсыныс 17 жылдан бері айтылып келеді.  Ғасырлық тарихы бар көл 50 жылдан бері тазартылмаған. Облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп биыл іске асып жатыр. Халық қуанды. Көл тазарса, тұрғындарға экологиялық оң әсерін береді. Шалқар халқы үшін көп пайдасы бар. Бәріміз осы көлдің суын, жағасын пайдаланып отырмыз. Балықтың бірнеше түрін өсіреміз. Жағасына бақша дақылдарын егіп жатырмыз. Сортаң жерлер бітеліп, үстіне көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Қалаға тиіп тұрған көл жағалауынан саябақтар, демалыс орындарын саламыз, — дейді журналистерге сұхбат берген аудан әкімі Жанболат Жидеханов.

Шалқар көлінің айналасына 14 лай суды құю алаңдары салынады. Көл астынан шыққан лай жағада қалып, суы кері ағып кетеді. Бұл жұмыс облыс әкімінің қадағалауында тұр. Жақында жұмыс басына арнайы іссапармен барған облыс басшысы тазалау жұмыстарын тиянақты жасауды тапсырды.

Көл тазартылғаннан кейін судың сыйымдылығы 20-25миллион текше метрге дейін жетеді. Қазіргі уақытта 7-8 миллион текше метр су бар. Биыл көлге аздап су келді. Көктемде 10 миллион куб текше метр су болды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button