Жаңалықтар

Ұлттық құндылықтар және дін – тәрбиенің діңгегі

Бүгінгі жас — еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, құнды қасиеттерді бойға сіңіру, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халық даналығында айтылатындай ағаштың да түзу өсуі үшін оған көшет кезінен бастап күтім жасалады ғой. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, жалпы алғанда, адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне нық сенімді тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыруда отбасы мен білім алатын ортасы, яғни балабақша, мектеп, ұстаздар қауымы шешуші рөл атқарады. Ал әр адамға тән асыл қасиеттердің жиынтығы іспеттес адамгершіліктің қайнар бұлағы халық даналығында, отбасында, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрде жатыр.

Адамгершілік — адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы. Кісілік, ізгілік, имандылық ұғымдармен мәндес. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған орта, табиғаттан бойына сіңіреді. Бүгінде жас ұрпақ білімнен кенде емес. Білім алуға, оқуға, ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалған, мүмкіндіктер жеткілікті. Бірақ бізде тәрбие жағының сәл ақсап тұрғандығы бар.  Жастарға ең қажеттісі де — тәрбие. Әсіресе, ұлттық тәрбиеге ден қоюға тиіспіз. Сондықтан имандылықты, ұлттық-салт дәстүрлерді насихаттап, рухани құндылықтарымызды дәріптеуді тоқтатпауымыз керек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Ендігі қазақ қоғамында көпшілікті толғандыратын мәселенің бірі — діни ахуалдың жай-күйі. Әрине, біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзхәбын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Жастарды үлкендерді сыйлауға негіздеген. Біздің ата-бабаларымыз ешуақытта қыз баланың бетін бүркемеген. Ендеше бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», — деді. Иә, ұлттық дәстүрден, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі діннен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен ажырамай, ата дәстүр, ана сүтімен сіңген тәлім-тәрбиені өмірлік азық етері сөзсіз.

Дана халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық және діни дәстүрлерінің саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлінің ұшан-теңіз екендігін ескере отырып, мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асырумен айналысатын құзырлы мекеме мамандары, теолог, дінтанушылар, қоғам өкілдері жастар арасында жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында басымдық бергендері абзал. Осы орайда Ақтөбе қаласының Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы аталған бағытта және «Руханият» әлеуметтік парақшалары арқылы жұмыстарды жандандыруда.

Тәрбиенің ана құрсағынан басталатындығы да ғылыми тұрғыда дәлелденген. Осы жерде «уызына жарымаған», «адал сүт емген» тәрізді тіркестер еріксіз еске түседі. Әр тіркестің астарында үлкен мән-мағына, даланың дана тәрбиесі жатыр. Қазақ шаңырағында баланың дүниеге келуімен басталатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Сүндет той», «Ашамайға мінгізу» және т.б. — бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Бүгінде көшпенділерде мәдениет болмаған деген батыс өркениетін жақтаушылардың дені даналыққа тұнып тұрған далалық мәдениетті мойындап, бас игелі қашан!

Қазақ халқының рухани негізі ол — Ислам діні. Ислам — ізгілік, адамгершілік діні. Ұлттық салт-дәстүрлер исламға дейінгі заманнан бастау алып, ислам діні арқылы шариғатқа негізделіп күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады. Халқымыздың салт-дәстүрінің кез келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын да көреміз. Дүниеге келген сәбиге азан шақырылып ат қойылғандығынан бастап, өмірден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміз исламнан нәр алған. Сондықтан да біте қайнасқан дін мен дәстүрімізді бір-бірінен ажырату мүмкін емес.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлттық рухы зор ұрпақ тәрбиелеуде дініміз бен ұлттық, рухани құндылықтарымыз тәрбиенің алып діңгегіне айналуға тиіс.

Айгүл КАНАФИЯ,

Ақтөбе қаласының Дін мәселелері

және қоғаммен байланыс жөніндегі

орталығының сектор меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button