Жаңалықтар

Облыс әкімі дарынды балалармен кездесті

Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің дарынды оқушылары — оқу озаттары, олимпиада, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, полиглоттармен кездесті. Әңгімелесу кезінде облыс әкімі оқушыларды мерекелерімен құттықтап, оқуларына табыс тіледі.

Биыл — еліміз үшін маңызды жыл, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. 30 жыл — тарихи өлшемдер бойынша бір-ақ сәт. Алайда осы уақыт ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз қиын сынақтарды жеңіп, тәуелсіздігімізді нығайта отыра әлемге танылды, — деді Оңдасын Оразалин. — Бүгінде облыс бойынша 400-ден астам мектеп жұмыс жасап тұр. Оның 153-і тәуелсіздік жылдарында салынған. Елімізде жастарды дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Соның айқын дәлелі — «Болашақ» бағдарламасы. Тәуелсіздіктің халқымызға не бергенін әрдайым ұмытпаңыздар!

Кездесуде балалар облыс әкіміне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Оқушылар облыс басшысының өскелең ұрпақтан қандай қасиеттерді көргісі келетінін, сүйікті мұғалімі кім екенін, қалай мемлекеттік қызметкер болуға болатынын және т.б. білді. Оңдасын Оразалин дарынды жастарға қызықты сұхбаттары үшін алғысын білдіріп, естелік сыйлыққа М.Әуезовтің «Абай жолы» кітабын табыс етті.

Ата-ананың ғана емес, халықтың лайықты ұл-қызы болыңдар. Келешекте білімдерің мен дағдыларыңды ел игілігіне пайдалану үшін оқыңдар, бойдағы қабілеттеріңді дамытыңдар, — деді сөзінің соңында облыс басшысы.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button