Жаңалықтар

Сурет Әлиянікі емес!

Майдандасы Нина Быстровамен түскен суреті

Туыстары мен әлиятанушы осылай дейді

Жақында «Ақтөбе» газетінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың жаңа суреті табылғаны туралы мақала жарияланған болатын. Осы мақалаға орай Әлияның туыстары мен батырдың өмірін зерттеп жүрген «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес өз пікірін білдіріп, бізге жолдапты:

Ғалымжан Байдербес, әлиятанушы, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қорының төрағасы:

— «Әлияның жаңа суретін таптық» деген ақпаратты оқып отырып, бір сұрақ туындады: неге бұл сурет 80 жыл бойы жария етілмеген? Мақалада бұл сұрақтың жауабы түсініксіз.

Автордың айтуынша, «Әлия соғыс жылдары 17 жасында Ленинградтан майданға аттанар алдында, басына қызыл жұлдызды пилоткасы, үстіне әскери формамен суретке түсіп, құрбысы Бәтимаға хат арқылы жіберген». Алайда біздің факт бойынша, Әлия Ленинградтағы №46 балалар үйінде тәрбиеленіп, соғыс басталған соң бұл балалар үйі  Ярославль облысындағы Вятск селосына эвакуацияланған. Әлия да сонда болған. Әлия осы жердегі Вятск орта мектебінде оқып, 7-сыныптан кейін Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі. Соғысқа да Рыбинск авиациялық техникумында оқып жүрген кезінде аттанады.

Екіншіден, мына суретте қыз баланың бұрымы бар. Ал Әлияның мұндай бұрымы болмаған.

Үшіншіден, автор «Әлия 12 жасына дейін Бұлақ ауылында Бәтимамен бірге ойнаған» дейді. Әлия 8 жасында анасы қайтыс болғаннан кейін нағашысы Әбубәкір Молдағұловтың қолында өседі. Яғни ол 12 жасына дейін Бұлақта болған деген ақпарат та дұрыс емес.

Жаңадан табылған суретті Әлияның бұрыннан белгілі суреттерімен салыстырсақ, мүлде ұқсамайды. Батыр қыз  ерлікпен қаза табардан бір күн бұрын, яғни 1944 жылы 13 қаңтарда лейтенант Гришин қарындашпен Әлияның суретін салған. Ал ертеңіне Әлия ерлікпен қаза табады. Бұл сурет менің кітаптарымда көрсетілген. Бұл суретте Әлия әкесінің екінші әйелінен туған сіңлілері Әліп пен Тәженге ұқсаңқырайды. Майдандасы Нина Быстровамен түскен суреті де бар Әлияның. Жаңа сурет оған да ұқсамайды. Сондықтан оқырманды бұлай адастыруға болмайды.

Біз аталған мақаладағы сурет жөнінде батыр қыздың туыстарымен де сөйлескен едік.

Сапар Молдағұлов (Әлияның нағашысы Әбубәкір Молдағұловтың ұлы): 

— Әлияның анасы 1933 жылы қайтыс болғаннан кейін әкесі Нұрмұхамбет Сарқұлов кішкентай ұлы Бағдатты алып қалады да, Әлияны балдызына — менің әкеме беріп жібереді. Әкем Әлияны өз қолына алған. 1935 жылы әскери көлік академиясына оқуға түскен кезде отбасымен бірге Әлияны да Ленинградқа алып кетеді.

Біздің отбасы Әулиеатада тұрғанда әкем Әлияны бірінші сыныпқа өзі ертіп барған. «Әлияның жаңа суреті» туралы мақалада жазылғандай, Әлия Бұлақта 12 жасына дейін тұрмаған. Егер менің әкемнің өзі Әлияны 1-сыныпқа жетектеп апарған болса, ол Бұлақта қалай 12 жасқа дейін тұрады? Сондықтан мен бұл суретті Әлияның суреті дегенге күмәнім бар.

Бекзада Молдағұлова (Сапар Молдағұловтың зайыбы): 

— Молдағұловтар әулетіне келін болып түскеніме 56 жыл болды. Мен Әлияның өз көзіммен көргенім жоқ, бірақ енеммен —  Әлияны баққан кісімен 39 жыл бірге тұрдым. Енемнің айтуынша, Әулиеатаға (қазіргі Тараз) көшіп барғанда Әлия мектепке баратын болыпты. Енем кішкентай баламен үйде отырғандықтан атам өзі барып Әлияның шашын қидыртып келген. Сол уақыттан бастап Әлияда бұрым болмаған.

Біз Шұбарқұдықта тұрғанымызда үйімізге Мәскеуден Тойтанбаев деген кісі келіп, анамыздан сұхбат алып кетті. Сол сұхбатында анамыз осының барлығын айтқан болатын.

Ал жақында «Әлияның жаңа суреті табылды» деп жазып жүргендердің қолындағы суреттегі қыздың бұрымы бар. Әлия шашын мектепке барарда қиып тастаған болса, ол бұрым қайдан шығады? Біз Шұбарқұдықта тұрғанда үйде Әлияның екі суреті болды: бірі қолына автомат ұстап түскен суреті еді. Жақтауға салынып тұратын еді. Сол суреттерді мектептен бе, әлде  облыс орталығынан ба, біреу келіп, енемнен сұрап алып кетті. Ал мына табылған сурет үйде болған сол суреттерге мүлде ұқсамайды. Сондықтан мен жаңадан табылған суретті Әлияның суреті емес деп сенімді түрде айта аламын.

Әрия Хабиева (Әлияның туыс ағасы Бисембай Хабиевтің қызы):

— Әлия музейі қызметкерлері маған жаңадан табылған суретті жіберген кезде: «Мына қыз баланың суреті менің әкеме ұқсайды екен» деген ой жылт етті. Мәтінді оқысам, Әлия туралы жазылған екен. Содан екіұдай сезімде қалдым:

Меніңше, кез келген тарихи фотосуретті бір кісіге теліп, жұртқа жариялар алдында ғылыми сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл жерде де Әлияның өмір тарихын жақсы білетін әлиятанушылар, ғалымдар сараптама жүргізгені дұрыс болар еді.

Бір жағынан, бұл суреттегі  Әлия болуы да мүмкін. Себебі суреттің ескі екені, көп жылдар бұрын түсірілгені көрініп тұр. Альбомға жабыстырылған, артында қандай жазу бар екені көрінбейді. Егер шынымен Әлия Бәтимаға (мәтінде жазылғандай, бала кездегі досы) ескерткіш ретінде сурет жіберген болса, артында жазуы болуға тиіс қой, бірақ  сурет қатты жабыстырылғандықтан, көрінбейтіні жазылған. Әкем бұрын «комсомолдық билетке түскен суреттің бұрышы ақ болады» дейтін еді, ал мына суретте ондай ақ бұрыштама жоқ, сондықтан ол, бәлкім, басқа бір әскери құжатқа түскен суреті де болуы мүмкін.

Менің білетінім, Әлияның шашы қою қара, қалың әрі тез өсетін болған. Оқып жүргенінде шашы өсіп, артына түйіп жүрген болуы да мүмкін ғой… Сондықтан бұл суретте бұрымы болғандықтан ғана Әлия емес деп кесіп айтуға болмайтын шығар.

Екінші жағынан, Әлия ауылынан 7 жасында кеткен. Сондықтан «ауылында 12 жасқа дейін болды» деген дерек шындыққа жанаспайды. Бұл сурет Әлиянікі болған күннің өзінде не себепті 76 жыл бойы ешкім үндемей келген? Суретті сақтаушылар оқыған, көкірек көзі ояу адамдар екен, неге олар Жеңістің  40, 50, тіпті кешегі 70-75 жылдықтарында суретті жария етпеген? Соны түсіне алар емеспін.

Мейрамгүл САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button