Әлеумет

Тынымсыз барыс кетіп, байсалды қоян келеді

Барыс жылын табысты аяқтап, Қоян жылын қарсы алғалы отырмыз. Жұртшылықтың  жаңа жылдан жақсылықтар күтетіні сөзсіз. Бұл жылдың да әр адамға әкелер өз игілігі бар деп сенеміз. Қоян негізінен өз ұясына қамқор, ұрпақ таратқыш, өзін қорғай алатын байсалды жануар. Тынымсыз Барыс жылынан кейінгі Қоян жылы бірқалыпты әрі тыныш болмақ. Шығыс елдерінің нанымы бойынша да күн жүйесіндегі ең сәтті жыл да осы — Қоян. Бұл жылы дүниеге келгендердің де жолы болғыш болады деген де сенім бар.

Жалпы, Қоян жылы қандай болмақ? Және осы бір жануардың қасиеттері  жайында әңгіме өрбітпекпіз.

Негізінен, біздің елдің тарихындағы қоян жылдары  көптеген ауыртпалықтармен есте қалды.  Бұл жылы жұт, аштық көп кездескен. Мәселен,  1867-1868 жылдары жалпақ қоян жұты, 1879-1880 жылдары үлкен қоян жұты, 1891-1892 жылдары кіші қоян жұты, 1915-1916 жылдары тақыр қоян жұты болған. Қазақ даласында көп мал қырылып, адамдар өлді. 1962-1963 жылдары да малды аудандарда шығын көп болды.  «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманы да 1723 жыл —  қоян жылына тұспа-тұс келеді.

Дегенмен, биылғы қоян жылынан күтер жақсылықтарымыз көп. Болжамшылардың айтуынша, 2011 жылы әлем экономикалық дағдарыстан біржола айығады.

Жыл жайлы болады

Қоян өте ақылды жануар, сондықтан да бұл жыл ғылыммен айналысатындарға жалпы, өз ісіне берілгендерге өте сәтті болмақ. Жыл  жақсы болуы үшін қоян секілді төзімділік пен сабырлылықты сақтау керек. Сонда ғана ойлаған мақсаттарыңызға жетесіз.

Қоян қорқақ болғанымен, кеңпейіл.  Отбасы жылылығын, әсемдікті ұнатады. Бұл жылы отбасын құрғандардың одағы берік болмақ. Дегенмен, қоян жылғы туғандарға биыл маңызды шешімдер қабылдау қиынға соғады.

Қоян өте аңғарымды болғандықтан, жауапкершіліксіздікті ұнатпайды, ойдың да, істің де жинақы болғанын қалайды. Сондықтан бұл жылы ойланып, нақты шешім қабылдау қажет. Жаңа жыл, әсіресе, дипломатиялық істермен айналысатындарға  қолайлы, шығармашылық, өнер адамдарына, зиялыларға да «қоян» оң көзімен қарайды.  Бұл жылы ұрыс-керіс, жанжалдар болмайды, қандай іс болмасын өзара келісім арқылы шешімін табады.

Қоян жылы бастаған істеріңіз өз жемістерін міндетті түрде әкеледі. Бірақ  жоспарларыңыз жайында өзгелерге тіс жаруға болмайды. Әйтпесе, опынасыз.

Бұл жылы дүниеге келген сәбилер дарынды, мейірімді болады, бірақ аздап жеңілтектеу, еркіндікті ерте сезініп, өз беттерінше қыдырғанды қалайды.

Сонымен қатар, жаңа жылда құрылған жоспарлар болашақта да өте сәтті аяқталмақ. Жарқын болашақтың іргетасын биыл бекітсеңіз, өкінбейсіз.

Қытай жұлдызшыларының айтуынша, қоян жылы  ақпанның 3-інде басталып, 2012 жылдың 22 қаңтарына дейін жалғасады.

Биыл үйіңізді ұядай етіп сәндеп, отбасы жылылығына аса мән берген жөн. Бұл жануар ұяластарына қамқорлық танытып, тату болғандықтан, кейбір отбасыларындағы шиеленісті жағдай да биыл шешімін тауып қалмақ.

Жұт емес, құт әкеледі

Алдағы қоян жылының қандай болары жайында біздің елдің көріпкелдері жақсы пікірлер айтады. Кейбір баспасөз беттеріндегі болжамдарға назар аударсақ, мәселен, оңтүстіктік болжамшылар келер жылдың өте қолайлы болатындығын айтады. Халық үшін  жағымды болып, қысымыз да қатал болмайды екен. Көктем жаңбырлы, егіншілік пен мал шаруашылығы үшін де жайлы болатын секілді. Егін  жақсы өнім беріп, қымбатшылық та қыспаққа алмайды. Мал қыстан коңды шықпақ. Жалпы, 2011 жыл табысты болып, 2012 жылы халықтың әл-ауқаты арта түспек. Көріпкелдің сөзіне сенер болсақ, бұл жолғы қоян жылы бұған дейінгілерден өзгешеленіп, небір жұттардан айналып өтпек. Лайым солай болғай!
«Ұлы қояндар»

Атақты адамдардың біразы қоян жылы дүниеге келген.  Олардың арасында ел басшылары да көп. Мәселен, Абылай хан 1711 жылы дүниеге келген.

Ханзада Альберт,  король Бхумибол, Льюис Кэрролл, Фидель Кастро, Джон Клис, Конфуций, Мария Кюри, Моше Даян, Альберт Эйнштейн, Питер Фальк, Джеймс Фоке, Уитни Хьюстон,  Джон Ките, Джулиан Леннон, Артур Миллер, Иосиф Сталин, Лев Троцкий, Виктория ханшайым.

Ақ қоян жылы не сыйлауға болады?

Жылдағы үрдіс бойынша жаңа жыл жақындаған сайын туған-туыс, дос-жарандарымызға «не сыйлаймын» деп күні бұрын ойлана бастайсың. Кей мекемелерде әріптестер арасында да бұл дәстүр белең алып келеді.  Қоянның өсімталдығын, жылдамдылық пен тез  әрекетке көшу және тек қана өсімдіктермен қоректенетін қасиеттерін ескере отырып, жаңажылдық сыйлықтарды да соған сай таңдаған жөн. Ал жақын адамдарыңызға жылылық әрі тартымдылық үшін қоянның құлағы мен мұрты бейнеленген жұмсақ бөлме кебістерін сыйлауға болады. Декоративтік қоянның түрлері де жақсы сыйлық бола алады. Қоянның шөп жейтін аң екенін  ескере келе, әзіл-қалжың ретінде бір бау шөп немесе жаңажылдық жылтырауықтармен безендірілген сәбіз жиынтығын таңдаңыз. Әдемі безендірілген қырыққабат, сонымен қатар ақ желкек, аскөк дестелерін де сыйлық түріне жатқызуға болады. Тамаша сыйлық ретінде жыл кейіпкерлері бейнеленген жұмсақ ойыншықтарға да тоқталыңыз. Егер балаларға ұсынғыңыз келсе, онда қоян мен мысық бейнесіндегі бас киімдер, балаларға арналған асханалық құралдар да сіз дайындаған сыйлықтардың қатарынан табылсын.

Мінездеме

Қоян жылы туғандар дарынды, айналасындағыларға сыйлы әрі көпшіліктің сеніміне ие бола алады. Олардан көбі ақыл-кеңес сұрайды. Бұл адамдардың достары көп, жанжалды жек  көреді. Қонақжай, туған-туыстары мен таныстарына әрқашан есігі ашық. Өзгелердің  сырларын тыңдап, ақыл айтқанымен, өздері сыртқа ашыла қоймайды. Қандай ерлік жасамасын, жарияға жар салғанды ұнатпайды, дегенмен, іскерлік қатынасқа орашолақтау.

Қой және доңыз жылы туғандармен некеде бақытты болады.

Өзгелерге

Жалпы жыл жағымды болады. Дегенмен, жыл қайыру кестесіндегі  өзге де «бауырларына» қандай болмақ? Соған қысқаша тоқталып кетейік.

Мәселен, жыл иелерінің өмірінде айтарлықтай өзгерістер болмайды. Отбасында тыныш тірлік кешеді. Арасында демалып, денсаулықты нығайтқан дұрыс.

Ал  ұлу жылы туғандар жыл бойына қауырт шаруамен жан-жаққа шапқылайды. «Ұлулар» негізінен еңбекқор, бірақ қанша жетістікке жетсе де көңілдері тола қоймайды. Алдағы жыл олардың қеңінен құлаш жайып, биіктерден көрінуіне  жақсы мүмкіндік береді. Бастысы, жолындағы барлық қиындықтарды жеңіп, бақыттан басы айналады.

Жылан жылғылар ақылды болғанымен, қызғаныш сезіміне жиі бой алдырады. Бұлар да жұртшылықтың назарын өздеріне аударып, табысқа кенеледі. Жыландар даналығының арқасында болашағын болжай алады.

Жылқы ерінбей еңбек етіп, адалдықпен нан тапқанды қалайды. Биыл олардың жеке өмірлерінде өзгерістер болып, шынайы сезімді бастан кешіреді. Жылқы мен қоянның тату екенін ескерсек, қызметте де биікке көтерілу өздеріне байланысты.

Ал қой жылы туғандарды жұмыста мансабының өсуі мен бизнес саласында жетістіктер күтіп тұр. Жауабын таба алмай  жүрген шаруаларды жақсылап ойласа, шешіліп, сәттіліктің даңғыл жолы ашылады. Олардың қадірі артып, қонаққа шақырушылар көбейеді. Бірақ қыдыра жүріп, денсаулығына да  мән беріп қою керек.

Мешін жылғылар  кез келген істі бастап, көп нәрсенің басын бір шалуы мүмкін. Бірақ қандай іс болмасын, сәттілік күтіп тұр. Жалпы жыл аяғына дейін  сәтті болады. Қай жерде болмасын өз мақсатына жете алады.

Қандай іске болмасын күдікпен қарайтын тауықтар үшін жыл бірқалыпты өтеді. Өткен жылдан опық жеген олар, жаңа жылға да аса байыптылықпен қарап, үлкен істерді бастауға батылдана қоймайды. Өздері күдіктенгенмен,  жаңа жыл оларға жамандық әкелмейді.

Ит — адал әрі әділ. Олар қоян жылы тынығады. Көптеген жаңа достар табады. Осы ретте бойдақтарына орайлы сәтті пайдаланып, өмірлік серіктерін кездестірулеріне мүмкіндік бар. Бірақ бизнесте оңай олжаға  тап боламын деп ойламай-ақ қойыңыз. Кедергілерге тап боласыз. Дегенмен, соңында жеңіске жетесіз.

Доңыз мазасыз болғанымен адал. Барыс жылында басын қатырған мәселелер  шешімін табады. Ісі оңға басады.

Тышқан жылғылар да мансабы көтеріліп, сенімді дос табады. Өз істеріне риза болып, ойламаған шаруаларды да тындырып тастайды.

Сабырлы сиыр жылғыларды да жақсылықтар күтіп тұр. Сүйікті ісімен айналысуға ешкім кедергі жасамайды. Дегенмен, кейбір жоспарлары жүзеге аспай қалуы мүмкін.  Сиырлар ең алдымен өзінің қамын ойлағанды ұнатады. Асықпай жүріп арбамен қоянға жеткісі келеді. Ол үшін біраз еңбектену керек.

Барыс жылғы туғандар биыл демалады.  Оларға кедергі келтіргендердің өздері-ақ жолдан ығыса бастайды. 2011 жыл қызметте көтерілуге өте қолайлы. Денсаулығы да қалыпты болады. Отбасында татулық пен береке орнайды.

Әзірлеген Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button