Экономика

Биыл 1600 бос жұмыс орны ұсынылды

Былтыр пандемияға байланысты төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске қосылды. Осы мақсатта Ақтөбе қаласында 111 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгінген 3635 адам жұмысқа тұрған.

Бүгінде орталық мамандары келушілерге 1600 бос жұмыс орнын ұсынады. Мамандығына сай қызмет табылмаса, «Еңбек» бағдарламасы аясында қайта даярлау курстары қарастырылған. Сондай-ақ кәсіп бастаймын деушілерге де шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар беріледі.

Біз аталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Алтынай Махановамен тілдескен едік…

Бағдарлама: жұмыс пен жоспар

Орталық директоры Алтынай Маханованың айтуынша, өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша 17 мыңға жуық жұмыссыз тұрақты жұмыс орындарына орналасып, «Еңбек» бағдарламасы аясында белсенді шараларға жіберілген.

— Жұмыссыздық — қай елде де өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, халықты жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда.

Биыл 16 мыңнан астам ақтөбелікті жұмыспен қамту жоспарланса, 1 мамырға дейін 4 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.

«Еңбек» бағдарламасы аясында еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқу, 9 және 11-сынып түлектеріне арналған техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау курстары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобалары, шағын несиелер мен 200 айлық есептік көрсеткішке (583 400 теңге) дейінгі қайтарымсыз гранттар, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындары, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы, жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған қоғамдық жұмыстар, тұрақты бос жұмыс орындары қарастырылған. Істеймін деген адамға жұмыс табылады, — дейді Алтынай Маханова.

Биыл жұмысқа  тұрғандардың басым көпшілігі — жастар. Атап өтсек, мемлекет ұсынған тиімді бағдарламалар арқылы 1559 жас, 114 мүмкіндігі шектеулі жан, 79 көпбалалы отбасы мүшесі, 48 жұмыс орнынан қысқартылған, 45 пробация қызметі есебінде тұрған және басқа да бірнеше санаттағы адамдар жұмыспен қамтылған.

Қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?

Үстіміздегі жылдың төрт айы ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Ақтөбе қаласындағы филиалы арқылы 8 адам өз істерін ашуға және кеңейтуге 46,7 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, 37 адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Олар алған қаражаттары арқылы тігін шеберханасы, наубайхана, сән салоны, фотостудия орталықтарын ашты. Енді біреулері  кондитерлік өнімдерді шығарумен, мал, құс шаруашылықтарымен, сондай-ақ жартылай дайын өнімдерді дайындаумен айналысуды бастады.

Қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе «Еңбек» бағдарламасы аясында қайта даярлау курсын аяқтаған жұмыссыз адамдар (сертификат 3 жылға жарамды), тіркелгеніне бір жылға жетпеген кәсіпкерлер қатыса алады. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы аз отбасылар мен қоныс аударушыларға сертификат талап етілмейді.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның қорытындысы арқылы беріледі.

— Мемлекеттік гранттар жаңа бизнес-жобасын іске асыру үшін қажетті технологиялық құрал-жабдықтарды, шаруашылықпен айналысу үшін мал, құс сатып алуға, сауда объектілерін жалға алу ақысы ретінде пайдалануға бір рет беріледі. Тұтынушылық мақсаттарға, мәселен, несие қарыздарын өтеуге, жер учаскелерін, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға берілмейді. Берілген қаражаттың мақсатты жұмсалуына арнайы мониторинг жүргізіліп отырады. Былтыр грант иегерлеріне мониторинг жүргізіліп, мақсатсыз жұмсалған қаражатты мемлекет бюджетіне кері қайтару бойынша жұмыстар атқарылды, — дейді Алтынай Маханова.

«Электронды еңбек биржасы»: жаңа мүмкіндіктер

Жұмыс іздеуші тұрғындар Жұмыспен қамту орталығына жолықпай-ақ, үйде отырып бос жұмыс орындарын онлайн түрде іздестіре алады. «Электронды еңбек биржасы» (www.enbek.kz) порталы арқылы тұрақты бос жұмыс орындарына және «Еңбек» бағдарламасы аясында белсенді шараларға бағытталу мүмкіндіктері бар. Кез келген адам аталған портал арқылы өзіне лайықты жұмыс орнын таңдай алады. Жұмыс іздеушілер түйіндемелерін енгізіп, жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесуден өтіп, жұмысқа орналаса алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасымен egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тіркелуге болады. Тіркелгеннен кейін толтырылған мәліметтері электронды еңбек биржасында жарияланады.

— Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында биыл бір рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 37 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жәрмеңке ұйымдастыру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Алдағы уақытта жалғасын табады деген сенімдеміз.

Шаһардағы жоғары және арнаулы-орта оқу орындарының түлектерімен онлайн режимде де бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және бірыңғай жиынтық төлем төлеу жүйесі, «Еңбек» бағдарламалары аясында жұмыссыз азаматтарды бағыттау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізілді, — дейді Алтынай  Маханова.

P.S. Бүгінде жұмыс іздеушілерге Жұмыспен қамту орталығының мамандары Алматы және Астана ауданы әкімдігі ғимараттарында қабылдау жүргізіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер, «Еңбек» бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа және белсенді шараларға бағыттау жұмыстары бойынша ақпарат беруде.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button