Жаңалықтар

Мектептегі медиация негізі

«ҚР Медиация туралы» Заңы қабылданғалы 10 жылдай уақыт болды. Ақтөбе өңірінде елімізде алғашқылардың қатарында бітістіру механизмдері мен тетіктері жоғары адамгершілік ұстаныммен және әлеуметтік жауапкершілікпен қолданылып, жүзеге асырыла бастады.  

Осы уақыттар ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» бітімгерлердің басын біріктірді. Үкіметтік емес ұйымды заң ғылымдарының кандидаты, тренер-медиатор, нотариус Светлана Балпейісова басқарады.

Жақында бір топ бітімгерлер №23 мектеп-лицейдің мұғалімдерімен кездесті. Бұл оқу орны бекерге таңдалып алынған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын мұнда мектеп медиациясы кабинеті салтанатты түрде ашылған болатын.  

— Біздер, ұстаздар, дау-дамайлы жағдайларға жол бермес үшін бітімгерлік дағдыларын игеруіміз керек, — дейді Әлімхан Ермеков атындағы №23 мектеп-лицейдің директоры Гүлнара Нарымбетова. — Өсіп келе жатқан жас буын өзіне жасалған қамқорлық пен жақсы ниетті сезініп өсуі тиіс. Мәселен, екінші жарты жылдықтан бастап біз түлектермен тең дәрежеде сөйлесе бастаймыз, олар да біздің сенімімізді бағалайды деп ойлаймын.

Бүгінгі күні аралас тілді мектепте 2 445 бала оқиды, оларға 147 мұғалім сабақ береді. Олардың арасынан 40 ұстаз өздеріне қажетті деп санаған бітімгершілік саласында танымдарын кеңейтуге шешім қабылдап, кәсіби мамандармен кеңесіп, пікірлесуді жөн көріпті.

— Сіздердің әрқайсысыңыз отыз шақты оқушының ғана тағдырына жауап беріп қоймайсыз, олардың ата-аналарымен, жақын-жуықтарымен де байланыста боласыздар. Сонда сіздердің қызметтеріңізге, ақыл-кеңестеріңізге жүгінетін адамдар саны көбейе түседі. Бұл — үлкен жауапкершілік, оны жоғары деңгейде атқару үшін медиация негіздерін білу қажет, — дейді Светлана Балпейісова. – Мемлекеттік қолдау нәтижесінде біз әрбір ынталы адамға бейбітшілік пен үйлесімді, оң қатынастарды, сенімділікті сақтау дағдыларын үйрете аламыз.

Кездесу қорытындысында облыстық ішкі саясат басқармасының саяси партиялармен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің бас маманы Жұмагүл Қантөреева сөз алып, бүгінгі әңгіменің, айтылған ұсыныстардың пайдалы болғандығын атап көрсетті. Оның айтуынша, «Қоғамдық қатынастар саласында медиацияны дамыту» тақырыбында еңбек ұжымдарында кездесулер өткізу жоспарланған. Жалпы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 102 жоба жүзеге асырылмақ, оның 12-сі аталған бөлім қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізіледі.

 Ләззат ЕГІБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button