Жол апаты екі адамның өмірін қиды

Жас жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде ерлі-зайыпты екі адамды қағып кетті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
ПД баспасөз қызметі берген дерекке сүйенсек, 25 сәуір күні сағат 21.10-да Арынов көшесінде «СИ-5»-ке қарама-қарсы жол-көлік оқиғасы орын алған.
«Hyundai Solaris» маркалы автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі Арынов көшесі бойымен жол ережесін бұзып өтіп, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерге жол бермей, екі адамды қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 27 жастағы жұбайы алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды, ал 29 жастағы жолдасы Ақтөбе қаласының жедел жәрдем ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді, келесі күні ол да ауыр жарақаттан көз жұмды.
Көлік жүргізушісі көлік басқару куәлігін 2020 жылдың соңында алғаны анықталды. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, мұндай жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жүргізуші мен жаяу жүргінші жол қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауы қажет. Жүргізуші әрдайым жаяу жүргінші жолдың жүріс бөлігіне кенеттен шыққан жағдайда әрекет ете алатындай жылдамдықпен қозғалуы керек, өйткені жол бойында балалар да болуы ықтимал.
Егер жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінің алдында баяулаған көлікті байқаса, басқа қатардағы көліктер де жылдамдықты баяулатқаны дұрыс.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында жаяу жүргіншілер өткелінде 12 жол-көлік оқиғасы орын алды, оның салдарынан 2 жаяу жүргінші қаза тауып, 13 адам дене жарақатын алды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



