Жақсылықтың жыр кеші
С.Бәйішев атындағы облыстық-әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжановтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Ақын әлемінің әсем үні» атты кездесу кеші өтті.
Шығармашылық бас қосуды Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп, қаламгердің поэзия әлеміндегі орнына айрықша тоқталды.
Әдеби кешке ақынның қаламдас іні-қарындастары Бижан Қалмағанбетов, Гүлсамал Аймаханова, Индира Кереева қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Кеңестер Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың қызы Лаура Жазықова, кітапхана директоры Бақтылы Қошабаева сөз сөйлеп, ақын ағаларына ақ тілегін арнады.
Шара барысында ақынның жарық көрген кітаптарына библиографиялық шолу жасалып, «Жусанға айналған ақын» атты бейнебаян көрсетілді. Оқырмандар жаңадан жазылған жырлармен сусындады.
Кеш соңында сөз алған мерейтой иесі көпшілік лебізіне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да қалам қарымын халықтың рухани қажетін өтей беруге жұмсайтындығын білдірді.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.