Жаңалықтар

Еңбек дауларына қатысты сауалдарға жауап берілді

Жексенбі күні өткен «Ақпараттық сағат» бағдарламасында облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров тұрғындардың сауалдарына тікелей эфирде жауап берді. Сондай-ақ бағдарлама барысында «Aqtobe_press» инстаграм әлеуметтік желісі арқылы келіп түскен сұрақтар да қойылды.

Саламат Аманбаевтың айтуынша, еңбек инспекторлары төтенше жағдай кезінде 112 тексеріс жұмысын өткізіп, оның ішінде 136 жұмыс берушіге 58 нұсқама берілген. Заң бұзған мекемелерге 12 әкімшілік іс қозғалып, 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Қазіргі таңда 42 500 теңге бойынша 670 461 өтінім келіп түскен. Оның 446 мыңы қарастырылу үстінде.

Тікелей эфирге сауал жолдаған тұрғындардың бірі: «Жұмыс жасайтын орным мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа шығарды. Кімге? Қайда барып шағымдана аламын?», — деді.

Бұл сұраққа Саламат Аманбаев:

  • Егер мұндай фактілер болған жағдайда, облыстық еңбек инспекциясына келуге болады. Біздің мекенжайымыз Тілеу батыр, 9/1 ғимаратында орналасқан. Еңбек инспекторлары бұл мәселені тексеріп, шешімін табатын болады.

Жалпы қазіргі төтенше жағдайға байланысты көптеген мекемелердің жұмысы тоқтады. Кейбір мекеме қызметкерлері қашықтан жұмыс жасауға көшті. Бұл ретте жұмыс берушілер қызметкерлердің тиісті жалақыларын төлеуі тиіс, — деді.

Жұмыс берушілер төтенше жағдайға байланысты жұмысынан қысқартылған азаматтар туралы Еңбек кодексі ережесі бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына мәлімет беруі керек. Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкерге тиесілі жәрдемақы төлеуге міндетті.

  • Облыстық еңбек инспекциясы ғимаратында еңбек дауларын шешуге қатысты арнайы кабинет ашылды. Бекітілген кестеге сәйкес, медиаторлар тұрғындар сауалдарына жауап беріп, еңбек даулары мәселелерін шешуге көмек көрсетіп жатыр, — деді Саламат Аманбаев өз сөзінде.

Айта кетейік, тұрғындар 42 500 теңгеге қатысты кез келген сауалына 70-44-00 және  70-44-05 байланыс нөмірі бойынша жауап ала алады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button