Ақтөбелік тігіншілер бетперде тігуге кірісті
Қалыптасқан жағдайға байланысты қазір қала дәріханаларында бетперде тапшылығы сезіледі. Осыған орай кәсіпкерлер палатасы жанындағы дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығына біріктірілген Ақтөбедегі тігін кәсіпорындары мен цехтарда дәке мен мақтадан көп қабатты бетперде тігіліп жатыр.
— Ақтөбе облысы әкімдігі біздің қауымдастыққа көп қабатты бетперде тігуге тапсырыс берді. Осы мақсатта бізге әрқайсысы бес мың метрлік 5 дәке орамы бөлінді. Қазіргі күні қаладағы біздің қауымдастыққа мүше барлық ателье мен тігін цехтарына тапсырыс жолданды, ондағылар осы іспен айналысып жатыр. Бір орамнан шамамен 2700 бетперде тігуге болады, — дейді қауымдастық төрағасы Ағила Жанғазиева.
Оның айтуынша, бетперде тігу кезінде барлық технология сақталады. Бұйымды жуып, жылумен өңделеді, яғни оны бірнеше рет пайдалануға болады. Бұл өз кезегінде отбасылық бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
— Дәке орамынан бетпердені алты қабатты етіп тігеміз. Сонымен қатар біз зығыр матадан да бетперде тігіп жатырмыз. Бұл — тығыз материал. Сондықтан мұндай бетперделер екі қабатты етіп тігілуде. Қазір бұл бұйымға ұйымдардан да, қарапайым адамдардан да тапсырыс өте көп. Жалпы бір ауысымда бір тігінші 100-ге жуық бетперде тіге алады, — дейді Ағила Жанғазиева.
Ақтөбелік тігіншілер тігіп жатқан бетперденің бір данасының бағасы — 350 теңге. Егер клиент өз жанынан осындай материал әкеліп, тапсырыс берсе, онда қазіргі күні нағыз сұранысқа ие бұл тауардың құны 200 теңге тұрады. Ағила Жанғазиеваның айтуынша, бүгінде қаладағы 35 тігін ательесі кәсіпкерлер палатасы жанындағы дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығына мүшелікке өткен.
Ауыл да қарап жатқан жоқ
Бүгінгі күні әлемді жайлаған коронавирус инфекциясына байланысты халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың бірқатар аудандарында тігіншілер бетперде тігу ісін қолға алыпты.
Қазіргі күні Хромтау ауданы орталығы мен ауданға қарасты барлық ауылдық округтердегі ательелерде тігіншілер осы іске жұмылдырылған. Өйткені мұндағы дәріханаларда да бетперде тапшылығы сезіледі. Сондықтан Хромтау қаласындағы бизнес-инкубатор ғимаратында орналасқан «Нұр», «Асылай», «Дәулетияр» сауда үйіндегі «Зиг-Заг» тігін шеберханалары мен «Мухтарова» ательесіндегі тігіншілер бетперде тігумен айналысып жатыр.
Халықтың сұранысына байланысты хромтаулық тігіншілер әзірге күніне 100 бетпердеден тігіп жатыр. Дайын өнімдер дәріханаларға, сауда орындары мен автовокзал аумақтарында сатылымға шығарылады. Тігіншілердің айтуынша, бір реттік бетпердеден сапасы әлдеқайда жоғары өнімді үй жағдайында да тігуге болады екен.
Сондай-ақ қазір бетперде тігу ісімен мұғалжарлық тігіншілер де айналысып жатыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Альмира Бисекенованың айтуынша, Мұғалжар ауданы орталығындағы «Роза» тігін шеберханасы қазір осы істі қолға алыпты.
Арайлым НҰРБАЕВА.