Жаңалықтар

Мейірім мерекесі

Атаулы күн

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында Қамқоршылар күні аталып өтті. Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов, сондай-ақ қамқоршылар мен патронаттық тәрбиешілер қатысты.

— Қамқоршылар күні — бұл үлкен және мейірімді жүрегі бар адамдардың мерекесі. Сіздер біздің қоғамдағы қайырымдылықтың және рухани жомарттықтың үлгісісіздер. Алақандарыңызда әлпештеп, жүрек жылуымен балаға сенім мен адалдықтың нұрын ұялата білгендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Тәрбиелеп отырған балаларыңыз болашақта үлкен азамат болып өсіп, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосарына сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт және бақ-береке тілеймін,— деген қала әкімінің орынбасары үздік 20 қамқоршыға Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Марапатқа ие болып, өз балаларымен қатар, бауырының балаларын қамқорлар отырғандардың бірі — Ақзия Сәдуақасова. 2006 жылдан бері інісінің 5 баласын өз қамқорлығына алған. Бүгінгі таңда балалардың үлкендері оқуларын аяқтап, өз алдына отбасын құрып кетсе, ең кішісі 9-сыныпта оқиды. Шара барысында Ақзия Сәдуақасова Қамқоршылар күнінде еңбегін елеп алғыс білдірген басшылыққа өз ризалығын білдірді.

Мерекелік шара барысында келген қонақтарға «Қарақат» мектеп-студиясы мен №56 мектептің оқушылары концерт ұйымдастырып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, жыл сайын елімізде ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 29 қазан – Қамқоршылар күні мерекесі атап өтіледі. Аталған мерекенің мақсаты – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп жатқан қамқоршыларды, өзгенің қайғысына, өзгенің баласына бейжай қарамайтын азаматтарды қолдау, отбасыларына бала алуға тілек білдіретін азаматтардың санын арттыру.

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласының Астана ауданы бойынша 222 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар.    

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button