Елбасы мәртебесі бекітілді!
Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еліміздің Конституциялық заңы мен Заңы еліміздегі Президенттен кейінгі үш жоғары лауазым иелерінің қол қоюларымен күшіне енгізілді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасының мәртебесін нақтылап, қызметін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» екі заңның жобасы Мәжіліске мамыр айының бесінде ұсынылған еді. Заң жобасын Мәжіліс қарауына ұсынған — депутаттар Розақұл Халмұрадов, Светлана Ферхо және Әмзебек Жолшыбеков. Осы бастамашы топтың айтуынша, жоба былтыр күзде қолға алыныпты. Депутаттар: «оған түрткі болған сайлаушылар тарапынан жиі түскен ұсыныстар» — деген болатын. Бастамашылар құжаттарды әзірлеуде халықаралық тәжірибеге сүйенгендіктерін айтқан еді. Заң жобасы ұсынылған күні БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо: «Аумалы-төкпелі заманда тәуелсіз мемлекет құру, бар қиыншылықтарға қарамай оны өрге сүйреу нағыз ердің ісі. Елбасымыз соның бәрін жеңе білді. Қазақстанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет көшбасшысы, ұлт көшбасшысы деген ұғым қалыптасқан» — деп атап көрсетсе, ал депутат Розақұл Халмұрадов: «Әлем жұртшылығы қашан да ұлтты, халықты озық тұлғалары арқылы танып келген. Ал қазақ елін, қазақ жерін, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміз — Нұрсұлтан Назарбаев. Қоғам тарихи тұлғаның рөлін ешқашан жоққа шығармайды. Біз Мемлекет басшысын қастерлеп, құрметтеуді әлемдегі өркениетті елдерден үйренсек ше? Демократияшыл Еуропаның өзінде корольдар ел басшысы ретінде ерекше құрметке ие екендігін бәріңіз де білесіз. Тегі бір туысқан түрік халқының өзінде алғаш жаңа Түрік мемлекетінің негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік есімін мәңгілік ұлттық мақтанышқа айналдырған. Олай болса, біздің Президентіміздің өнегелі ісін, кісілік келбетін бүгінгі жастарға үлгі етуге бағытталған тәрбиелік жұмыстардың тетіктерін іске қосуға неге болмасқа? Осы орайда, алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлым деген жұрт болмаса, жұртым деген ұл қайдан туады», деген даналық сөзі ойға оралады. Ұлттың көсемін құрметтегеніміз — халықты құрметтегеніміз. Ежелгі дәстүрге сүйенсек, қазақ ел басқарған ханын, дуалы ауыз билерін, қол бастаған батырларын ғасырдан-ғасырға дәріптеген халық. Осыны ұмытпауға тиіспіз» — деп өз пікірін жеткізген еді. Бұл екі заңның жобасы мамырдың 12-сінде Мәжілістің мақұлдауынан, ал келесі күні Сенаттың қабылдауынан өтті. Заңның қабылдануына орай Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан түсініктемеде, мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуіне айрықша үлес қосқан саяси көшбасшының ерекше мәртебесін айқындауда Қазақстанның алғашқы ел болып отырмағаны атап көрсетілді. Айталық, Сингапур елінің негізін қалаған Премьер-министр Ли Куан Ю үшін Үкімет жанынан арнайы тәлімгер-министр лауазымы енгізілген. Сондай-ақ бұрынғы президенттеріне жасалып отырған айрықша заңдық актілер Ресей мен АҚШ секілді елдерде де бар екен. ҚР Парламенті қабылдағаннан кейін, аталмыш заңдар Президенттің қол қоюына жолданған еді. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қойған жоқ және осыған байланысты Қазақстан азаматтарына, ел Парламентіне, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына үндеу жолдаған болатын. Елбасы өз үндеуінде: «Баршаңыз білесіздер, менің алдыма Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еліміздің Парламенті қабылдаған заңдар келіп түсті.
Ең әуелі, маған заңды тұрғыдан Ел Басы деген ресми мәртебе белгілегені үшін депутаттарға зор алғыс айтамын. Осы мәртебені қабылдау туралы тілек айтып, он мыңдаған хат жолдаған бүкіл отандастарыма – көп ұлтты Қазақстанның барша азаматтарына шын жүректен ризашылық білдіремін.
Еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында Парламент аталған шешімді бірауыздан қабылдады.
Бұл ыстық ықыласты маған деген қалтқысыз сенімнің көрінісі деп бағалаймын. Мұны тарих үшін тым қысқа уақыт аралығында, тәуелсіздік жылдарында мүмкін еместі жүзеге асырған, мызғымас шекарасы халықаралық деңгейде мойындалған, байтақ Астанасы көкпен таласып бой көтерген, күйреген әкімшілік жүйені өзгертіп, өтпелі кезеңде күйзелістен аман шыққан, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, нарықтық экономиканың өзіндік қазақстандық үлгісін қалыптастырған еліміздің ерен еңбегінің еленуі деп білемін.
Біз саяси тұрақтылықты сақтап, азаматтық әлем мен толеранттылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді басты ғұмырлық құндылық ретінде ұлықтап, нығайтып келеміз.
Біздің еліміз ұстанған айқын бағытымен, экономикалық реформалардың қарқыны және тиімділігімен, өзара әріптестікке және ауқымды интеграцияға негізделген серіктестікке ұмтылысымен, ізгілікке құштарлығымен әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алды.
Біздің ядролық қарудан бас тарту және жаһандық жаппай қарусыздану туралы бастамаларымызды барлық елдер, Бірікккен Ұлттар Ұйымы қызу қолдап, оны ғаламшардың қауіпсіздігі жолындағы күрестің көшбасшылары қатарындағы Қазақстанның әлемдік серпілісі ретінде таныды.
Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздердің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр-қайраттарыңызды әрдайым айқын сезіндім. Бұл — орасан бақыт. Бұдан өзге маған ештеңе қажет емес. Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе, мен халқым жүктеген қастерлі міндетті орындау мақсатында әлі де қажымай қызмет ете беремін.» — деп атап көрсетті. Сонымен қатар, Елбасы: «Баршаңыз білесіздер, маған қарата айтылған барлық мадаққа, менің жеке тұлғамды айрықша ұлықтайтын ұсыныстарға мен үзілді-кесілді тыйым салып келемін. Мен іс басындағы Президент ретінде осы мәселе төңірегіндегі теңгеге бейне таңбалау, түрлі атақтар сияқты бекершілікке әрдайым қарсы болдым. Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін» — деп атап көрсеткен болатын.
Сөйтіп, мамырдың 14-інде ел Конституциясымен белгіленген Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің — Ұлт Көшбасшысының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі Заң және Конституциялық заңға бір айлық мерзім өтті. Мемлекет басшысы бұл мерзімде көрсетілген Конституциялық заң мен Заңға қол қойған жоқ. Бір ай мерзім өткенде, «Парламент қабылдаған бұл заңдардың — еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатындағы құжаттар екендігі ескерілсе» деген халық тілегіне орай, бұл заңдар еліміздегі Президенттен кейінгі үш жоғары лауазым иелерінің қол қоюымен ресми тұрғыда бекіп отыр. Осы заңдар Парламент Сенаты мен Мәжілісі төрағаларының, Премьер-Министрдің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Конституциялық заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды.
Осы оқиғаға орай бізге өз пікірлерін жеткізіп, хабарласып жатқан жандар да бар. Сол пікірлерді оқырмандарымызбен бөліссек…
Халықтың шексіз қызметіне лайық тұлға!
Ғалымжан Байдербес, Әлия-Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
«… 1984 жылдың 15 тамызында сол кездегі республика үкіметінің басшысы (ол тұста Кеңес Одағы республикалары арасында ең жас үкімет басшысы болатын) Нұрсұлтан Назарбаев Дінмұхаммед Қонаевпен бірге Әлия туған топыраққа — алыстағы Әлия Молдағұлова атындағы ауылға келген еді. Осында батыр қыздың мұражайында болып, қолжазба қалдырды. Ол жылдары мен батыр атындағы кеңшарда партия комитетінің хатшысы едім. Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен парасат иесі, жағдайды айтпай-ақ, көріп-біліп отырғандай сезінетін, кемеңгер, аса жігерлі басшы екендігін сол кезде аңғарған едік. Расында да, Елбасымыз аз уақыт ішінде тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырып қана қоймай, елін де, өзін де бүкіл әлемге таныта алды. Еліміз биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Әлем Қазақстанды сандаған ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатқан ынтымақты ел ретінде таниды. Қазақ халқы өткенін, тарихын ешкімнен қаймықпай түгендеп, бүгініне қуанып, маңдай тер, еткен еңбегінің жемісін татып, болашаққа деген үмітпен, берекелі тірлік етіп жатыр. Осының бәрін жүзеге асыру айтуға ғана оңай болар?!
Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың 1984 жылғы сапарында Әлия Молдағұлованың мұражайына қалдырған қолжазбасы, бірге түскен суреттер аса құнды жәдігер ретінде сақтаулы тұр. Мен бүгінде Мәскеу қаласындағы №891 Әлия Молдағұлова атындағы мектепке іссапармен жиі барып тұрамын. Мәскеуліктер бізді әрдайым ыстық ықыласпен қарсы алады. Екі ел арасындағы достықты жоғары бағалайтындықтарын, әсіресе, біздің Елбасымызға деген ықыластарын әрдайым сездіреді. Бұған көңілім өсіп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев — халқының мақтанышына, шексіз құрметіне лайық тұлға».
Еліміздің ертеңі үшін қажет заңдар! Даази Омаров, облыстық «Дағыстан» ұлттық-мәдени орталығының төрағасы: «Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде Қазақстан қаншама қиын асулардан өтіп, бүгінде экономикасы өсіп-өркендеп, халқы тыныштықта, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Мұның бәрі — Елбасы саясатының жемісі. Біз басқа мемлекеттерде қандай жағдайлар, қақтығыстар болып жатқанын көріп отырмыз. Берекесінен, тыныштығынан айырылған жұрттарға қарап, біз елдің тыныштығын, бірлігін сақтай білетін басшының халық үшін қаншалықты бақыт, құт екенін түсінгендей боламыз. Мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз етуге байланысты заңдардың қолданысқа енгізілуін зор қанағаттанғандық сезіммен қабылдадым. Бұл заңдар еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін, еліміздің ертеңі үшін қажет деп білемін».
Бетті әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
Астана – ару қала!
Зәулім-зәулім үйлері бар жас қала,
Бой көтерген, еңсесі тік бас қала,
Елімнің бар әсем үнді күйлері
Тек бір саған арналады, Астана!
Жаңа қалам, гүлдей жайна, Астанам!
Ел ордасы құлпыра бер, бас қалам,
Мәңгілікке қазақ атын шыңдатып,
Кем қылмаған ешқашан да басқадан.
Шарықта сен көкке өрле, өсе бер,
Болашаққа қадам басып көше бер,
Астанасы биік шыңға шықса егер,
Көңілденіп, соған қарап өсер ел!
6-шілде Астананың туған күні,
Қазақтардың белін бекем буған күні,
Мәңгілікке есте қалар бұл күндер,
Күн нұрындай кемелденіп толған күні.