Балдырғандар және балабақша: үш жылда 96 балабақша ашылды
Жолдау
«Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек.
Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет».
Елбасы Жолдауы жолдарынан.
Биыл біздің облыста 37 мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде соның 23-і ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Жоспар жүзеге асса, жыл аяғына дейін 3-6 жасқа дейінгі балапандарды балабақшамен қамту көрсеткіші 98 пайыз болады.
Жалпы облыста 527 балабақша мен шағын орталық бар. Онда 48 278 бала тәрбиеленіп жатыр. 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту — 69,4 пайыз. Ал 3-6 жастағы балапандардың 96 пайызы балабақшаға барып жүр. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары (еліміз бойынша — 90,5 пайыз).
Биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру үшін бюджеттен 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Күні кеше ғана жарияланған Елбасы Жолдауында білім саласына, оның ішінде мектепке дейінгі мекемелердің жағдайын көтеруге ерекше көңіл бөлінген. Мемлекет басшысы білім сапасын көтерумен қатар балабақша қызметкерлерінің жалақысын арттыруды да тапсырды.
Біз Елбасы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында қолға алынған жұмыстар және баладырғандардың балабақшалармен қамтылуы туралы облыстық білім басқармасының бас маманы Рахима Жамансаринамен әңгімелескен едік.
ШАҒЫН ОРТАЛЫҚТАР НЕЛІКТЕН ЖАБЫЛДЫ?
Соңғы 3 жылда біздің облыста 96 балабақша (!) ашылды. Оның 5-еуі — мемлекеттік, қалған 91-і — жеке балабақша. Соның арқасында балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші артты. Мысалы, бұдан 3 жыл бұрын 3-6 жастағы балапандардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылуы 87 пайыз болған еді. Қазіргі көрсеткіш — 96 пайыз.
- Біздің облыста Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әрдайым мектепке дейінгі мекемелердің жағдайын жақсартуға басымдық береді. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да мектепке дейінгі ұйымдардың білім сапасын арттыру басты міндеттердің бірі ретінде көрсетілген. Аталған құжатқа байланысты соңғы 3 жылда облыстағы 268 шағын орталықтың 92-сі жабылды. Өйткені мектептердің жанынан ашылған шағын орталықтарда балалар түске дейін ғана болады. Ал бұл олардың жеткілікті деңгейде білім алуына қиындық келтіреді. Былтыр 54 шағын орталық жабылса, биыл 30 орталық жұмысын тоқтатты. Ондағы балдырғандар мен қызметкерлер балабақшаларға ауыстырылды. Балабақшамен қамтылмай қалған балапан жоқ. Сондай-ақ, тәрбиешілер де жұмыспен қамтылды. Бұл өзгерістен олардың жағдайы жақсара түспесе, төмендеген емес. Себебі, Елбасы Жолдауында жүктеген міндеттің бірі осы — білім сапасын көтеру, — дейді Рахима Жамансарина.
Шағын орталықтар жабылғанмен, балабақшалардың саны артқан. Соңғы 3 жылда 92 шағын орталық жабылса, осы жылдар ішінде 96 балабақша ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Былтыр 327 балабақша болса, биыл олардың саны 350-ге жетті.
- Елбасы жүктеген міндетке байланысты келесі жылы 3-6 жастағы балалардың барлығын бірдей балабақшамен қамтитын боламыз. Аудандарда қазірдің өзінде бұл жастағы балапандардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі толығымен шешіліп отыр. Бұл мәселе әзірге Ақтөбе қаласында ғана шешілмей жатыр (93 пайыз), — дейді облыстық басқарманың қызметкері.
Жеке балабақшалар және мемлекеттік тапсырыс
Бұдан екі жыл бұрын жеке балабақшалар тек қана облыс орталығында болған еді. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеке балабақшалар аудандарда да еңсе көтеріп жатыр. Қазір Мәртөкте — 8, Мұғалжарда — 5, Алға мен Шалқар аудандарының әрқайсысында — 4 жеке балабақшадан ашылды. Ең көбі — Ақтөбе қаласында, 89 жекеменшік балабақша бар.
Жыл соңына дейін Қарғалы, Темір аудандарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен жаңа балабақша құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Әзірге жеке балабақша Ойыл мен Қобда аудандарында ғана жоқ екен. Мұның себебін Рахима Сағиқызы былай түсіндірді:
- Өйткені бұл аудандарда балабақшаға деген сұраныс жоқ. Балалардың барлығы дерлік балабақшамен қамтылды деп айтуға болады. Мысалы, Қобдада 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі мекемемен қамтылуы 99,7 пайыз болса, ал Ойылдың көрсеткіші — 94,1 пайыз. Бұл аудандарда 3-6 жастағы балапандардың барлығы да бұрыннан бері балабақшалармен толық қамтылған. Дегенмен, аталған аудандарда да жеке балабақшалар ашу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, 1-6 жастағы балдырғандардың балабақшамен қамтылуы жөнінен Мәртөк, Ырғыз аудандарының да көрсеткіші жоғары.
Рахима Жамансаринаның айтуынша, жеке балабақша ашу 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткішін 15 пайызға арттыруға мүмкіндік беріп отыр екен.
- Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында жеке балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты орналастырып жатырмыз. Бұл да балаларды балабақшалармен қамту көрсеткішінің артуына септігін тигізуде. Бүгінгі күні мектеп жасына дейінгі 12 мыңнан астам бала (жеке балабақшаларға баратын барлық балалардың 98,6 пайызы) мемлекеттік тапсырыс есебімен жекеменшік балабақшаларға барып жүр, — дейді бас маман.
Әр балаға мемлекеттік тапсырыстың көлемі — 19 354 теңге. Ата-ана баланың тамақтануына ғана ақша (8800 теңге) төлейді. Айта кету керек, Ақтөбе қаласындағы «Айлин», «Еркемай», «Ер Төстік» секілді үлкен балабақшаларда қосымша білім беру курстары көп. Соған байланысты балалары осындай балабақшаларға баратын ата-аналар 20 000 теңгеден төлейді екен.
- Мемлекеттік тапсырыс кез келген жекеменшік балабақшаға берілмейді. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру процесін жетілдіру мақсатында биылдан бастап мемлекеттiк білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға арналған конкурсқа қатысу үшін мектепке дейінгі ұйымдардан талап етілетін құжаттарының арасында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды міндетті түрде болуы тиіс. Бұл міндет орындалмаса, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына қызмет жасауға рұқсат берілмейді. Олар тіпті конкурсқа қатыса да алмайды. Бұл — бірінші өзгеріс. Екіншісі, білім бөлімдерінің өкілдері жылына бір рет мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру шартында көзделген міндеттемелердің орындалуы бойынша мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне мониторинг жүргізіп, консультативтік көмек көрсетеді. Бұл да балабақшалардағы білім беру сапасын көтеруге бағытталған шаралардың бірі, — дейді Рахима Жамансарина.
Бөбектер мен бөбекжайлар
Еліміз бойынша ортақ мәселе — бөбектер топтары. 1-3 жастағы балалар қамтылуы тиіс бұл топтарды ашу әсіресе облыс орталықтары үшін өзекті мәселе болып отыр. Арнайы ереже бойынша, балапандарды балабақшаға 1 жастан бастап қабылдауға болады.
- Бөбекжай топтар барлық аудандарда бар. Ақтөбе қаласында 7 бөбекжай-балабақша жұмыс жасайды. Бөбекжайларға баратын балапандардың саны — 6984. Жалпы 32 123 бала бөбекжайлардан кезегін күтіп жүр. Мұның 21 596-сы — Ақтөбе қаласында тұратын балалар, — дейді облыстық басқарманың қызметкері.
Жалпы Ақтөбе қаласында 6 жасқа дейінгі 27 453 балдырған балабақша кезегінде тұр.
Цифрландырудың жемісі
Биылдан бастап балабақшаларға өтініш беруді және кезекке тұруды автоматтандыру жүйесі енгізілді.
- Цифрландыруға көшуге байланысты маусым айында Ақтөбе қаласында және аудан орталықтарында «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында кезектілікті қалыптастыру, оның қызметі және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру» пилоттық жобасы қолға алынды. Осы бағытта жалпы 349 мектепке дейінгі ұйымның 233-і (66,8 пайыз) электронды ақпараттық жүйесіне енгізілді. Осы жүйенің арқасында ата-аналар үйде отырып-ақ, балабақшаға баласын орналастыруға байланысты көп шаруаны интернет желісі арқылы тындыра алады, — дейді Рахима Сағиқызы.
Қазір Ақтөбе қаласында, Алға, Қобда, Хромтау, Қарғалы, Мұғалжар, Темір, Байғанин, Шалқар аудандарындағы балабақшаларда автоматтандырылған жүйе толықтай қосылды. Ал Әйтеке би, Мәртөк, Ойыл, Ырғыз, аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар осы жылдың соңына дейін толығымен қосылатын болады.
Балабақшаларда электронды ақпараттық жүйені енгізу жұмыстарын жүзеге асыру үшін «Самғау» және «АПРО» ЖШС-лармен келісімшарттар жасалған.
PS.Біздің облыста Мемлекет басшысының балабақшаларда білім сапасын көтеруге, жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты берілген тапсырмаларын орындау мақсатында кешенді жұмыстар жүйелі түрде орындалып жатыр. Облыстағы 29 мектепке дейінгі ұйымның базасында әртүрлі бағыттағы эксперименталды алаңдар жұмыс жасайды. Сондай-ақ үш тілде білім беру жүйесі балабақшаларға да енгізілді. 189 мектепке дейінгі ұйымда 14 390 бала ағылшын тілінде білім алады. Мысалы, Алғада 21 топқа (398 бала), Әйтеке би ауданында 7 топқа (235 бала), Мұғалжарда 5 топқа (102 бала), Ойылда 4 топқа (115 бала) ағылшын тілі курстары жүргізіледі.
Мектепке дейінгі ұйымдарда 3259 педагог қызмет жасайды. Биыл 49 педагог жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.