ЖаңалықтарЭкономика

Әлеуметтік ғимараттармен танысты

«Aktobe Invest-2017» V халықаралық форумына қатысушылардың бір бөлігі Ақтөбедегі мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі аясында салынып жатқан әлеуметтік ғимараттарды аралап көрді.

Форумға қатысушылар алдымен Батыс-2 шағын ауданында салынған Жекпе-жек сарайын аралады.  Аталған спорт кешені бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске қосылды. Қаржыландырушы — «Нектар» өндірістік кооперативі. Жоба құны — 1,5 миллиард теңге. Мұнда болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған.  Жастар спорттың жекпе-жек түрінен бөлек,  футбол, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлерімен шұғылдануына болады. Сарайға 720 көрермен сыяды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы орындар бар. Кооператив директоры Шамиль Каспранов қонақтарға сарайды көрсетіп, серіктестік аясында жасалып жатқан шаруаларды айтып берді.  Сенбі күні бұл жерде облыстың құрметті азаматы, ұшқыш Юрий Лончаков жүлдесіне арналған WTF таэквондодан кадеттер және жасөспірімдер арасында жарыс өтеді. Жарысқа Ресей, Әзірбайжан елдерінен спортшылар қатыспақ.

Форумға қатысушылар 2500 көрермен сыятын мұз сарайының құрылысымен танысты. Ғимаратты словакиялық компания мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салмақ. Ғимарат алаңы — 6 мың шаршы метр. Аумақта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сарай келер жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Форум қатысушылары словакиялық әріптестеріне құрылысқа қатысты сұрақтар қойды.

Сондай-ақ қатысушылар балалар стоматологиялық емханасының да құрылысын көрді. Бір мезетте 300 адамды қабылдауға арналған емдеу мекемесі келер жылы іске қосылмақ.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында салынып жатқан ірі ғимараттың бірі — шұғыл медициналық көмек бекетінің негізгі корпусы. Үш қабатты корпус екі блоктан тұрады. Ғимараттың жалпы аумағы — 4133,2 шаршы метр. Қазір құрылыс толық аяқталған. Үш қосалқы бекеттің құрылысы жүріп жатыр. Ақтөбе қаласы бойынша жедел жәрдем қоңырауының барлығы  осы орталыққа түседі. Барлығы осы жерде басқарылады. Жалпы ғимараттың  басты ерекшелігі — Е-форматты аналитикалық, ақпараттық және диспетчерлік басқару жүйесімен жарақталуында болады. Қазір 34 машина бар. «Алғашқы көмек» ЖШС-ның директоры Бақытжан Тұрметов ғимаратты аралатып, жаңа жүйемен жұмыс істеудің ерекшелігін түсіндіріп берді.

Форум қонақтары «Дару» оңалту орталығының жанындағы офтальмологиялық аурухананы көрді. Оңалту орталығының директоры Ғалымжан Елеуов аурухананы аралатып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Аурухана 60 кереуетке негізделген. Күніге 500 адамды қабылдай алады. Қазір ғимараттың сыртқы құрылысы толық аяқталған, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, аурухана соңғы үлгідегі емдеу құралдарымен жарақталады.  Аурухана іске қосылғанда мамандар тек қана Ақтөбе аймағы емес, батыс өңір халқына қызмет көрсетеді. Қазіргі күні дәрігерлердің бірқатары Еуропада білімін жетілдіріп жатыр. Сондай-ақ форумға қатысушылар «Ақбөбек» бейімдеу орталығындағы  облыстық мамандандырылған физика-математика мектебіне барды. Білім ордасында  230 бала оқиды. Форум қатысушылары салынып жатқан ғимараттарды көрген соң өз ойларын ортаға салды. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ төрағасының орынбасары Амантай Айтбаев:

— Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде салынып жатқан барлық ғимараттарды қарап шықтық. Әлеуметтік саланы дамытуға арналған жұмыстардың барлығы өте жоғары деңгейде атқарылып жатқанын байқадық. Мені қызықтырған жоба — шұғыл медициналық бекет құрылысы болды. Себебі халық арасында жедел жәрдем қызметінің сапасына қатысты шағым көп. Уақытында келмейтіні, көліктің ескі екені айтылады. Ал сіздердің облыстарыңызда қолға алынған жоба бұл қиындықтарды шешуге мүмкіндік береді. Жалпы Ақтөбедегі осы бағыттағы құрылыс жұмыстарының қарқыны өте жоғары,  — деді.

Ал Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ара Саакян мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясындағы жұмыстардың өзге елдерге үлгі болатынын айтты.

— Елшіліктің негізгі мақсатының бірі — екі ел арасындағы сауда, экономикалық және инвестициялық байланысты дамыту, нығайту. Ақтөбеде өтіп жатқан форум әріптестікті әрі қарай кеңейтуге, өңірмен терең танысуға мүмкіндік береді. Бүгін мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде салынып жатқан әлеуметтік ғимараттарды көрдік. Барлығы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұндай жобалар өзгелерге үлгі болары анық, — деді Ара Сааякян.

Астана қаласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының фронт кеңсесінің вице-президенті Айбек Көбеков облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың өзге өңірлермен салыстырғандағы артықшылығын айтты

— Ақтөбе өңірі республика бойынша  мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі негізіндегі жұмыстарды жүзеге асыруда көш бастап тұр. Бұны Елбасының өзі айтып өтті.  Былтыр облыста сегіз келісімшартқа қол қойылды. Оның үшеуі жеке қаржылық ұсыныстар бойынша іске асырылатын болды. Бүгін біз сол ғимараттарды қарап шықтық. Барлығы келісімшартта көрсетілген мерзім бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбеде салынып жатқан құрылыстың өзге өңірлерден айырмашылығы — барлығы пилотты жоба. Мәселен, шұғыл медициналық көмек, көз ауруларының орталығы, Жекпе-жек сарайы өзге облыстарда жоқ. Сондай-ақ бұл  — кәсіпкер үшін де тиімді әрі ұзақ мерзімдегі бизнес көзі. Мәселен, офтальмологиялық орталық ұзақ мерзімге мемлекетпен келісімшарт жасайды, яғни мемлекет жеке тарапқа ұзақ мерзімге кепіл береді. Бұл кәсіпкердің әрі қарай еңбектенуіне ықпал етеді, — деді Айбек Көбеков.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button