Басты жаңалықтарЭкономика

Хромтау — өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңір

Хромтау — моноқала мәртебесіне ие болған облыстағы бірден-бір өңір. Бүгінде аудан экономикасы Елбасы тапсырмаларын  орындаудың арқасында бірқалыпты дамып келеді. Өндірісті аймақ облыс экономикасының дамуына да өз үлесін қосуда.

Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 5 айда 100 110,4 миллион теңгені құрады, өткен жылғы бес айдың қорытындысымен салыстырғанда 108,6 пайызға орындалған.

Бюджетке түскен салық және басқа да міндетті төлемдердің көлемі де артып отыр.

42 мыңнан астам тұрғыны бар Хромтау өңірінде 35 елді мекен орналасқан. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы. Биыл  520 жұмыс орнын ашу жоспарланса, соның 262-сі маусымның 1-іне дейін ашылды. Жыл басынан бері 193 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Аудан халқының 95,3 пайызы  газбен қамтылған. Хромтау ауданы газдандыру жұмыстары бойынша аудандар арасында көш бастап тұр.  Аудан халқы түрлі салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың да шарапатын көріп отыр.

Экономика

 ӨНДІРІСТІ ӨҢІР

Аймақта тау-кен өндіру өндірісі жолға қойылған. Бүгінгі күні «Дөң тау-кен байыту» комбинаты хром өнімін өндіру және оны байыту сатысында аудан, облыс және республика көлемінде экономиканың қарыштап дамуына өз үлесін қосып отырғаны белгілі.

Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі қолданыстағы баға бойынша алдын ала есеппен  93955,1 миллион теңгеге жоспарланып отыр.  Қаңтар-мамыр айларында «Дөң тау-кен байыту» комбинаты бойынша хром кенін өндіру көлемі 2295,6 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ, тауарлық хром кенін өндіру көлемі  1574,2  мың тоннаға жетті.

Биыл «Восход Ориел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі хром рудасын 289,4 мың тоннаға және хром концентратын 253,0  мың тоннаға өндірді. Бұл серіктестікте кен өндіру бойынша  өткен жылмен салыстырғанда  едәуір өсім бар.

Мемлекеттікжекеменшік әріптестік

«ДӨҢ» ТАУ-КЕН БАЙЫТУ КОМБИНАТЫ БАЛАБАҚША САЛЫП БЕРЕДІ

Өңірде  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта қазір жалпы құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланған үш нысанның құрылысы бой көтеретін болады. Мысалы, Ақжар ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы салынуда. Сондай-ақ, «Восход-ориел» ЖШС Хромтау  қалалық мәдениет және демалыс үйін  ал «Қазхром» ҰК» АҚ филиалының ұйытқы болуымен «Дөң» тау-кен байыту комбинаты аудан орталығында 320 орындық балабақша ғимаратының құрылысын салады. Бұл екі құрылыс та тамыз айында басталады.

Аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады. Алдағы уақытта балабақша, дәрігерлік пункт салу үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Кәсіпкерлік

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС

Биыл ауданда белсенді жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін 98 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі көрсеткіш — 94 пайыз.

Аудан бойынша шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекетік бағдарламасы аясында 9 жоба несиелендірілді. Қаңтар айынан 9 нысан іске қосылды.

Бұл салада 4917 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Айта кету керек, өңірде азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында Хромтау  қаласында сыйымдылығы 150 тоннадан кем емес қойма салу жоспарланып отыр.

Құрылыс

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Хромтау қаласының 22-шағын ауданында екі қабатты 10 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы көлемі — 539 шаршы метр. Бұл мақсатта облыстық бюджет есебінен 71 675,0 мың теңге бөлінді.

Сондай ақ, Ақжар және Аққұдық ауылдарында жалпы көлемі 284,9 шаршы метр екі пәтерлі тұрғың үй салынып жатыр. Қаржы облыстық бюджет есебінен бөлінді.

Қазір Хромтау қаласындағы және Бөгетсай ауылындағы әкімдіктер ғимараттарының да құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы

МАЛ БАСЫ КӨБЕЙІП ЖАТЫР

Соңғы жылдары ауданда мал басының көбейгені байқалады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар тындырып жатыр. Барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жыл басынан бері 4022 тонна ет, 9107 тонна сүт, 2887 мың дана жұмыртқа өндірді. Биыл өңірде 85 тонна етті экспортқа  шығару  жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 0,2 тонна ет  тапсырылды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Несие серіктесі» акционерлік қоғамы арқылы 59 миллион теңгеге шаруашылықтармен шарт жасалды.

Өңірде «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша да нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

МАЙ ӨНДІРУ ЗАУЫТЫ АШЫЛАДЫ

Ауылшаруашылық өнімін қайта өндеу мақсатында екі ірі жоба жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Қараша-желтоқсан айларында «Ақжар-Агро» серіктестігінің шаруашылық базасында аумағы 11,6 гектар болатын күнбағыс майын және жем өңдеуге арналған «Ақжар май өндіру зауытын» іске қосу жоспарланып отыр. Жоба құны — 882,0 миллион теңге. Қуаттылығы тәуілігіне 150 тонна сұйық май.

Зауыт өнімі облыспен бірге еліміздің басқа да өңірлеріне таратылады. Сонымен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай, Ауғанстанға экспортталмақ.

Өндірісте шамамен 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Қызылжар» АШК ет өнімін өндейтін цех ашады. Қазір ғимарат құрылысы аяқталды. Қажетті қондырғылармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба қыркүйекте іске қосылады.

Бүгінде жұмысы тоқтап тұрған «Ақтөбе нан өнімдері комбинатын» қайтадан іске қосу үшін комбинатты толық сатып алу жөнінде Қытайдың компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.

18 КООПЕРАТИВ ТІРКЕЛДІ

Жыл басынан бері өңірде ет және сүт бағытындағы кооперативтер құру  бойынша 18 кооператив облыстық әділет департаментіне тіркелді.

Барлық кооперативтердегі жеке қосалқы шаруашылықтар мүшелері — 462 адам. Олардың иелігінде 2283 ірі қара және 16738 гектар жер телімі бар. Кооперативтерде жаңа рефрижератор, сүт тасымалдау көліктеріне қол жеткізді.

Ауылдық округтердегі 5 сүт қабылдау пункті  тәулігіне 18 тонна сүтті «Агрофирма-Тау» серіктестігіне тапсыруда.

Газдандыру

 КӨШ БАСТАП ТҰР

Тәуелсіздіктің арқасында аудан халқының 95,3 пайызы  көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Хромтау ауданы газдандыру жұмыстары бойынша аудандар арасында көш бастап тұр: Хромтау (95,3 пайыз), Алға (88,4 пайыз), Мұғалжар (84,2 пайыз). Жалпы облыс халқының газбен қамту көрсеткіші — 86,9 пайыз.

«2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Тассай, Көкпекті, Құдықсай ауылдарына газбен қамту желілерінің құрылысын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірлеуге жергілікті бюджеттен 23,3 миллион теңге бөлінді.

Жол

АУЫЛ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ КӨПІР

Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 346 шақырым. Оның 35 пайызы жөндеуді қажет етеді.

Табантал, Тассай, Тасөткел ауылдарының автомобиль жолдарын жөндеу үшін аудандық бюджеттен 54 008,3 мың теңге бөлінді. Бұл қаражата жобалық- сметалық құжаттар әзірленуде.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта «АкТеп» ЖШС өз қаражаты есебінен Құдықсай-Қопа автожолын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр.

Биыл Құдықсай-Қопа автожолында Ойсылқара өзені арқылы өтетін өткел көпірінің құрылысы басталады. Жоба құны — 22 800,0 мың теңге.

Сондай-ақ, Сарсай-Майтөбе автожолындағы көпір  күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол себепті бұл жобаны  қаржыландыру үшін республикалық бюджеттік комиссияға бюджеттік өтінім тапсырылыпты.

Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат бойынша 7 жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу  жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы ағымдағы жылы аудандағы автомобиль жолдарын күтіп ұстауға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жергілікті бюджеттен 2 000,0 мың теңге бөлінген.

КӨШЕ ЖОЛДАРЫ ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

Хромтау қаласында көше жолдарын жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаражат қарастырылған. Қазір қаланың Целинная көшесінде 302 метрлік аумақ, Кенжалин көшесінде 155 метр аумаққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты, Школьная, Толстой, Нұрлыбаев көшелеріндегі көлік жолдарын қайта жөндеу жұмыстары қолға алынған.

«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында былтыр ауданның орталық көшелеріне тротуар орнату және асфальттау жұмыстары жүргізілген.

— Қазір Хромтау қаласының 10 көшесін қайта жаңарту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражат бойынша конкурс қорытындысына сәйкес жалпы сомасы 171 371,0  мың теңге келісім шарт жасалды. Құрылыс монтаждық жұмыстар басталды, — дейді аудан әкімі Аманғали Бердалин.

Ауызсу

АУЫЗСУ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Бүгінгі күні аудан бойынша 35 елді мекеннің 17-сі орталықтандырылған су желісімен қамтылып отыр.

Елді мекендерді үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында биыл Бөгетсай ауылының су құбыры желілерінің құрылысы үшін «АктобеНефтеГазСтрой» серіктестігімен  келісімшарт жасалды. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ашық конкурс қорытындылары бойынша Сарсай ауылының су құбыры желілерін қайта жаңартуға жалпы сомасы 217 498,7 теңгеге  келісімшарт жасалды.

Электр желісі

 ШАМДАР ЖАРҚЫРАЙ ТҮСЕДІ

Ауданның барлық елді мекендері электр желілерімен қамтылған. Дегенмен, электр желілерінің тозуына байланысты Көктау ауылының электр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Аталған құжат  сараптамадан да сәтті өтті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім жолданыпты. Жоба құны — 47 000,0 теңге. Сондай-ақ, алдағы уақытта 6 көшені жарықтандыруын қайта жаңарту үшін жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл мақсатта ашық конкурс жарияланды.

Құрылыс

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Хромтау қаласының 22-шағын ауданында екі қабатты 10 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы көлемі — 539 шаршы метр. Бұл мақсатта облыстық бюджет есебінен 71 675,0 мың теңге бөлінді.

Сондай ақ, Ақжар және Аққұдық ауылдарында жалпы көлемі 284,9 шаршы метр екі пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Қаржы облыстық бюджет есебінен бөлінді.

Қазір Хромтау қаласындағы және Бөгетсай ауылындағы әкімдіктер ғимараттарының да құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Білім

САМАННАН САЛЫНҒАН МЕКТЕПТЕР ЖОЙЫЛАДЫ

Қазір аудан бойынша 26 білім беру мекемесі бар. Оның 22-сі — орта, екеуі негізгі және екі бастауыш мектеп.

Елбасының  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында білім беру жүйесіне баса мән берілген. Яғни,  білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды басты міндет етіп жүктеді. Бүгінгі күні ауданда жаратылыстану-математикалық циклды пәндердің оқытылуы мен дайындық жұмыстары күшейтіліп жатыр.

Аймақта мектептердің де құрылысы қарқынды жүргізілмек. Мысалы, қазір Дөң ауылында құны 1 400 миллионға бағаланған 600 орындық мектептің құрылысы салынуда.

Үш ауысымда оқытатын мектептерді жою мақсатында Хромтау қаласында 100 орындық жатақханасымен бірге 600 орындық мектеп салу жұмыстары қолға алынды. Құрылыс жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Мектеп пайдалануға берілгенде мұнда Ақжар, Бөгетсай ауылдарындағы мектеп-интернаттың оқушыларын көшіру жоспарланып отыр.

Ауданда саманнан салынған мектептерді жою мақсатында да кешенді жұмыстар жасалуда. Нақтырақ айтқанда, Ақжар ауылына қарасты Жазық бекетінде және  Бөгетсай ауылындағы Қарлау елді мекенінде әрқайсысына 50 орындық мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында аудан бюджетінен 33,0 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға барлық мектептердегі көне парталар, орындықтар, тақталар, т.б. ауыстырылды.

«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІН 96 ОҚУШЫ ТАМАШАЛАДЫ

Хромтау аудандық білім бөлімінің «Жаппай оқыту» бағдарламасына сәйкес, аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан 96 оқушыға «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалау үшін қаражат бөлінді. 26 маусым күні аталған шараны тамашалауға 48 оқушы аттанған болса, қалған 48-і шілденің 1-і күні жолға шықты.

Айта кету керек, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қадағалауға жауапты мұғалімдер мен мейірбикелер бекітілді.

Денсаулық

ХРОМТАУҒА ДӘРІГЕРЛЕР КЕРЕК

Ауданда жылдан-жылға денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі артып  келеді.

Биыл орталық аудандық ауруханаға 2 терапевт-дәрігер жұмысқа орналасты. Дегенмен, аудандық ауруханада дәрігерлер әлі де жетіспейді. Атап айтқанда, инфекционист, травматолог, акушер-гинеколог, лаборант дәрігер, хирург, онколог, маммолог қажет.

Аудан бойынша 7 ауылдық округтің орталығында дәрігерлік пункт жоқ. Қазір 6 дәрігерлік пункт салу үшін құжаттар әзірленді. Сондай-ақ, 5 дәрігерлік пунктті  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу жоспарланып отыр.

P.S. 8 шілдеде Ақтөбе қаласында аудан күндері өтеді. Шара барысында «Табыс» коммуналдық базарында хромтаулық кәсіпкерлердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі және жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында Хромтау ауданы қолөнер шеберлерінің, кәсіпкерлерінің көрмесі өтеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button