Қазақстан алға баса береді. Біз жеңіске жетеміз
Елбасының елімен етенелігі кеше, 13 қарашада өткен тікелей тележеліде тағы да тамаша танылды. Бұл жүздесу ел халқының ертеңгі күнге сенімін нығайта түсті.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Қазақстан алға баса береді. Біз жеңіске жетеміз
Еңбек жолын жан-жағын қып-қызыл жалын қоршаған қайнаған ортада металл құюдан бастаған, жастайынан жұмысшы ортаның көрігінде шыңдалып, қалың халықтың арасында өскен, бір бойында Шығыс пен Батыстың, екі қоғамның, екі экономикалық жүйенің барлық қырлары қатар қабысқан Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем саясаткерлері арасындағы айшықталып тұрар айрықша қасиеті – елімен ерекше етенелігі. Қазақстан Президенті кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұқарамен байланысқа барынша көп көңіл бөліп, халықпен бірге тыныстауды өмірлік ұстанымына айналдырған. Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күндерден бастап Елбасымыз ел жұртшылығымен жүйелі түрде жүздесіп келеді. Кейінгі кезеңде Президенттің халықпен кездесулері жаңа заман ашып берген жаңа технологиялық мүмкіндіктерге байланысты айрықша ауқымға ие болды.
13 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей желіде ел халқымен жүздесті. Алдын ала барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етілген тікелей желіге жұртшылық өз сауалдарын www.akorda.kz веб-сайтына, www.lіne.gov.kz веб-сайтындағы “Сұрақ қой”, “Бейне-сауал” бөлімдеріне, тікелей желідегі vopros@akorda.kz электронды поштасына, Қазақстан бойынша (7172) 555-777 ортақ телефонына, 1111 нөміріне SMS хат жіберу арқылы жолдай алды. Осылайша кешегі тікелей желі бүгінгі байланыс құралдары арқылы жұртшылыққа компьютерді кең пайдалануды үйреткенімен де құнды дей аламыз. Тікелей эфирдің ерте бастан хабарландырылуы жұртшылықтың оған алдын ала дайындалуына да жағдай жасады. Мұның өзі халықтың ерекше белсенділігін туғызды. Екі аптаның ішінде тікелей желінің веб-порталына 40 мыңнан астам сұрақ түсті – бұл 2007 жылғы Президент Интернет-конференциясында қойылған сұрақтардан сегіз есе артық.
Нұрсұлтан Назарбаев кеше кешкі 18.00-ден бастап үш сағат бойы еліміздің барлық аумағына хабар тарататын жеті телеарна, Интернет жүйесі және Қазақ радиосы арқылы тікелей эфирге шығып, қазақс-тандықтардың көкейіндегі көптеген сұрақтарына жауап берді. Теледидардағы тікелей эфирді «Хабар» агенттігінің журналистері Федор КУРЕПИН мен Арман БАЛТАБАЙҰЛЫ жүргізіп отырды.
Президентке койылатын сауалдар қазан айының 30-ынан бастап барлық байланыс жүйелері арқылы жинақталған. Тікелей эфир басталған сәтте Елбасына келіп түскен сұрақтарды тіркеп отырған жалпыреспубликалық. Кул-орталықтың (Call-орталық) жұмысынан хабар берілді. Қазақстандықтардың Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысуға үлкен көңіл бөліп, қатты ден койғаны тікелей эфир басталмас бұрын-ақ 32 500 сауал жолдағанынан-ақ айқын көрінді. Олар туралы баяндаған журналист Айгүл Мүкей статистикалық қорытындылаудың нәтижесінде қазақстандықтарды қандай сұрақтардың көбірек толғандыратыны туралы айтты.
Бірінші кезекте азаматтарымызды әлеуметтік қорғау мәселелері алаңдататыны аңғарылды. Сұрақтардағы екінші орында тұрған үлкен мәселе тұрғын үй құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мәселелері екендігі белгілі болды. Түрлі заң бұзушылықтар мен құқық тәртібінің мәселелері де қазақстандықтарды аз алаңдатпайтыны байқалды. Бұл саланың сұрақтары үшінші орындағы топты құраған. Білім беру мен ғылым мәселелері де азаматтарымызды аз толғандырмайды екен. Бұл саланың сұрақтары төртінші топты құраса, денсаулық сақтау мәселелеріне байланысты сұрақтар бесінші орынға орналасқан. Сонымен бірге, журналист Интернеттің арнаулы порталында халықтың ойынан шыққан рейтингі ең жоғары сұраққа дауыс беру жүргізіліп жатқанын, тікелей эфирдің соңында ол сұрақтың жарияланып, оған Президенттің жауап беретінін жеткізді.
Айта кететін жәйт, сұрақтар еліміздің барлық аумағынан ғана емес, шетелдерден де келіп түсіп жатты. Екі сағат елу минөтке созылған тікелей эфир барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа барынша өткір әрі маңызды сұрақтар қойылды. Тікелей эфир барысында Мемлекет басшысы халықпен сан-салалы өмірдің көптеген қырлары жөнінде әңгімелесті деп айтуға болады. Қазақстандықтардың Президентпен жауаптасуға деген үлкен ықыласын екі сағатта екі мыңға жуық сұрақ түсуінен-ақ аңғаруға болатын еді.
Кул-орталықтан ең қызықты сұрақтарға дауыс берудің қорытындысы да баян етілді. Ең маңызды сұрақ Гүлден Әбділдинаның балабақша туралы сауалы болып шықты. Ал екінші орында Владимир Буллердің «Қуат» корпорациясының үлескерлерге салып жатқан нысандарының қашан бітетіндігі және үшінші орындағы сауал Елбасының спиртті сусындардың қайсысын қалайтынын білгісі келген Бауыржан Әбілдаевтың сұрағы деп танылды. Бұлардың бәріне де Президент байсалды жауап берді.
Елбасына арналған алғашқы сұрақтың мәні Қазақстандағы “Жол картасы” үлкен рөл атқарғандығы, осы бағдарлама алдағы кезде жалғасын таба ма дегенге сайды.
Мемлекет басшысы “Жол картасына” Ұлттық қордан 1,5 миллиард доллардай қаржы жұмсалғанын айтты. Мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын жаппай қысқартудың алдын алуға, оған қоса республика бойынша 320 мыңдай жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. 93 мың қазақстандық екінші мамандықты тегін игеріп шықты. 2900 шақырым жол, 2300 аурухана мен мектеп жөнделді. Бұл – үлкен істің басы ғана. Келесі жылдың бюджетінде “Жол картасын” жүзеге асыруды жалғастыруға ірі қаржы бөлу көзделген. Нұрсұлтан Әбішұлы сонымен бірге бұл істегі басымдықтардың сипаты біршама өзгеретінін – ақша енді орталықта да, облыс орталықтарынан шалғай жатқан елді мекендерде де жаңа өндіріс орындарын ашуға жұмсалатынын айтты.
Осы арада өңірлермен тікелей байланыс басталып та кетті.
Алматыда, телестудиядағы журналист Қымбат Хангелдинаның жанында Қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері, кәсіпкерлер тұр. Олардың сұрағы, әрине, қаржы саласына қатысты. Кәсіпкер Әділ Әміров шетелдік инвесторлар біздің банктерді өздерінің бақылауына алып қоймай ма деген қаупін білдірді.
Біз расында да банк секторымызда қиын жағдайды бастан кештік, деді Президент. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы Америкада болып өткен ұлы күйзелістің жай-жапсарын зерттей келе, мемлекет бірінші банктің банкроттығына жол бергеннен кейін-ақ берекесіздік басталғанын көреміз. Біз бұған жол беріп қоя алмайтын едік. Сондықтан да Ұлттық қордан 480 миллиард теңге бөлініп, осы арқылы мемлекет елдің жүйе құраушы төрт банкінің капиталына енді. Қазіргі таңда қаржы жүйеміз қалыпқа түсті. Әрине, күрделі мәселелер әлі де бар. Әйтсе де, ахуал нашар деуге болмайды – банктердің негізгі капиталы 1,5 пайызға өсті, экономиканы несиелеу 7,6 пайызға артты. Ал шетелдік инвесторлардың ықпал ету мүмкіндігіне келсек, мемлекет шетелдік банкирлердің жүйе құраушы банктерге ие болуына жол беріп қоймайтыны анық.
– Әлемдік рынокта ахуал күрделі күйде тұрған кезде, валюта архитектурасы қалыпқа түспеген жағдайда Қазақстанды не күтіп тұр? Президент өзінің “Дағдарыстан шығудың кілті” және “Бесінші жол” атты мақалаларында осы жайларға тоқталған болатын. Қазақстанды ұлттық валютаның тағы бір құнсыздануы күтіп тұрған жоқ па? – Айдос Демешев осындай сұрақ қойды.
– Рецессия жағдайында біз өз валютамызды құнсыздандырып дұрыс жасадық, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл біздің экономикамызға, әсіресе, экспортқа лайықталған кәсіпорындарға көмектесті. Мен бұл жайында әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары танысып шыққан мақалаларымда айтқанмын. Осыдан 60 жыл бұрын қалыптасқан қаржы жүйесі барлық кезде бірдей жұмыс істей алмайды, өйткені, әлемнің өзі өзгеріп барады. Сондықтан қазірдің өзінде өңірлік валюталарды дүниеге әкелу үдерісі басталды. Әрине, әділетті валютаны жасау мәселесін тез шешудің сәті түсе қоймас. Әйтсе де, бұл мәселені күн тәртібіне қоя беру керек. Ал ақшаны құнсыздандыруға келсек, қазір олай етуге себеп жоқ. Елдің алтын-валюта резервтері өсіп келеді, инфляция деңгейі өткен жылғыдан төмен.
Тікелей желінің порталынан алынған тағы бір сұрақ тексерулерге мораторий жариялау, салық салмағын жеңілдету, ресімдеу мен есеп беруді оңайлату мәселелеріне арналды.
– Кеше ғана, “Алтын сапа” сыйлығын тапсыра тұрып, мен осы мәселені көтерген болатынмын, деді Елбасы. Әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді, соның нәтижесінде елде бизнес ахуалы түпкілікті түрде жақсаруда, біз бұл көрсеткіш бойынша 71-ші орыннан 63-ші орынға көтерілдік. Бүгінде Қазақстанда 720 мың компания бар, оларда екі миллион адам жұмыс істейді. Бұл өзінен өзі сөйлеп тұрған сан. Әрине, тек қана “Жол картасын” жүзеге асырумен біз барлық проблеманы шешіп тастамаймыз. Бірақ, ең бастысы – осы бағыттағы жұмыстың жалғасып жатқандығы.
Жүргізуші Федор Курепин тікелей желі порталынан кәсіпкер Александр Матцискийдің кәсіпкерлер құқын кейбір шенеуніктер тарапынан бұзу жағдайлары кездесетіндігі жөніндегі сұрағын келтірді. Ол Балқаш қаласында гараж салған, жер комитетінен рұқсат алған, әкімдік ешқандай кінә артпаған, ал гараж салынып болған кезде кейбір шенеуніктер оны алып қоюға ұйғарған. Кәсіпкер әділдікке қолын жеткізе алмай-ақ келе жатыр. Рейдерлік әрекет, бизнесті тартып алу жөнінде сөз ететін осыған ұқсас басқа да хаттар бар.
Елбасы өз пікірін кесіп айтты: қоғамның бір дертіне айнала бастаған рейдерлікпен аяусыз күресу керек. Мұндай әрбір факті бойынша Бас прокуратура тексеру жүргізіп, шағымдарда көрсетілген заң бұзу жағдайлары анықталатын болса, онда бизнес иелерінің құқын қалпына келтіруге қажетті барлық шараларды жүзеге асыру керектігін тапсырды. Бір назар аударарлығы, рейдерлік фактілері бар жерде өзінің қызмет бабын, мүмкіндігін пайдаланатын шенеунік те пайда бола кетеді.
– Егер заңнаманы өзгерту қажет болса, онда тиісті өзгерістерді жасайық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сол сәтте-ақ жұмыс орнынан тікелей эфирге қосылған Бас прокурор Қайрат Мәмидің жауабы да нақпа-нақ, көкейге қонымды шықты. – Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге жолданған шағымдардың барлығы бойынша тез арада тексерулер жүргізіледі, онда көрсетілген жайлар анықталғанда шағым иелерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін барлық шаралар жүзеге асырылады.
Мынаған назар аудару маңызды: Президент Бас прокурорға “Тікелей желі” аясында келіп түскен әрбір шағымға, әрбір арызға аса мұқият қарауды, анықталған жайлар бойынша барынша қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
Қызылорда облысындағы зейнеткер Жамал Ақпанбетова Мемлекет басшысына жасы егде кісілердің мемлекет зейнетақы көлемін ұдайы өсіретініне үйреніп қалғанын жазыпты. Сонымен қатар, ол кісі дағдарысқа байланысты бюджеттен жасалатын төлемдер, соның ішінде зейнетақы қысқармай ма деген қаупін білдіреді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз жауабында мұндай қауіпке орын жоқтығын айтты. Біз зейнетақы мөлшерін дәйім ұлғайтып келеміз, деді Елбасы. Бұл біздің экономикамыздың дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының арқасы. Қандай да бір қысқарту жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес. Сондықтан келесі жылдың бюджетінде зейнетақыны 25 пайызға өсіру көзделген. Биыл да оның 25 пайызға өскенін білесіздер. Ал бүкіл әлемде басқаша жағдай қалыптасып отыр: талай елдер бюджетте қаржы жетпегендіктен зейнетақыны қысқартуда, ал бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын тіпті азайтып жатыр. Біз болсақ, дағдарысқа қарамай, зейнетақыны өсіру үстіндеміз, 2012 жылға қарай, егер бәрі ойымыздағыдай болса, зейнетақы мөлшері 2,5 есе артады. Мемлекет келесі жылдың 1 қаңтарынан бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіруді де жоспарлап еді, алайда, дағдарыс бұл жоспарға өзінің түзетуін енгізді, сөйтіп, ол мерзім жылдың екінші бөлігіне ауыстырылды, деген Елбасы мұның өзі түпкілікті шешім емес екендігін де айтты. Бәрі де экономикалық ахуалдың алдағы кезде қалай қалыптасатынына байланысты. Қалай болғанда да зейнеткерлердің мазасыздануына негіз жоқ, деп кесіп айтты Президент.
Қостанайлық диқан Ибраш Естаев мемлекет шаруаларға астықты сатуға көмектесе ме деп сұрады. Елімізде биыл рекордтық – 23 миллион тонналық астық жиналғаны белгілі.
Мемлекет басшысы Азық-түлік корпорациясына диқандардан бес миллион тонна астық сатып алуға тапсырма берілгендігін айтты. Қазірдің өзінде бір жарым миллион тонна астық белгіленген баға бойынша сатып алынды. Оған қоса мемлекет қашанда резервте мол астық ұстайды, ол да тауар өндірушілерден сатып алынады. Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша қазір бидай базарларын елімізден тысқары жерлерден де іздестіріп жатыр, атап айтқанда, Қытаймен, араб елдерімен келіссөздер жүргізілуде.
Тікелей желінің жұмысына жастар жағы да белсене қатысты. Павлодарлық Диана Балаханова келесі жылы оқуын бітіреді екен, әйтсе де мамандығы бойынша жұмыс табатынына онша сенімді емес. Ол жас мамандардың жұмысқа орналасуына мемлекет көмектесе ме деп сұрады.
– Жақсы маман қай кезде де бағалы, – деді Президент. – Алайда, нарықтық экономикаға көшкен елдерде ешкім де оқу бітірген жастарды жұмысқа орналастырумен айналыспайды. Оның есесіне таңдаулы университеттер дипломдарын алып шыққан мамандар үлкен сұранысқа ие, жұмыс берушілер олардың бағасын, мысалы, Гарвард, Оксфорд, Сорбонна немесе Вашингтон университетін бітірушінің құны қанша екенін біледі. Біздің ҚМЭБИ, ҚБУ, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті сияқты оқу орындарымыздың бітірушілері де жұмысты тез табады, кейде тіпті олардың 4-ші, 5-ші курстарының студенттері жұмыс істеп жатады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президент мемлекет жоғары оқу орындарын мемлекеттік гранттар бойынша бітірген студенттерге ғана қолдау көрсетуге тиіс екендігін айтты. Ал мемлекеттік гранттар ең қажет мамандықтарға ғана бөлінуі керек…
Мемлекет басшысына қойылған келесі сұрақ медицина мәселесіне арналды. “Республикада қолжетімді бағамен сатылатын отандық дәрі-дәрмек өте аз. Қазір саудада тек шетелдік дәрілер, олар өте қымбат”, делінген сұрақта.
– Расында да, солай, – деді Президент. – Біз препараттардың 90 пайызын шетелден әкелеміз, жалпы құны 900 миллион долларды құрайды. Сондықтан да қазір Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектер сатуды бір орталықтан үйлестірумен айналысып жатыр. Ұзақ болашақта, 2014 жылға қарай ішкі қажеттіліктің тең жартысын отандық препараттар есебінен өтеуге қол жеткізу мақсат етіліп отыр. Бұған мүмкіндік бар. Бүгінде Астана мен Шымкентте фармацевтика фабрикаларын салу мәселесі пысықталуда. Шымкентте дәрі-дәрмек шығару дәстүрі бұрыннан бар. Әрине, сатып алмаса болмайтын дәрілер де жеткілікті. Алайда, бұл арада сапаны да, алып-сатарлықты жоюды да бақылауда ұстау керек. Мемлекет осы істе белсенді қимылдауға тиіс.
Тараз қаласынан соғылған қоңырау дауысы мазасыз естілді. “Менің ұлымның жасы 15-те, мектептен қайтып келгенше жүрегім орнына түспейді. Таразда жасөспірімдердің қылмыс жасауы қатты алаңдатады. Жоғары сынып оқушыларының талайы қылмысты топтарға біріккен, мектеп пен мектеп, аудан мен аудан болып төбелесіп жатады. Мен өз аты-жөнімді әдейі айтпай тұрмын, өйткені менің бұл шағымымнан ұлыма зиян тие ме деп қорқамын”, дейді әбіржіген әйел үні.
Мұндай мәселелерді жергілікті органдар, әкімдіктер мен құқық қорғау органдары қарауы керек, деді Президент. Жас балалар арасында жанжал шыға береді, бірақ ол қылмысты сипатқа ауыспауы керек. Нұрсұлтан Назарбаев сол арада Жамбыл облысының әкімі мен Ішкі істер министрін тікелей желіге қосуды тапсырды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің аймақтан Сіздің атыңызға түсіп жатқан сауалдарды бағдарлап отырмыз, деді Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин: Денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құқық қорғау мәселелеріне қатысты 400-ден астам сауал түсіпті. Біздің өңірден түскен барлық сауалдарға толық жауап беретін боламыз. Ал мына сауалға келсек, жақында ғана басылымдардың бірінде жасөспірімдер қылмысы туралы мақала жарияланған. Сауал қойған азаматшаны да түсініп отырмын. Бұл мәселе туралы облыстық прокуратура сараптама жасап, өткен 8-9 жылдың ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстар екі есеге төмендегені байқалған. Мақалаға және жаңағы азаматшаның қойып отырған сауалына қатысты айтарым, прокуратура мақалада айтылған жасөспірімдер қылмысының негізсіз екенін анықтады. Бірді-екілі жасөспірімдерге байланысты қылмыстық фактілер бар. Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған. Бұларға байланысты жұмысты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.
Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің айтуынша, бұл салада оңды өзгерістер қазірдің өзінде байқалып отыр. Қылмыс саны 8 пайызға дейін төмендеген. Ұйымдасқан қылмыспен күрес күшейтілген. Биыл ұйымдасқан қылмыстық топтардың 50 басшысы мен олардың екі жүзден астам белсенді қатысушылары қылмысты жауапкершілікке тартылған. Қазір Қазақстанда рэкетпен айналысып, елдегі қылмыстық жағдайды күрделендіріп отырған тұрақты топтар жоқ. Бүгінде Президенттің тапсырмасы бойынша барлық облыстарда, ірі қалаларда мектеп инспекторлары қызметі енгізілді. Ұстаздар ұжымдарымен, қоғамдық құрылымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қимылдай отырып, олар үлкен ауқымда алдын алу шараларын жүргізуде. Тамыз айында жасы кәмелетке толмағандарға сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін түнгі көңіл көтеру мекемелерінде болуға тыйым салатын заң қабылданды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қылмысты құрықтауға байланысты берген тапсырмаларыңыздың бәрі де министрліктің тұрақты бақылауында, біз кәмелетке жасы толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлетін боламыз, деп сендірді министр.
Тікелей желідегі келесі сұрақ Қазақстан армиясының жағдайына байланысты қойылды. Әскерде азаматтық борышын өтеп қайтқан жас адам өзін қоғамда еркінірек сезінетіні белгілі. Сонымен бірге бұл істе де түйіні тарқатылмаған мәселелер табылады. Солардың бірі – әскердегі әлімжеттік. Қарулы Күштердің бүкіл жүйесін жетілдіруге қатысты мәселелер де бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы мектептердің жоғары сыныптарында әскери дайындық мәселесі маңызды екендігін атап айтты. Қазіргі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек. Сондықтан да біздің бүгінгі мақсатымыз – әскерлеріміздің жауынгерлік дайындығын одан әрі жақсарта түсу. Бұл орайда, біріншіден, жауынгерлік кезекшіліктің сапасын жақсарту, әскерге шақыру дайындығының деңгейін көтеру керек. Екіншіден, технологиялық өзгерістер енгізу керек. Үшіншіден, армияны қажетті кадрлармен толықтыру керек. Төртіншіден, әскери қызметшілер үшін қажетті әлеуметтік дестені қалыптастыру керек. “Армия халқымыз мақтанатындай болсын. Өйткені, ол – Қазақстан халқының армиясы. Онда біздің перзенттеріміз азаматтық борышын өтеп жатыр. Армиямыздың беделін арттыра түсейік”, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Тікелей желіге дайындық барысында да біраз мәселелер өз шешімін тауып үлгерді. Шағым-тілектердің бірқатары қазірдің өзінде орындалды. Ата-анасынан айырылған әрі ауыр науқасқа ұшыраған он жасар Настя Завидоваға ұзақ уақыт емделу және сол үшін қымбат бағалы дәрі-дәрмек керек болатын. Кеше ол қыздың әжесі Президентке телефон соғып, Настяның емделу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан шешіліп жатқандығын айтты.
Интернеттің арқасында Қазақстан Президентімен тікелей желі жөнінде біздің Ресейдегі таныстарымыз да хабардар болып отыр. Мемлекет басшысына Ресейдің танымал саясаткері Евгений Максимович Примаков өзінің бейне-сұрағын қойды, онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі жоспарларына қызығушылық танытылған.
Евгений Примаковқа Қазақстанға деген ықыласы үшін алғысын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің осынау беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуге ұжымдық кандидат ретінде Ресейдің бұл мәселеде көрсеткен қолдауын жоғары бағалайтынын жеткізді. ТМД елдерінің ішіндегі, Азия мемлекеттерінің ішіндегі, жалпы мұсылман әлеміндегі осы ұйымға жетекшілік ететін алғашқы ел атану біз үшін үлкен абырой. Сондықтан да біз бұл мәселеге өте жауапты қараймыз. Менің Жарлығым бойынша осы бағытта жұмыс жүргізетін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Біз Еуропамен, ТМД елдерімен, Орталық Азия мемлекеттерімен үнқатысуды белсенді ете түсуге септесетін боламыз. ЕҚЫҰ-ның үш “кәрзеңкесі” де тиімді жұмыс істеуі үшін біздің ұсынатын нәрсеміз баршылық, деп атап айтты Нұрсұлтан Назарбаев. Президент ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы бірдей ТМД-ның жекелеген мемлекеттеріндегі адам құқы ахуалына бара-бар баға бере бермейтіндігіне, бұл істе атүстілікке, белден басушылыққа баратынына назар аударды. Сондықтан Қазақстанның осы ұйымның төрағасы лауазымына сайлануы бұл құрылымға қатысушылар арасында өзара түсіністікке қол жеткізу үдерісін бастаудың алғашқы қадамы болып табылады. Қазақстан қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жою құралдарын қысқарту, Ауғанстан проблемасын шешу мәселелерінде өзіндік ұстанымын айқындайды. Біз сондай-ақ елде орын алып отырған экологиялық мәселелерге де назар аудартпақпыз. Олар – ядролық полигон қызметінің және Аралдың тартылуының зардаптарын жою.
Президент өз жауабында келесі жылы ЕҚЫҰ-ның 1999 жылдан бері шақырылмаған саммитін шақыру жөніндегі Қазақстан бастамашылдығын айрықша атап айтты.
Нұрсұлтан Әбішұлының атына жеке сипаттағы сұрақтар да түсті.
Мәселен, Астана тұрғыны Әділ Қалдыбековті бірнеше айға алдын ала белгіленген жұмыс кестесі бола отырып, Президенттің өзіне “Жоқ, бұл кездесулер болмайды, бүгін мен театрға немесе отбасылық мерекеге барамын” дейтін жағдайлары болмай ма деген мәселе қызықтырды.
Мен де өзгелер сияқты адаммын, сондықтан менің де достардың және отбасымның алдында белгілі бір қажеттіліктерім мен міндеттерім бар, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Бірақ мен Президентпін, мен тиісінше таңдау жасадым, сондықтан менің өзімді өзім шектейтін кездерім болады. Қандай да бір кездесуден бас тартуға ыждағаттылықпен қараймын. Оның үстіне кешікпеуге тырысамын.
Президент таяуда өткен халықаралық антикоррупциялық форумға уақытынан ерте келгенін, сол арқылы Transparency Іnternatіonal компаниясының атқарушы директорын таңғалдырғанын айтып берді. “Уақытынан бес минөт бұрын келген Президентті бірінші рет көріп тұрмын” деп таңырқапты ол.
Жұмыс кестесіне келер болсақ, Мемлекет басшысы түсіндіріп өткендей, оның халықаралық кестесі бір жылға, ал ел ішіндегі істер бір айға жоспарланады. Осы орайда Президент “Тек жеке жауапкершілік қана нағыз жауапкершілік, адам жалғыз өзі қызарады” деген Фазил Искандердің сөзін келтірді, содан соң “Шынында да мен көптеген жәйттерге жол бере алмаймын, сондықтан өмір алуандығының кейбір кемшіліктерінің орнын өте белсенді жұмыспен толтырамын”, деп түсіндірді. “Дәлелді себепсіз кездесуге бір рет те бармай қалған емеспін”.
Президент адамдарды кешіре ала ма деп сұрады Әділ Қалдыбеков.
Демек, қайырымдымын ба әлде қатыгезбін бе, соны білгің келеді ғой деп нақтылады Нұрсұлтан Әбішұлы әзілге бұра отырып. “Менің жұмысыма, менің еліме кедергі келтіргенге дейін мен қайырымды боламын” деп жауап берді Президент. Мен өз қателеріне өкініп, оларды түзеуге қадам жасаған адамдарды кешіруге, яғни, мүмкіндік беруге дайынмын және жиі солай жасаймын, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. Айқын мысал ретінде қарсы тұру позициясын ұстанып, заңды бұзған, кейін оны қудалағандықтан шетелге кеткен белгілі журналист Бигелді Ғабдуллинді келтірді. Бірақ ол біздің елші арқылы кейін Президентке хат жолдап, кешіруді өтінген, өйткені ең бай деген бөгде елден гөрі, кез келген жазамен туған елде тұрған артық екенін түсінгенін айтқан. Нұрсұлтан Әбішұлы түсінген, қазір журналист отанында тамаша жұмыс істеп жүр. Президенттің өзі атап өткендей, онымен жиі кездесіп тұрады және солай жасағанына риза.
“Мен барлық қазақстандықтардың тыныш өмір сүргенін қалаймын, біздің елдің ішінде қуғындалушылар, шетелдерде өмір сүрушілер болған емес, деп атап көрсетті тағы да Н.Назарбаев. Егер кімде-кім адал жүрегінен, ашық көңілімен менен кешірім жасауды сұраса, мен ондайларды тыңдауға, егер ол, әрине, Қазақстан заңдарын бұрмалауға байланысты болмаса, мүмкіндік беруге дайынмын, тіпті ондай жағдайда да Президенттің, егер құқық қорғау органдары ол адамның түзелу жолына түсіп, бір сапқа тұрып жаңа Қазақстанды құруға дайын екенін растаса, рақымшылық жасауға құзыреті бар”.
Ең белсенді хат жолдаушылардың бірі жастар мен олардың ата-аналары болды. Олар хаттарының бірінде былай дейді: “Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз таяуда Астанада Жаңа халықаралық университеттің ашылатыны туралы айттыңыз. 2010 жылы студенттер қабылдау жүре ме, жүрсе ол қандай мамандықтар бойынша? Біздің балаларымыз химия бойынша Түркияда, физика бойынша АҚШ-та және математика бойынша Францияда өткен халықаралық мектеп олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлері болып табылады. Олар Астананың Жаңа университетінде тегін білім алу үшін грантқа ие бола ала ма, әлде онда тек ауқатты ата-аналардың балаларын ғана ақылы негізде қабылдай ма?”. “Дарынды балалардың бай емес ата-аналары” деп қол қойылған.
Егер сіздердің естеріңізде болса, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы, таяуда мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сөз сөйлеген кезімде алдымызға интеллектуалды қоғам құру, Қазақстанның интеллектуалды элитасын дайындау міндетін қойып отырғанымызды айттым. Білімді, интеллектуалды адамдарсыз, дамыған ғылымсыз Қазақстанда перспектива болмайды. Адамдар бәсекелестігі, білім бәсекелестігі, ғылым бәсекелестігі жүріп жатыр. Оған дайындалу керек. Сондықтан да менің тапсырмам бойынша 20 интеллектуалды мектеп құрылуда, оларға олимпиадалар мен өзге де жарыстарда жеңіп шыққан талантты балалар тартылады. Онда нағыз қабілеттілер ғана өте алатын конкурс болады. Балалардың бәрінің бірдей талантты емес екендігі, бәрінің бірдей өте алмайтыны түсінікті, олар ренжімеуге тиіс. Ондай мектептердің үшеуі – Астанада, Семей мен Көкшетауда құрылды, жақын уақыттарда қалғандары да салынатын болады.
Иә, біз Астанада айрықша үлгідегі Жаңа халықаралық университет салып жатырмыз. Оны шетелдік профессорлардан тұратын арнайы кеңес басқарады. Әр факультет батыстық ірі оқу орындарының басқаруына беріледі. Оқу схемасы да сонда жасалады. Бұл университетте білім алғандардың екі дипломдары: қазақстандық және батыстық жоо-лардың дипломдары болады.
Бұл университетті құру жеңіл мәселе емес. Мен бірінші рет, осылай деп айтуға болады, университет Назарбаев есімімен аталсын деген үгіттеулерге көндім… Оған деген көзқарас та ерекше болмақ. Онда нанотехнологиялар, ақпараттық технологиялар, биотехнологиялар, математика мен физика бойынша қазіргі заманғы лабораториялар болуы керек. Сол үшін де мен Ғылым қорын құру жөнінде мәлімдедім. Меценаттарға тағы да айтамын: игілікті іске атсалысу қажет. Білім деңгейін шындап көтеру үшін біз қор қаржысына үздік оқытушыларды шақыратын боламыз.
Бұл университет бай ата-аналар үшін емес, талантты балалар үшін құрылуда. Оны құру ісінің ата-аналардың қалталарына ешқандай қатысы болмайды. Кім конкурстан өтсе, сол оқиды. Ұлттық бірыңғай тестілеуді енгізу арқылы біз жаман жасадық па? ҰБТ адамның ұлтына, тіліне немесе діни сеніміне назар аудармайды. Кімнің білімі болса, сол өтеді. Сондықтан егер өз балаларыңызды осы университетке түсуге қабілетті болатындай дайындай алсаңыздар, сіздер жақсы таңдау жасайсыздар. Сонда біздің жастарымызды қыруар ақшаға шетелдерге жіберудің де қажеті болмайды.
Солтүстік Қазақстан байланысқа шықты. Президентке қазіргі заманғы тәрбиелі, компьютерді жетік меңгерген он бірінші сынып оқушысы Шыңғысхан Шайкенов Нұрсұлтан Әбішұлының компьютермен достығы жөнінде сауал қойды.
Шыңғысхан, саған өзімнің Интернетпен достық қарым-қатынаста екенімді айтқым келеді, деп жымия жауап қайтарды Нұрсұлтан Әбішұлы. Әрине, мен сен сияқты немесе өзімнің немерелерім тәрізді бүкіл түнді виртуальды әлемде өткізбеймін, өйткені әр таң сайын менің көмекшілерім бүкіл әлем бойынша және бүкіл Қазақстан бойынша алынған ақпараттарды менің үстеліме қояды. Бірақ кейде әлденендей бір деректі тексеру, әлденендей бір жаңаны қарау қажеттілігі туындайды, дегенмен бүгінде теледидар мен баспасөз де көп жәттерді хабарлап жатады. Әсіресе шетелде жүрген кездерде біздің елімізде және әлемде не болып жатқанын білу үшін Интернет қараймын. Сондықтан мен Интернетті ұнатамын және сендердің бәрің де барған сайын жаңаны көбірек танып-біліп, өздеріңнің дамуларың үшін, ғылым үшін оны пайдалануларың керек деп есептеймін. Өйткені бүгінде оқушылар кей-кейде кейбір нәрселер туралы оқытушылардан да гөрі көбірек біледі. Біздің тамаша ұстаздарымыз оған ренжімеуге тиіс. Өз балаларының сұрақтарына жауап бере отырып кей-кейде өздері де тұйыққа тіреліп қалатын ата-аналардың бүгінгі міндеті олардың дамуына жағдай жасау.
Келесі сауалдың кезегі кішкентай інілеріміз бен қарындастарымызға тиді.
– Менің атым Алена. Мен 8 жастамын. Мен 2-сыныпта оқимын. Нұрсұлтан аға, Сізде арман бар ма? – деді бүлдіршін қыз. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының №3 мектебінің оқушысы Алена Сиразетдинова болатын.
– Алена, қазақша қандай керемет сөйлеп тұрсың. Рахмет саған, – деді Елбасы толқыныс үстінде. – Армансыз адам болмайды. Армансыз адамның болашағы да болмайды. Сондықтан адамның жас кезінде де, есейген кезінде де арманы болады. Яғни, адам арман жетегінде өмір сүреді. Сендер секілді мен де бала кезімде көп армандадым. Ауылда өскендіктен жүйрік ат міну арманымыз болды. Есейгеннен кейін дүниенің бәрін аралап, көрсек екен деген арман болды. Отбасын құрап, балаларым болғаннан кейін олар аман-есен өсіп, аяғынан тік тұрып, елдің азаматы болсын деп армандадым. Ал енді халық болып мені Президент етіп сайлағаннан кейін үлкен арман мен үміт жетегінде жүрдім. Қазақстанның мемлекетін құру оңайға түскен жоқ. Елімізді алдыңғы қатарға қалай шығарамын деп армандадым. Сол елдің астанасын жаңадан құрдым. Бұл да оңайға түскен жоқ. Мұның барлығын өздерің көріп отырсыңдар. Менің ендігі барлық арманым мына сендер – келе жатқан жас ұрпақ, болашақта ата-аналарының үмітін ақтап, елінің, халқының ойынан шығып, денсаулықтарың мықты болып, білімді, білгір болып өссеңдер екен, Қазақстанымызды алға қарай алып жүріп, біздің көк байрағымызды әрдайым биікте ұстасаңдар екен деп армандаймын және сол үшін қызмет етемін.
Жалпы, мен өз өмірімде көп нәрсені көріп, көп нәрсені істеген адаммын. Осы уақытқа дейінгі арманым орындалды деп айтуыма болады. Ал енді Мемлекет басшысы ретінде айтарым, өзіміз қабылдаған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында көзделген мақсаттарға жетсек екен деген үлкен мақсатым, сендер бақытты болса екен деген тілегім бар.
Шенеуніктердің салғырттығы туралы сауал берілді, солардың бірі, кейбіреулердің пайымдауынша, Олимпиада чемпионы Ильинге қатысты оқиғада көрініс берген. Президент жағдайдан толық хабардар екенін, мәселемен Туризм және спорт министрлігі айналысып жатқанын атап көрсетті. Сонымен бірге, Президент Ильяның Лондондағы келесі Олимпиадада бізге алтын медаль әкелетінінен үміттенетінін де ескертіп өтті.
Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы айта келіп, Мемлекет басшысы шенеунік халыққа қызмет етуге тиіс деп атап көрсетті. Өкінішке қарай, қазіргі кезде басқарушылардың бәрі бірдей өз міндеттерін тиісінше түсіне бермейді, сол арқылы аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларға нұқсан келтіреді. Мәселен, Павлодар облысы Май ауданының әкімі ауданға еңбекке орналасуға келген жоо түлегін қабылдаудан бас тартқан. Мұндайға жол беруге болмайды, деп есептейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ондай адамдар өз қызметтерінде қалуға тиіс емес, олардың қызметтерінің үдерісіне жоғары тұрған басшылар бақылау жасаулары керек. Басқаша жағдайда ол мемлекеттік саясатқа қайшы келеді.
Осы ретте Мемлекет басшысы кедендік бақылаудан өтетін тауарлардың қымбаттау проблемасына да тоқталды. Кім оларға талдау жасап жатыр? Біздегі монополияға қарсы комитет қайда? Үкімет неге бұл істен тысқары тұр? Мастанған саудагерлерді тәртіпке шақыруға шынымен болмағаны ма?
Осыларды айта келіп Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан ахуал ішінен жанар-жағармай материалдары мен нан-тоқаш бұйымдары бағаларын жеке алып қарау жөнінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке дербес тапсырма берді. Іс жүзінде оғаш оқиға қалыптасып отыр: әлемдік рынокта шикізат бағасы құлдырауда, ал олардан өндірілетін өнім бақылаусыз қымбаттауда.
Үкімет қол сілтеумен шектелмей, бұл мәселелермен нақты айналысуы керек. Бұл осы істегі тәртіпті қадағалауға тиіс әрбір әкімнің, әрбір министрдің жұмысы. Халық үшін істелетін нағыз жұмыс та міне, осы. Мәселені анықтап, қолданылған шаралар туралы маған хабарлануы керек. Және баспасөзде осыған орай ақпарат беру керек, деді Президент.
Зардап шеккен үлескерлер туралы да сауалдар көп болды. Веб-портал арқылы сұрақ жолдағандар ішіндегі ең көбі “Қуат” компаниясына өз ақшаларын сеніп тапсырғандар болып шықты.
Мәселен, осы ұйыммен келісім-шартқа отырған Алматы тұрғыны Владимир Буллерді құрылыстың қашан басталып, қашан аяқталатыны, құрылысты аяқтау үшін неліктен қосымша ақы төлеу керектігі және нысанды аяқтау үшін бөлінген қаржылардың жұмсалуына қандай ведомствоның бақылау жасайтыны қызықтырды.
Мемлекет өзіне осындай міндеттемелер алған, үлескерлер проблемасын шешудің қазақстандық тәжірибесі – еш жерде кездеспейтін жағдай, деп атап өтті Мемлекет басшысы сұраққа жауап бере отырып. Сондықтан халық бөлінген ақша үшін өз мемлекетіне алғыс айтуға тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы ахуалды бүтіндей алғанда білетінін, мәселенің шешілуін қадағалап отырғанын жеткізді. Биыл бұл мақсатқа 400 миллиард теңге бөлінген және 33 мың үлескер тұрғын үйлер алған. Жыл соңына дейін тағы да 15 мың адам пәтерлі болады. Ал қалған нысандар құрылысы келесі жылы аяқталмақшы.
Осы тұста тікелей желіге қосылған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев кейбір жәйттерді нақтылап өтті. Атап айтқанда, “Қуат” компаниясының бір нысаны жаңа кесте бойынша 2010 жылдың 1 қыркүйегіне дейін, ал қалған үшеуі 2011 жылдың қаңтарында аяқталады. Жалпы, Үкімет Президент тапсырмасы бойынша проблемалы нысандар құрылысын аяқтау үшін әртүрлі тоғыз қаржы тетіктерін әзірлеген.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы халықты банктерден алған несиелерін қайтаруға шақырды. Оны құқық қорғау органдары бақылап отыратын болады.
Мемлекет басшысына мемлекеттік басқару, Парламентпен, министрліктермен және әкімдермен өзара іс-қимыл туралы сұрақ қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев ол жұмыстың әркез көз алдында екенін атап өтті. Елде болып жатқан барлық жағдайлар үшін Президент жауап береді – оның міндеті сондай – мемлекеттік бағдарламалардың, атап айтқанда, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасының, сондай-ақ, республиканы жеделдете индустрияландыру бағдарламасының да әзірленуіне бастамашы болады. Содан кейін бұл міндеттер Үкімет пен әкімдіктердің алдына қойылады. Ел көшбасшысы бұл жағдайда бақылау жасау құқығын өзінде қалдырады.
Соның барысында кімнің қолынан не келетіні анықталады. Егер мемлекеттік шенеунік, лауазым иесі тұрақты учаскеде міндетті орындап, табыс әкеліп жатса, ондайды ұстау керек. Егер олай болмаса, онымен қоштасуға тура келеді. Мен мұны дұрыс көзқарас деп есептеймін, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Президент Министрлер кабинетінің әлемдік қаржы дағдарысы салдарларына қарсы күрестегі тиімді жұмысын мысал ретінде келтірді. Елбасының айтуынша, онда табыс әкелетін адамдар еңбек етуде. Оны біз көріп те жүрміз.
Биылғы жылды рецессиясыз, ең болмағанда өткен жылғы деңгейде аяқтаймыз деп үміттенемін. Біз қаржы жүйесінің күйреуіне жол берген жоқпыз, шағын және орта бизнес жұмыс істеп тұр, үлескерлер мәселесі шешілуде… Осының бәрі Үкіметтің күрделі жағдайдағы ырғақты жұмысын көрсетеді.
…Телефон арқылы Алматы облысынан сұрақ: – “Сәлеметсіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы. Менің атым Сергей Викторович Крещенко. Ұлтым орыс, ауылымызда қазақтар, орыстар, украиндар, немістер, чешендер және өзге де этнос өкілдері тұрады. Және де бізге бөлісетін ештеңе жоқ, жеріміз де, Отанымыз да ортақ екендігін толық түсініп тіршілік кешудеміз. Сұрақ мынадай: Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы форумында біз ұлттық бірліктің жаңа бағдарламасы туралы әңгіме қозғадық, оның ерекшелігі неде болмақ? Осы туралы толығырақ айтып бермес пе екенсіз?”
– Сергей Викторович, өте жақсы сұрақ, – деді Президент. – Бізде түрлі ұлт, түрлі дін өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып достықта, келісім мен сүйіспеншілікте өмір сүруде. Бұл, осылай деуден жалыққан емеспін, біздің қоғамның алтын қазынасы. Айналамыздың бәрінде қан төгіліп, дінаралық, ұлтаралық, мемлекетаралық қақтығыстар болып жатқан кезде Қазақстанда біздің тәуелсіздігіміздің бүкіл 18 жылында тыныштықта ғұмыр кешіп келеміз. Сондықтан Қазақстан – әлемдегі құрметті ел, мұнда әлемдік діндер съездері өткізіліп жүр, осы себепті, тұтастай алғанда, біз даму үстіндеміз, осы себепті адамдардың өмірі жақсара түсуде. Бұл – біздің өміріміздің негізі, мұнда ешқандай саясат жоқ. Және достық пен өзара түсіністік бізге мәңгілікке беріле салған дүниелер емес: әрқайсымыз осыны түсініп, осы негізді сақтай білуіміз керек. Және ұлттардың барлық мәселелері, оның ішінде қазақ ұлтының болашағы, оның тарихы, тілі қандай да бір басқа тұрғыда емес, осы негізде шешілетін болады. Ал басқаша болатын болса, түрлі бей-берекеттіктер орын алып жатқан өзге мемлекеттердегідей болады да шығады.
Иә, мен ел бірлігі доктринасын жарияладым. Бұл үш сұраққа жауап беретін болады: біз “ұлттық бірлік” деген сөз тіркесінің астарын қалай түсінеміз? Яғни, ұлттық бірліктің негізі неде және біз оны қалай нығайта аламыз? Әрине, бұл доктринаны қазақстандықтардың барынша көп бөлігі талқылағанын, көп адамдар білгенін және осы негізде бірлесіп өмір сүрудің алыс болашақты көздейтін жалпықазақстандық моделі жасалғанын қалаймыз. Біздің жеріміз үлкен, еліміз бай, бізде бәрі бар. Бірлік үш ұстын арқылы ұсталып тұрады. Біріншісі біздің ортақ тарихымызға қатысты. Барлық халықтар, ұлттар кем дегенде соңғы жүз жылда біртұтас қоғамдастықта өмір сүріп келеді – бұл біздің тарихымыз, тәжірибеміз. Екіншісі – бұл өзге халықтарда жоқ, барлық қазақстандықтар үшін ортақ құндылықтар. Біз Құрбан айтты бірге атап өтеміз, Рождество мен Пасханы, өзге де мейрамдарды, оның ішінде халқымыздың Бірлігі күнін бірге мерекелейміз. Бізде үлкендерді сыйлау, тату көршілік, өзара құрмет, сүйіспеншілік, әйелдер мен балаларға қамқор көзқарас дәстүрлері берік орныққан… Мұндай дәстүрлер Америкада да, Еуропада да жоқ. Және үшінші ұстын – біз құрып жатқан ортақ болашағымыз. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен халқымыздың бірлігі үлкен құндылыққа айналды, сондықтан мен барлығыңыздан ел бірлігі доктринасына өте салмақпен қарауды өтінемін. Үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, қозғалыстар, еліміздегі барлық мәдени орталықтар, кіші ассамблеялар өздерінің сөздерін айтулары тиіс. Біз доктринаны Ұлттық кеңесте, тіпті мүмкін Парламент пен Үкіметте де егжей-тегжейлі талқылап, бір-бірімізді бүгінгіден де жақсы түсіну үшін үйлесімді саясат қабылдауымыз қажет. Бұл болашақ үшін керек…
Тікелей желінің порталы арқылы Қарағандыдан 12 жасар Саша Романов біздің елордамыз 10 жылдан кейін қандай болады деп сұрақ қойды.
Жас буынның елімізге бей-жай қарамайтынына көңілі толған Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: біз бүгінде біздің өзімізді де, меймандарымызды да таң-тамаша қалдыратын елорданы бар-жоғы 10 жыл ішінде тақыр жерден тұрғыздық. Астана барлық қазақстандықтарды біріктіретін орталыққа, ортақ мақтанышымызға айналды. Қазіргі кезде мұнда барлық орталық мемлекеттік органдар орналасқан, осы жерде заманалық әлеуметтік инфрақұрылымдар – оқу, медициналық мекемелер, ойын-сауық және сауда орталықтары құрылған. Қала белсенді өмір сүріп жатыр, және, әрине, таяу болашақта ол ірі мегаполиске айналады.
– 10 жылдан кейін, Саша, Астана үлкен, миллионды қала болады. Және сен әлемдегі үздік университеттердің бірінде оқитын боласың. Содан кейін сен бизнеске, банкке жұмысқа орналасасың немесе мемлекеттік қызметші атанасың. Сен өзіңнің қалыңдығыңмен біз жасаған тамаша саябақтарда немесе 50 мың гектар ағаш отырғызылған Астананың айналасындағы орманда қыдырыстайсың… Сен өзіңнің елордаңмен мақтанатын боласың, ол сол кезде үлкен қалаға айналады және сен өзіңнің ұлыңа шаһар 20 жылдан кейін қандай болатыны туралы әңгімелейсің. Мен саған осыны тілеймін және осылай болғанын қалаймын! – деді Президент.
…Келесі тікелей қосылу – Атырау облысымен. Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысшылары, соның ішінде иженер-технолог Әділет Тұрысханұлы Президентке толғандырар, оның ішінде Қазақстанға тікелей қатысы бар мәселемен қайырылды…
– Қазақстанда бүгін шетелдіктермен бірлескен 5 мыңнан астам кәсіпорын бар. Оларда 380 мың адам жұмыс істейді. Соның 35 мыңы, яғни 9 пайызы ғана шетелдіктер болып табылады. Басқа 91 пайызы – қазақстандық жұмыскерлер. Кейбір кәсіпорындарда шетелдіктер саны одан да көбірек болуы мүмкін. Себебі, елімізге жеткізілген үздік технологияларды үйренгенше шетелдік мамандарды тартуға мәжбүрміз.
Ал енді қазақстандық үлесті арттыру жөнінде біз көп жұмыс істедік. Биылдың өзінде шетелдік компаниялар 1 трлн. теңгеден артық қаражатқа біздің қазақстандық кәсіпорындарға тапсырыстарын беріп, өздеріне қажетті заттарын жасатып жатыр. Осы арқылы қаншама адам жұмыс алып, жалақы табуда. Біздің шетелдік компанияларға қоятын талабымыздың бірі – қазақстандық мамандарды дайындау болып табылады. Бұл талап жылдан жылға арта түседі. Шетелден келетін мамандардың квотасын біздің министрлік қарап, жылдан жылға азайтып отырады. Бұл – дұрыс қойылып отырған мәселе. Сондықтан әр уақытта мемлекеттің назарында болады.
Шетелдік кәсіпорындар мен мамандарды біз неге әкелдік? Қазақстанға осы жылдардың ішінде 100 млрд. долларға тарта тікелей инвестиция келді. Шетелдіктерді тартпасақ, мұны кім берер еді бізге.
Екіншіден, мұнай өңдеуші орындардың жұмыс істеу жағдайы өте үздік технология тартуды талап етеді. 700-800 атмосфералық қысыммен шығатын мұнай мен газды ұстайтын технология Кеңес Одағы кезінде де болған жоқ. Біз, міне, осындай технологияларды әкелдік. Үшіншіден, біздің мамандар олармен иық теңестіре жұмыс істей жүріп, өздеріне болашақта қажет нәрселерді үйренуде.
Елімізді индустрияландыру тақырыбын жалғастырған Атырау мұнай және газ институтының профессоры Аманжан Сағынаев мұнай химиясының жаңа бағдарламасына қандай орын берілетініне қызығушылық танытты.
Президент елімізді индустрияландырудың 10 жылдық бағдарламасының маңызды құрамдасы біздің шикізат ресурстарымызды, оның ішінде мұнай-газ ресурстарын тереңдетіп өңдеу болып табылатынын назарға салды. Оның аясында Атырау облысында жаңа мұнай-химия кешенін тұрғызу қарастырылады. Ол өнімнің кең ауқымын – мұнай мен газды қайта өңдеу өнімдерін ғана емес, пропилен, этилен, т.б. шығаратын болады. Қазір бұл мәселені Үкімет инвесторлармен бірлесіп қарастырып жатыр.
Сонымен қатар, Қазақстан үшін қажетті мұнай өнімдерінің кең ауқымы мен жанар-жағар май материалдарын және майлар алу үшін АтМӨЗ-дің қуатын арттыру және қайта жаңғырту көзделуде. Мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту үшін оны Еуро-3, Еуро-4 стандарттарына дейін жеткізу қажет және халықаралық, сондай-ақ ішкі рыноктарда сұранысқа ие бензол, паракисилол өндіру керек. Маңғыстау облысында 500 мың тонна жол битумын өндіретін зауыт салу қарастырылып отыр. Бұл дәл бізге автомобиль жолдары құрылысы үшін жетпей жатқан нәрсе.
Италияға сапарымның қорытындысы бойынша “Enі” компаниясы Батыс Қазақстанда 3,5 млрд. текше метр газды тереңдетіп өңдейтін газ өңдеу зауыты құрылысын, Каспий теңізінде газ турбалы станса құрылысын бастайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ресми мәселелерге жеке үндеу “араласты”. Мысалы, Рая Аханова Нұрсұлтан Назарбаевтың жас кезіндегі достарымен араласатыны-араласпайтынына қызығушылық білдірді. Оған мынадай жауап берілді:
– Жас кез – қай жасқа дейінгі? Мен бұл мәселеде ерекше адам сияқтымын. Сондықтан мектептегі достарыммен қатынасымды жалғастырып келемін. Біздердің кездесулерімізде ешқандай ресмилік жоқ. Сирек кездессек те олар қандайда бір ыңғайсыздықты сезінетін секілді, бірақ мен өзімді олай сезінбеймін. Бала кезде кім-кімге болсын қашанда қандай да бір ат қойылады. Менде ондай болған жоқ, мені бәрі Сұлтан дейтін, біздің көшеде де, мектепте де. Олар мені қазір де солай атайды.
Әңгімеміз де әрқалай өрбиді, өткен-кеткенді еске түсіреміз. Менің достарымның ең құнды қасиеттері – мектептегі ғана емес, мен әлі күнге институттағы достарыммен және металлургиялық жылдарымдағы достарыммен тұрақты кездесемін – олар кезінде уағдаласқанымыздай маған шындарын айтады. Бұл маған көмектеседі және мен достарыма олары үшін ризамын.
Осыған байланысты өзім өте құрмет тұтатын әлемдік деңгейдегі саясаткер – Франция екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін оны қирандылардан көтеріп, ұлы держава жасаған Президент Шарль де Голль есіме түсіп отыр. Ол бірде былай деген екен: сен мемлекеттік биліктің ұшар басына шыққан кезде есіл-дертің тек мемлекеттік мүддеге ауады, ескі достарың сенен алыстап кеткен, ал жаңа, адал және ашықтарын табу қиын, осы себепті айналаңды қашанда жалғыздық тұмшалайды. Бұл сөздердің бірімен келіссем, бірімен келіспеймін. Адамда қашанда достар болуы тиіс, әйтпесе қалай өмір сүресің? Ескі достар, жаңа достар, өте жақсы серіктестер – бәрі де өмір бойғы досыңа айналады. Мен өзіммен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан адамдарды, олар мені дос деп атай алмаса да, мен оларды достарым деп есептеймін және олардың қашанда жанымнан табылғанын қалаймын. Ұлы философ Сократ айтқандай, қартайғанда жертөледегі ескі шарап секілді ескі достардың жаныңда болғаны жақсы. Мен осылай болғанын қалаймын.
…Тағы да таза экономикалық сұрақтар алға тартылды. Ол Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы Кедендік одақтың пайдасы туралы болды. Бұл сұрақты Ресейдің Омбы қаласынан кәсіпкер Қабылда Шубаев қойды.
Мемлекет басшысы 27 қарашада Минскіде үш елдің президенті тиісті келісімге қол қоятынын мәлімдеді. Біріншіден, өзара инвестициялар, бірлескен кәсіпорындар құру және бизнесті дамыту үшін жағдай жасалатын болады. Екіншіден, кедендік ресімдер қарапайымдандырылады: кәсіпкер бұдан былай қарай көптеген кедендік ресімдеулерге уақыт жоғалтпайды. Үшіншіден, жанама салықтар алудың тәртібі жеңілдейді. Бұл Кедендік одақтағы достас елдердің тауарлары бізге келеді дегенді білдіреді. Егер олар жақсырақ, сапалырақ, арзанырақ болса, онда, әрине, сатып алынады. Мемлекет басшысы бұл бәсекелестік бізге көмектеседі деп есептейді. Бүкіл әлем бойынша тең дәрежеде жарысқа түсу үшін бәсекелестікті әуелі ТМД-да дамыту керек. Қандай да бір мемлекетке өз ішінде тұйықталып қалуға болмайды. ТМД, ЕурАзЭҚ, Кедендік одақ құруда нақ Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық танытқан-тын.
“Болашақ” бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер, соның ішінде Айша Ерғалиева мынадай сұрақ қойды: “Мұнда, Британияда Кембридж, Оксфорд, Эдинбург сияқты жетекші университеттер арқауында жұмыс істейтін ғылыми-техникалық парктер бар, яғни ғылым да, бизнес те бір жерге шоғырланған. Оларда көптеген жастар жұмыс істейді. Біздің осындай ғылыми парктерді қазақстандық университеттер арқауында құруға Сіздің қалай қарайтыныңызды білгіміз келеді”.
– ҚазҰУ-де лекция оқыған кезімде, – деп атап өтті Президент, – мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру туралы айттым. Қазақстандықтар жетекші ғылымдарды меңгеру арқылы белсенділік танытып, біздің болашағымызды құруда алға ұмтылудың локомотиві болады ғой деп ойлаймын. Бұл жолда біз не істеуіміз керек? Менің нұсқауым бойынша еліміздегі барлық облыс орталықтарында 15 зертхана құрылды. Университеттер бұл өздерінің зертханалары деп есептемеулері тиіс, олар барлық зерттеушілер үшін ашық. Әр өнертапқыш, жаңалық ашқыш өзінің ғылыми жұмысын аяғына дейін жеткізе алатын бес ұлттық зертхана құрылды. Мен бұған дейін айтқанымдай, ғылыми орталығы бар Жаңа университет құрылуда. Бұрын Ғылым академиясына қараған институттар Лондондағы және басқа да әлем астаналарындағы сияқты солардың қабырғаларында ғылым жасалсын деп университеттерге берілді. Елге оралыңдар, мұндай тәжірибені бірлесіп жүзеге асырайық. Дәл осындай болашақ үшін мен сендерді “Болашақ” бағдарламасы бойынша беделді университеттерге оқуға жібердім.
Тікелей желінің порталына Алматыдан студент Ника Максимовадан шетелдік сапарлардағы қызықты оқиғалар туралы сұрақ келіп түсті.
Президент сапарларға күлкі үшін шықпайтынын – мұндай сапарларда маңызды мәселелер шешілетінін, бірақ та күлкілі жәйттерді еске түсіруге болатынын атап өтті. Сөйтті де 2006 жылы Америкада ресми сапарда болғанын айтып берді. АҚШ-тың 43-ші президентімен, кіші Бушпен кездесудің алдында Атлант мұхитының жағалауындағы оның әкесінің ранчосына барады. Вашингтонға ұшардың алдында үлкен Буш біздің Президентімізден өзіне қандай бір сұрақтары жоқ па екен деп сұрайды. Нұрсұлтан Әбішұлы жоқ деп жауап береді. “Кейбіреулер балам ретінде Америка президентін мен таяқ алып, Ақ үйде қуып жүреді деп ойлайтын болар – қайдан… – деп жалғастырды Буш. – Қазір мен Американың жай азаматымын, басқа ештеңе емес. Сонда да болса 43-шімен кездескенде оған 41-ші таяудағы сенбіде оның майқұйрығынан ұрады деп айтшы”.
Ыңғайсыз ғой деген табиғи қарсылыққа үлкен Буш: “Нақ солай деп айт” деп тұрып алады. Сопақ кабинетте Американың қызметтегі Президентімен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев оған оның әкесінен сәлем айтып, алдағы сенбіде таяқ жейтіні туралы ескертеді. Залдың іші күлкінің астында қалады. Бұдан кейін әңгіме достық ахуалда жалғасады.
Бірақ та негізінен мұндай кездесулерде қиын келіссөздер жүреді, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы, ал олар оң нәтижеге қол жеткізілуі үшін алдын ала, кесте бойынша әзірленеді.
Оңтүстік Қазақстан облысында телекамералар Ордабасы ауданының Темірлан елді мекеніндегі орталық аурухананың алдындағы алаңға орнатылыпты. Телекөпірге қатысып, Елбасына өз сұрақтарын қою үшін ауыл адамдары жиналған екен. Алғашқы сөзді елге оралған Қасым Атабаев алды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевқа тарихи отанына оралып жатқандарға мемлекеттің жақсы жағдай туғызғаны үшін өзінің ризашылығын білдірді. “Нұрлы көш” бағдарламасына алғысын айтып, Шымкентте өзі секілділерге барынша қолайлы тұрғын үйлері бар “Асар” шағын ауданы салынып жатқанын жеткізді. Бізге бұдан артық жағдайды ешкім жасап бере қоймас. Сондықтан біздерге, қазақстандықтарға, Сізден басқа Мемлекет басшысының керегі жоқ. Әрқашан аман болыңыз, жүз жасаңыз. 1 миллионнан астам қандасымыздың елге оралуы – Сіздің саясатыңыздың жемісі. Бабаларымыздың “Топырағын тапқан дән өнеді” деген өсиеті бар. Аллаға шүкір, елге келіп өніп-өсіп жатырмыз. Сол үшін де Сізге мың алғыс. Қалған қандастарымыз да Сізге арқа сүйеп, үміт артып отыр. Айтыңызшы, осы “Нұрлы көш” бағдарламасы әрі қарай жалғаса ма, дейді Қ.Атабаев.
Бүкіл тәуелсіздік жылдарында, қиындықтарға қарамастан, біз барша әлемге тарыдай шашылған өз отандастарымызды жинау үшін қолдан келгеннің бәрін істеудеміз, деп атап өтті Президент. Соның арқасында бір миллионнан астам біздің қандастарымыз Отанына оралды.
– Мен әруақытта өзімнің отандастарыма, қазақстандықтарға, қазақтарға, елге оралған қандастарымызға қамқор болуды айтып келемін. Қолдан келгенше көмек берейік, аяқтарынан тұрып кетсін. Ертеңгі күні олардың балалары еліміздің болашағын гүлдендірер азамат болып шығады. Сондықтан, міне, былтырдан бастап елге келген қандастарымызға құр әншейін қаражат берудің орнына, пайда келтіретін тиімді жағдайлар ойластыра бастадық. Берілген қаржының қалай тарап жатқанын да бақылау қиын. Осыдан келіп “Нұрлы көш” бағдарламасын белгілеп, оны 2011 жылға дейін бекіттік. Бұл бағдарлама алдағы уақытта да өзінің жалғасын табатын болады.
Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Асар деген ауылда болғанын, үйлердің қалай салынып жатқанын да көргенін жеткізді. Жер телімі бар жеке үйлер және жанында жылыжай да бой көтерген. Жергілікті басшылардың маған мәлімдеуі бойынша, 3 жылдың ішінде бұл ауылдың тұрғындары берген несиені қайтаратын көрінеді. Бұл – өте керемет нәрсе. Сондықтан осы Асар ауылы, Алматының түбіндегі Байбесік ауылы, Петропавл қаласының жанындағы жаңадан салынып жатқан осындай ауылдар жалғасын табуы тиіс. Мұндай елді мекендер Қазақстанда алдағы уақытта да салынатын болады.
Елге оралған қандастарымыз алғашқы кезеңде кездескен қиыншылықтарға шыдауы керек. Барлығы бір күнде бола қоймайды ғой. Біздің егемен еліміз де жаңадан тәй-тәй басып, біршама қиындықтардан да өтіп келе жатыр. Бүгінгі дағдарысқа қарамастан, біз бұл бағдарламаны ұзарта беретін боламыз. Елім деп келген қандастарымызға қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Шетте жүрген қандастарымызды елге шақыра беретін боламыз. Ол біз үшін қажет деп, Елбасы атап өткеніндей, қазір арнаулы 24 нәрлендіруші орталық елге оралғандарға көмек көрсетуде. Төзімділік көрсетейік және тарихи Отанына оралған қазақтар өздерін құр қол қалғандай сезінбеуі үшін бар күш-жігерімізді жұмсайық.
Темірлан ауылының тұрғыны Гайдар Дәмешұлы өз сұрағын қойып, өңірде ауыз судың жетіспеушілік проблемасын көтерді.
Президенттің пікірінше, бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар шешуі тиіс. Сондықтан да дәл жауап үшін сөз облыс әкімі Асқар Мырзахметұлына берілді. Облыста ауыз су жағдайының күрделі екендігін ескере отырып, биылғы жылы бұл мәселеге кең көлемде көңіл бөлініп жатқанын айтты әкім. Соның нәтижесінде 900 елді мекеннің 412-інде биыл ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан екен. Ал енді қойылып отырған нақты сұраққа келетін болсақ, Темірлан елді мекені және оның төңірегіндегі 5 елді мекеннің ауыз су мәселесін жақсарту үшін 1 млрд. 134 млн. теңге қаржы бөлінген. Жұмыс аяқталуға жақын. Жыл аяғына дейін бұл елді мекеннің тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Елбасы осы мәселені ақпарат құралдары да, Үкімет те назарда ұстайтын болсын дей келіп, су берілген кезде өзіне баяндауды әкімге тапсырды.
Порталға жұртшылық тарапынан нақты мәселелерді шешуге қатысты шағым-тілектер өте көп түскен екен. Мысалы, Ақмола облысы Аршалы ауданынының тұрғыны Анатолий Гончар бюджеттен су құбырына деп 150 миллион теңге бөлінгенін, әйтсе де оны тарту жұмысы әлі басталмағанын хабарлаған. Президенттің шұғыл тапсырмасы бойынша бұл жөнінде мәлімет берген облыс әкімі Альберт Рау “Ауыз су” бағдарламасын жүзеге асыру барысында 220 селолық елді мекендердің ауыз сумен жабдықталуы жақсарғанын айтып өтті. Биыл 30 жоба қолға алынған. Елбасының Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес биылғы төрт айдың ішінде Көкшетаудан Кенесары кентіне дейін су құбыры тартылған. Осы арқылы Бурабай курорт аймағының және сол су құбыры өтетін жолдағы барлық кенттердің ауыз сумен қамтамасыз етілуі тұрақты сипат алған. Ал нақты Аршалы ауданына келсек, мұнда барлау жұмыстары судың қорын растамады, сөйтіп келесі жылға Үкімет бұл мәселені шешу үшін қосымша қаржы бөледі.
Президентке Қарағанды облысының тұрғыны, 56 жастағы Александр Трутно сұрақ қойды. Ол өмірбойы тау-кен шахтасында жұмыс істеген. Қазір бірнеше айдан бері жұмысқа орналаса алмай жүр. Қайда барса да жасыңыз келмейді дейтін көрінеді. Күш-қуаты бойында, тәжірибе де, жұмысқа құлшынысы да бар.
– 56 жастағы адамды жұмысқа алмау дұрыс емес, – деді Мемлекет басшысы. – Бізде зейнет жасы ерлер үшін 63 жас. Денсаулығы келіп жатса, одан кейін де жұмыс істей алады.
Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин шағым иесіне көмек көрсетілетінін айтты. Тау-кен өнеркәсібінде жеке капиталдың үлес салмағы үлкен екендігіне қарамастан, билік орындары бұл мәселені таяу күндерде шешетін болады. “Осы жылдың басынан бері ғана Қарағанды облысында экономиканың барлық салаларында 34 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Мұнда нақты сектор да, шағын кәсіпкерлік те, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыс та бар. Нақты жағдайға келсек, бұл – адам тағдыры, біз көмектесеміз”, деді қай шаруаны да тез атқарып, тыңғылықты тындыратын өңір басшысы.
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы тікелей желіге қосылды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушысы Айзат Мұқатаева мемлекеттің ядролық сынақ аймағының тұрғындарына әлеуметтік қолдауына ризалығын білдіре келіп, осы жұмыс жалғаса бере ме деп сұрады.
Семей қаласының, өңірдің барлық жағдайы әрқашан өзінің назарында екендігін айтқан Елбасы Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуын бірге атап өткендерін жеткізді.
Бұрынғы кеңес дәуірі кезінде жасалған ғаламат жарылыстар, біздің халқымыздың басына түскен зардап баршаға белгілі. Ол кездегі мемлекет күйреді, құлады. Барлық қиыншылықтар біздің басымызда ғана қалды. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы қиын кезеңнен бастап біз бұл өңірден қолдан келген көмекті аяп қалған жоқпыз. Бірнеше аурухана, емдеу орындары салынды. Қаншама демеушілік көмек көрсетіліп жатыр. Семей полигонының жерін зерттеп, көптеген жерлерді ауыл шаруашылығына қолданысқа беріп жатырмыз. Әлі де адам бара алмайтын жерлер бар. Сондықтан да осы жылдардың ішінде 34 млрд. теңгеге жуық қаржы полигоннан зардап шеккендерге берілді. 2003-2009 жылдардың өзінде ғана 10 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Сондықтан, бұл мәселе әрдайым мемлекеттің назарында. Бірақ сіздер бұл мәселе жөнінде ойланыңыздар. Кейде зардап шекпегендердің өзі де қаржыға жабысатыны бар. Мемлекеттің қаржысы шашылып жатқан дүние емес, бөлінген ақшаның шын мәнінде зардап шеккендерге жетуін қадағалайық. Ондайларды емдеу, сауықтыру, оларға жан-жақты көмек көрсету арқылы біз бұл жұмысты жүргізе беретін боламыз.
Халықаралық педагогикалық білім академиясының экологиялық орталығының өкілі Михаил Панин Семей қаласының көнекөз тұрғыны ретінде Мемлекет басшысына оның бейбітшілік ісіндегі аса көрнекті қадамына – қуаты жөнінен әлемде төртінші саналатын ядролық полигонды жабуына байланысты айрықша алғысын жеткізді. Сонымен бірге М.Панин экология мәселесінің басқа бір көкейкесті проблемасын да қозғады. Ол – жоғалып кетуге шақ қалып тұрған аса сирек қарағайлы орман жалын қорғау қажеттігі.
– Мен бұл мәселеден жақсы хабардармын, – деді Президент. Семейдің қарағайлы орманы расында да қайталанбайтын керемет. Жергілікті тұрғындар оның қадіріне жете білуі керек, орманды жөнсіз отауға ешқандай жол беруге болмайды. Мемлекет өз тарапынан ол орманды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін де жасайды. 2003 жылдың өзінде бұрынғы орман шаруашылығының орнында “Семей орманы” аталатын резерват құрылған болатын. Мен білетін мәлімет бойынша, кейінгі жылдарда орманның қайта қалпына келу көлемі 50 есе өскен, ағаш ауқымы тоғыз мың гектарға артқан, мұның бәрін өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Ал өрт ауқымы соңғы жылдарда бес есе азайған. Дегенмен, алаңдаудың жөні бар – жергілікті әкімдік бұл мәселемен айналысуы керек. Далалық жердегі Астананың айналасының өзінде, қандай қиын болса да, ағаш егіліп жатыр. Ол орман Бурабай орман массивімен жалғасады. Қазір Астананың айналасында 50 мың гектар орман жайқалып тұр. Демалыс орындары, рекреациялық аймақтар пайда болды. Бүгін осы мәселеге байланысты Ауыл шаруашылығы министріне, облыс пен қаланың әкімдеріне бұл шаруамен тағы да айналысуды, маған ұсыныс беруді тапсырамын.
Елбасына тікелей желіге дайындық барысында мыңдаған сұрақтардың қойылғаны айтылды. Олардың бәріне де Президенттің эфир барысында жауап беріп үлгеруі мүмкін емес. Сондықтан рейтингі жағынан ең жоғары тұрған үш сұрақты бөліп алу жөнінде әңгіменің басында айтылған болатын. Енді, міне, сол уақыт та келді. Үш сұрақтың соңғысын Бауыржан Әбілдаев қойған екен. Ол Қазақстан Президенті түрлі қабылдаулар мен салтанатты іс-шаралар кезінде қандай ішімдікті дұрыс көретінін сұрапты. Мемлекет басшысы мұндай сұрақтың жауабынан да жалтарған жоқ, өз ойын ашық айтты. Адамға тән нәрсенің бәрі өзіне де тән екенін айта келіп, жоғары лауазым мен халық алдындағы жауапкершілік Президенттің өмір салтына өзіндік қолтаңбасын қалдыратынын ескертті. Иә, ресми қабылдауларда спирттік ішімдік қойылады, ол көбінесе шампан болып келеді. Алайда Президент ол ішімдікті онша жақтырмайды екен. Оның орнына қызыл шараптың бір бокалын теріс көрмейтінін, ерекше жағдайларда және испан шарабы болса бас тартпайтынын айтты.
– Мені дұрыс түсініңіздер, менің жұмысым дәйім саламатты өмір салтын ұстануды талап етеді. Мен қай кезде де жинақы жүруім керек. Мысалы, қазір келесі сұрақтың қандай болып қойыларын білмей отырмын ғой. Сондықтан сағат сайын, сәт сайын өмір алдыма тартып тұратын күрделі мәселелерді шешуге қашанда дайын болуым керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарға, әсіресе жастарға спирттік ішімдіктермен әуестенбеуді, қайта өздерінің күш-жігерін елімізге көп пайда келтіретін істерге жұмсауды ұсынды.
– Қазір барған сайын көп адам мұны түсінетін болды. Адамның ең басты байлығы – оның денсаулығы, денсаулық болса тұрмыстың барлық мәселелерін шешуге болады, деді Н.Назарбаев.
Берілген сұрақтардың “халықтың рейтингінде” Владимир Буллердің сұрағы екінші орында екен, “KUAT” корпорациясының үлестік құрылыс нысандары туралы сұраққа жауап жоғарыда қайтарылды.
Ал бірінші орында Гүлден Әбділдинаның балалар бақшалары туралы сұрағы болды: олардағы орындарға кезек алдағы бірнеше жылға созылады. Былайша айтқанда ата-аналарға бөпелері туа салысымен бірден кезекке жазылуға тура келеді. Бұл жағдайдан шығудың жолы бар ма?
– Өкінішке орай, Қазақстанда балалардың мектепке дейінгі мекемелері олардың 36,5%-ын ғана қамтиды. Балалар бақшаларына сұраныстың болуы – қуанышты. Демек, елімізде бала туу өсіп келеді. Менің шақыруым құп алынған ғой, бірінші бала, екінші, үшінші және төртіншілері туғанда көрсетілетін мемлекеттік көмек те – сондай арнада. Кеңестік кезеңде барлық балалар бақшасы мемлекеттік меншікте болды, ал біздің алғашқы “жекешелендірушілер”, сол кездегі үкімет оларды таратып берген немесе сатқан, біз енді бүгін бәрін қайтадан құруға мәжбүрміз, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, дамыған елдерде ата-аналар мемлекеттің алдына балалар бақшалары туралы мәселе қоймайды. Бұл бизнес жұмысының тақырыбы. Олай болса біздің бизнес мынадай сұраныс жағдайында бұған неге назар аудармайды, деп таңданды Нұрсұлтан Назарбаев. Содан соң өзінің тапсырмасы бойынша барлық жерде мектепке дейінгі балалар мекемелерін құру жөніндегі жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Биылғы жылы ғана 20 балалар бақшасының құрылысы аяқталады, ал 2012 жылға дейін шамамен 47000 балаға арналған тағы 170-і пайдалануға беріледі. Бірақ та сұранысты қанағаттандыру үшін бізге әрқайсысы 280 орындық есеппен 800 балабақша салу керек.
Елбасы қазіргі кезде үлескерлік қатысу проблемаларын шешу барысында мемлекет өзіне бірінші қабаттарды алып қоятынын атап өтті.
– Біз үлестік қатысуға жұмсап отырған барлық ақша – халықтың қаражаты, сондықтан да қайтарылуға тиіс. Біз алақолдылармен соттасатын боламыз, сонымен қатар бұл ақшаны қалай қайтаруды ойластырамыз. Сондықтан бірінші қабаттар мемлекетке беріледі. Бәлкім, онда балалар бақшасын ұйымдастырса ше? Міндетті түрде 200-ге емес, 50 адам, 25-ке. Жалпысында, жаңадан салынып жатқан үйлерде мұны көздеу керек, – деп жалғастырды Мемлекет басшысы.
Бірақ мұнда тағы бір проблема туындайды: салуын саламыз ғой, ал онда кім жұмыс істейді?
– Проблема мынада, тәрбиешілер жоқ. Біз оларды оқытуымыз керек. Сондықтан, келіңіздер, ата-аналар, бизнес-қоғамдастық, мемлекет бірлесіп осы мәселені шешетін болайық. Мен Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, осы проблеманы шешу үшін біздің міндеттерімізді нақты айқындауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Ең рейтингті мәселелерге жауап берген Нұрсұлтан Назарбаев басқа маңызды проблемаларға да тоқталып өтті.
Солардың бірі – 2011 жылы болатын 7-ші қысқы Азия ойындарына әзірлік, оның басталуына бар-жоғы бір жарым жыл қалды. Күрделі экономикалық ахуалды және бюджет ресурстарын үнемдеу режімін ескере келгенде, біз мұндай ауқымды спорттық форумды өткізуге ақша таба аламыз ба?
Мемлекет басшысының айтуы бойынша қысқы Азия ойындарына әзірлік үдерісі, өкінішке орай, күрделі кезеңге келді. Бірақ та, бұған қарамастан осы жылдың басында Алматыға сапары барысында Үкіметке барлық жоспарланған құрылыс нысандарын жаңғыртуды және салуды аяқтауға тапсырма берді. Сайып келгенде, нысандар Ойындарды өткізу үшін ғана тұрғызылмайды, деп атап өтті Елбасы, адамдар үшін де салынады. Осыған байланысты тамаша трамплин салынады, “Медеу” мұз айдыны және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қайта жаңғыртылады, Астанада дәл “Медеу” секілді, бірақ жабық мұз сарайы тұрғызылатын болады.
– Бұлардан басқа бізде 30 мың орындық тамаша жабық стадион бар ғой. Ойындардан кейін мұның бәрі біздің қалалықтарға қалады. Бұл ақшаны желге кеткен деп санауға болмайды, өйткені, мемлекет осы шараның жарнамасынан, бұл ғимараттардың жалға берілуінен және көптеп келетін туристерден ақша табады. Демек, Ойындарды өткізетін боламыз, – деп қорытты Мемлекет басшысы.
Өте көп сұрақтар, соның ішінде рейтингтік сұрақтар ірі өнеркәсіптік қалалардағы экологиялық ахуалға қатысты болды. Атап айтқанда, Президенттен мемлекет қазіргі бар проблемаларды шешу үшін мемлекеттік саясат саласында не істейтінін сұрады.
Мемлекет басшысы бұл мәселе Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлем үшін өзекті екенін атап өтті. Мәселе БҰҰ-ның күн тәртібінде мыңжылдықты дамыту жөніндегі жоспарда тұр. Соған орай біздің еліміз мұнан сырт қалмайды. Бүкіл адамзат қазір жаһандық жылынуға, климаттың өзгеруіне алаңдаулы, сондықтан да әлемдік қоғамдастық баршадан осы проблемаға назар аударуды барған сайын көбірек талап ететін болады.
Президент осыған байланысты республиканың ірі өнеркәсіп орындары жұмыстың экологиялық жағынан таза режіміне қалай көшіп жатқанынан мысалдар келтірді. Мәселен, Мемлекет басшысының нұсқауы бойынша Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты өткен жылы қала тұрғындары үшін қасірет болған күкіртті газ қалдықтарын тазалау жөніндегі жаңа цехты іске қосты.
– Бұл зауыт күкіртті ұстап қалып, оны күкірт қышқылына айналдырады, сөйтіп атмосфераға шығарылымдар іс жүзінде тыйылды: 99% тазартады. Дәл осындай зауытты Қазақмыс Балқашта салды. Мен онда болғанмын, мыс өндірісінен шығатын газдарды бұл зауыт толық тазартатынына зор қанағатпен көз жеткіздім, – деді Президент.
Алматыда экологиялық проблемаларды шешу тұрғысында метро салуға, көлік инфрақұрылымын жасауға зор қаражат жұмсалуда.
– Қазір біз нақ Алматыда ауаға шығарылымдарды азайту үшін көліктерді биоэтанол негізінде жасалған май тұнбасына ішінара көшіруді бастамақпыз. Сондай-ақ автомәшинелерді газ-отынға біртіндеп көшіру жоспарлануда, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бірақ бұл шаралар мәселені толық шешпейді. Болашақта электр көлігін пайдалану керек, өтіп кететін мәшинелер қалаға кірмеуі үшін Алматыны солтүстіктен айналып өтетін жол салу керек. Алматы әкімдігі жоспарлап отырған басқа да шаралар іске асырылады.
– Маған әкім Ахметжан Есімов осы жөнінде баяндаған, бұл шаралар қалаға өте жақсы ықпал ететін болады. Мұның өзі барлық қалаларға қатысты. Соның ішінде Теміртау да зардап шегуде. Онда да Қарағанды металлургия комбинаты дамытылатын болады және экология мәселелері инвестордың алдына нөмір бірінші мәселе ретінде қойылды. Бұл мәселе “Теңізшевройлдың” күкіртіне байланысты Атырауда да бар. Жинақталған күкірт біртіндеп әкетілуде. Яғни біз бұл мәселемен айналысудамыз. Оның үстіне Киото хаттамасын ратификациялағанбыз. Қазақстан 2020 жылға қарай пайдаланылған газ шығарылымдарын 20%-ға және 2050 жылға қарай 25%-ға қысқартуы тиіс. Біз пайдаланылатын барлық жаңа технологиялар шығарылымдарды тазартуға бағдарланатын болады, – деген Президент Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан ауа тазалығы жөнінде компанияларға қойылатын талаптар ең жаңа құрал-жабдықтар орнатуды көздейтінін айтты. Бұл өз кезегінде техникалық прогреске жеткізеді. Сондықтан бұл мәселемен барлық атқарушы органдар айналысуы тиіс.
Тағы бір жанды толғандыратын тақырып – біздің елімізде мәдениетті дамыту.
– Бізде “Мәдени мұра” бағдарламасы бар, – деді Президент. – Өз тарихын білмейтін халықтың болашағы бұлыңғыр. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Бағдарламаның екінші кезегіне 4 миллиардтан астам теңге бөлінді. Осының арқасында тарихи маңызы бар көптеген архитектуралық ескерткіштер қалпына келтірілді, ғылыми-қолданбалы сипаттағы зерттеулер жүргізілді. Тарихи деректер іздестіріліп, біз бүкіл әлемді: Еуропаны, Қытайды, Иранды, Ауғанстанды шарлап, елге 5000-ға жуық жәдігерлер мен түрлі тарихи куәліктерді қайтардық. Театрға келетін болсақ, қазір елімізде республикалық және облыстық маңыздағы 60-қа жуық театр бар. Біздің театрларға біртіндеп өздеріне көрермендер тартып, өз беттерімен ақша табуды үйренулері керек. Бірақ бұл үшін уақыт талап етіледі, сондықтан да мемлекет мүмкіндігіне қарай олар үшін қаражат бөлуде. Біз алдағы кезде де мәдениетке көмектесетін боламыз, – деп түйіндеді Президент.
Тікелей желіні қорытындылай келіп, Нұрсұлтан Назарбаев өзін бәрінен бұрын толғандыратын сұраққа: біздің ұлттық идеямыздың мәні неде деген сұраққа жауап беруге мүмкіндік жасауды өтінді.
Ұлттық идея, Мемлекет басшысының пікірінше, қоғамның дамуына қарай туындайды. Осыған орай “Қазақстан-2030” Стратегиясы біздің осы заманғы ұлттық идеямыздың негізі бола алады. Аға ұрпақ, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы, марксизм-ленинизм идеясымен өмір сүрді, ол жөнінде, бәлкім, бүгін де бәзбіреулер аңсайтын болар, бірақ та оның бүгінгі жағдайда “жұмыс істей” қоюы неғайбыл. Алайда, бүгін де адамдар болашақ дамудың бәзбір тіреуіші, бәзбір сүйеніші болса дейді. Мұндай іргетастың өзегі ретінде Президент ұлттық бірлікті, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, интеллектуалдық жасампаз қоғамды және бүкіл әлемде құрметтелетін мемлекет құруды атады. Осы төрт ұстын біздің ұлттық идеяның іргетасы, біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының табысты дамуының негізі болады.
Бұл туралы айта келіп Президент сондайлық күрделі дағдарыс кезінде мемлекет жүргізіп отырған саясатқа қолдау көрсеткені үшін барша қазақстандықтарға ризашылық білдірді. Мұндай қолдауды Мемлекет басшысы әр кезде де, еліміз өңірлерінде жұмыс сапарларымен болғанда да атап өтіп келеді. Осыған орай дағдарыс үрдістері оябында бүкіл әлемде экономикалық құлдырау байқалып отырғанда, біздің мемлекетіміз даму серпінін төмендету былай тұрсын, тіпті кейбір көрсеткіштерін жақсарту мүмкіндігі бар.
Бұл алдын алу шараларын қабылдаудың арқасында мүмкін болды: 2007 жылдың күзінде-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке дағдарыспен күреске 4 млн. доллар бөлуді тапсырған. Кейінірек, 2008 жылы Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында дағдарысқа қарсы ауқымды бағдарламаны іске асыру міндеті қойылды – Ұлттық қордан тағы да 10 млрд. доллар бөлінді, соның арқасында, іс жүзінде, отандық банктерді банкроттықтан сақтау мен шағын және орта бизнесті несиелеуді қамтамасыз ету мүмкін болды. Сайып келгенде, бұл сектордың өнімділігі айтарлықтай жоғарылап, өткен жылдың көрсеткіштерінен асып түсті.
Маңызы тіпті де аз емес басқа жәйт – үлескерлерге қолдау білдіру және тұрғын үй құрылысына жан бітіру, индустриялық инфрақұрылымды дамыту: биылғы жылы ғана “әлеуметтік сыйымдылығы” 9 мың тұрақты жұмыс орны болатын 80 жаңа нысан пайдалануға беріледі.
Яғни, Үкімет тапсырмаларды орындауда, деп атап өтті Мемлекет басшысы, зейнетақы, бюджетшілерге жалақы жүйелі төленіп отыр. Халықты несиелеу үдерісі жалғасып жатыр. Осы жолғы әлемдік дағдарыстың созылу мерзімі жөніндегі болжамдар әрқилы болғанымен, Қазақстанның оған қарсы тұру үшін беріктік қоры бар: мемлекеттің алтын-валюта резерві 45 млрд. доллар шамасын құрайды. Демек, қазақстандықтардың алаңдаушылығына еш себеп болуға тиіс емес, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен бірге “арзан ақша аласапыраны” келмеске кеткенін айтып өтті. Бұл сабын көпіршігі жарылып, қарапайым ақиқатты қуаттап берді: ақшаны еңбекпен табу керек, қаражатыңа қарай өмір сүру керек. Бұған құрылысшылар да, бизнесмендер де, өздерін “несиеге” жеңіл өмір сүрудің қиялымен алдаусыратып жүрген ел азаматтары да дайын болуы тиіс.
Бүгінде елдің банк жүйесі жанданып келеді, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың салымдары тұтастай алғанда 34%-ға көбейген. Мемлекет салымдарды кепілдендіру жөніндегі өз міндеттемелерін орындап келеді. Бұл сенімнің өте жақсы көрсеткіштері, оларды әркім құрметтеуі тиіс.
– Тағы да қайталап айтайын: біз сіздермен бірге бұл несиелерді құрметтеуге, оларды уақытында қайтаруға тиіспіз. Қазақстандықтар өздерінің болашақтарына сенімді болуы тиіс. Лайықты өмір сүріп, жұмыс істеуі тиіс. Дағдарыстар келеді, кетеді. Бұл жолғысын да біз өткереміз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев тікелей желіде жауап беріп үлгермеген сұрақтарға қатысты Үкіметке, барлық министрліктер мен ведомстволарға, облыстардың, аудандар мен қалалардың әкімдеріне азаматтардың барлық өтініштерін бақылауға алып, олар бойынша толымды жауап қайтаруды тапсырды. Сондай-ақ Президент осы айдың аяғына дейін жетекші мемлекеттік БАҚ-тарда тікелей желі бойынша тапсырмалардың орындалуы кеңінен көрсетілуін қамтамасыз етуді ұсынды.
– Осылайша, құрметті азаматтар, біз барлық сұрақтарды қамтып, оларға жауап беретін боламыз. Мен сіздердің үлкен қызығушылықтарыңызды түсінемін. Бәлкім маған сіздермен осындай тұрғыда жиірек кездесу қажет болар, бірақ та бір нәрсені айта аламын: мен әр күні, әр минөтте, әр секөнтте қолымды ел тамырында ұстап отырмын және мемлекеттік аппарат Қазақстанның игілігіне жұмыс істеумен айналысып келемін.
Қымбатты менің жерлестерім, отандастарым, сіздердің зор ықыластарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздердің әрқайсыларыңызға, әр отбасына, сіздердің жақындарыңыз бен достарыңызға береке, ізгілік және бақыт тілеймін.
Қазақстанның міндеттері зор. Біздің болашағымыз біздің қолымызда. Қазақстан алға баса береді. Біз жеңіп шығамыз, – деді Президент қазақстандықтармен тікелей желіде жүздесуді аяқтап.