Жаңалықтар

Сенбі-жексенбі күндері сауда және қызмет көрсету орындары жұмыс істемейді

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 230 жағдай тіркелді. Бұл туралы тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мәлімдеді.

  • Облысымызда соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 230 жаңа жағдай тіркелді. Оның 194-інде ауру белгілері болса, 36-сы — симптомсыз. Пандемия басталғаннан бері өңірде 15 894 жағдай тіркеліп отыр. Оның ішінде 67 пайызының ауру белгілері бар. Үй карантиніне 5860 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Қазір облыс «қызыл аймақта». Сондықтан өңірде шектеу шараларын күшейту мақсатында жаңа қаулы шықты. Ол 2 тамыздан бастап күшіне енеді. Қаулы бойынша облыстағы кейбір кәсіпорындар сенбі-жексенбі күндері жабылады. Сондай-ақ бұл күндері ашық, жабық базарлардың, банктердің, «Қазпошта» бөлімшелерінің, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, фитнес, спорттық нысандардың, салондардың, сауна-моншалардың, сауда және қоғамдық тамақтану орындарының, кафелер мен мейрамханалардың жұмыс жасауына тыйым салынады.

Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бастап қала аумағында қоғамдық көліктер жүрмейді. Бұл шаралар көпшіліктің жиналмауы, індеттің таралмауының алдын алу мақсатында жасалып жатыр. Бүгінгі күні облыс бойынша 47 мобильдік топ жұмыс жасауда. Олар бізге  күн сайын шағымдар түсіріп, бұзушылыққа жол берген азаматтар туралы ақпарат беріп жатыр, — деді Н.Беркімбаева.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазір облыста инфекциялық ауруханаларда 824 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 67 науқас жатыр. Карантиндік стационарларға 5 адам жатқызылған. Инфекциялық кереует жүктемесі — 55%, реанимациялық кереует жүктемесі — 37%. Резервтік кереует саны — 2128.

Бүгінгі күні облыста коронавирус инфекциясын тексеретін 11 зертхана жұмыс істеп тұр. Пандемия басталғалы бері өңірде жалпы саны 726 689 ПТР-тест алынды. Оның ішінде 3900-ы — соңғы тәулікте алынғандар.

Биылғы жылдың ақпан айынан бастап облысқа барлығы 398 575 доза вакцина жеткізілді. Бүгінге дейін екпенің бірінші компонентін — 220 457, екінші компонентін 130 675 адам алды, — деді ол.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button