Жаңалықтар

Қос шенеунік қызметінен кетті

Жер заңнамасын бұзған ырғыздық шенеуніктер тәртіптік жазаға тартылды.

Бейсенбі күні өткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облыстық Әдеп жөніндегі кеңесінің кезектен тыс отырысында мүдделер қақтығысына жол беріп, жер телімдерін беру бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу барысында жер заңнамасын бұзған жер комиссиясы мүшелері Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аралбай Ералинге, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Нұрекешовке, аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің басшысы Игорь Тұртаевқа және Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Саринге қатысты тәртіптік іс қаралды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Қайрат Акиевтің айтуынша, 2020 жылғы 24 және 26 тамыздағы шаруа қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі жер комиссиясының отырыстарындағы өтінімдері бар конверттерді ашу рәсімі аудио және бейнежазбаға тіркелмеген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын орындау, фитосанитарлық және карантиндік талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелер қамтылмаған.

— Сонымен қатар нөмірі 15-лот бойынша Ырғыз ауданы Аманкөл ауылдық округінің аумағында орналасқан 1434 гектарды құрайтын жер учаскесіне қатысты түскен Ералин мен Жұбанышевтың өтінімдерін қарау барысында олардың  инвестициясының болжамды көлеміне берілген балдардың теңдігіне қарамастан, жер комиссиясы төрағасының орынбасары Аралбай Ералин мүдделер қақтығысына жол беріп, конкурсқа қатысушы өзінің туған інісі Ербол Ералиннің балын негізсіз жоғарылатылып, комиссия мүшелерінің шешімімен бірауыздан оны «жеңімпаз» деп танып, хаттамаға барлық комиссия мүшелері қол қойған, — деген Қайрат Акиев осылайша жер комиссиясы мүшелері тарапынан заңбұзушылыққа жол берілгенін айтты.

Заң бұзған ырғыздық шенеуніктерге қатысты өткен Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аралбай Ералин мен Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Саринді қызметінен босату жөніндегі шешім бірауыздан қабылданды. Ал жер комиссиясының мүшелері қатарында болған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Нұрекешов пен аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің басшысы Игорь Тұртаевқа қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button