Жаңалықтар

Анықталған кемшіліктер айтылды

Облыстық әкімдік ғимаратында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Жоғарыда аталған департаменттің басшысы Әділбек Мұқашев төрағалық еткен отырыста алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы сақтау бойынша жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижелері қаралды. Тарқатып айтсақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бұзушылықтардың мерзімін бұзудың 732 фактісі, негізсіз бас тартудың 58 фактісі анықталғаны айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына жүргізілген ішкі бақылау бойынша өңірдегі  мемлекеттік органдардың  өткен жылғы қызметінің қорытындылары талқыланып, Қарғалы, Ойыл және Ырғыз аудандары бойынша жүргізілген бақылау іс-шараларындағы кемшіліктер, Әйтеке би, Қобда және Ойыл аудандары бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің электрондық үлесінің азайғаны тілге тиек етілді. Кейіннен ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының шешімімен тиісті ұсынымдар әзірленді. Атап айтсақ, алдағы уақытта мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімін бұзуға, негізсіз бас тартуларға жол бермеу бойынша шаралар қабылдау, ауыл шаруашылығы субъектілерін проактивті форматта субсидиялау, яғни мемлекеттік қызметті қызмет берушінің бастамасымен қызмет көрсету мәселесін қарау, сондай-ақ бюджет қаражатын жоспарлау кезінде аудан деңгейінде субсидиялау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің алдын ала тізімін қалыптастыру механизімін әзірлеу жайы ұсынылды. Мұнымен бірге Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінің құрылымдық бөлімшелеріне мемлекеттік қызметтерге ішкі бақылау жұмысын күшейту, халық арасында eGov mobile және TelegramBot мобильді қосымшалары арқылы электрондық мемлекеттік қызметтерді ресімдеу тәсілдерін кеңінен насихаттау, қызмет алушылардың шағымдарын уақтылы қарау, сондай-ақ қызмет алушылардың құқығын сақтау бойынша тапсырмалар берілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button