Жаңалықтар

Ойыл ауданы қызыл аймаққа енді

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Ойыл ауданы қызыл аймаққа енді. Осыған орай Ақтөбе облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 26 наурыздағы №ПГСВ-11 жаңа қаулысы шықты.

Қаулыға сәйкес қазіргі таңда облыста конференциялар, көрмелер, форумдар, ойын- сауық, спорттық, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты және басқа да іс-шараларды өткізуге, ойын-сауық мекемелері, банкет залдары, балалар ойын алаңдары, кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметіне, бастауыш, орта және негізгі орта деңгейдегі білім беру, орта оқу ұйымдарындағы асханалардың, сондай-ақ мәдениет нысандарының жұмысына тыйым салынады.

Ал қызыл аймаққа енген Ойыл ауданында шектеу шаралары күшейтіліп, бірқатар нысандар мен білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметіне шектеу қойылды. Атап айтсақ, алдағы уақытта ауданда балалардың түзету кабинеттері, медициналық орталықтар мен кабинеттер, балалар мен ересектердің білім беру орталықтары алдын ала жазылу бойынша жұмыс жасайды. Мұнда келушілер саны 15 адамнан аспауы керек. Сондай-ақ ауданда жұмыс және демалыс күндері сұлулық салондары мен шаштараздар ішкі тәртіпке сәйкес қызмет ететін болады. Супермаркеттер жұмыс және демалыс күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Мектепке дейінгі мекемелерде кезекші топтарда адам саны 15-тен аспауы тиіс, ал діни нысандарда ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану нысандарына орын санын 30-дан асырмай, таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Алайда ауданда ұжымдық, салтанатты, отбасылық, естелік (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру) және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады.

Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде 1-сыныптан бастап 5-сыныпты қоса алғанда, сыныптағы балалар санын 25-тен асырмай аралас форматта оқытуға, мектеп бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтан аралас форматта оқытуға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ Ойыл ауданына баратын немесе аудан аумағынан шығатын адамдардың міндетті түрде дене қызуы мен денсаулық жағдайы тексеріліп, COVID-19 белгілері бар барлық адамдар зертханалық тексеруден өту үшін карантиндік стационарда 2 тәулікке оқшауланады. Зертханалық тексеру нәтижелері шыққаннан кейін оң нәтижесі бар адамдар емделу үшін инфекциялық стационарларға ауыстырылады.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button