«Рухани жаңғыру»: тарихты білу — тағылымды іс
Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Рухани жаңғыру — ұлттың ұлы мұраты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, зиялы қауым өкілдері, белгілі археологтар мен тарихшылар қатысты.
Жиында алдымен облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалардың өңірде орындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ ол биыл аталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында облыста 165 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілгенін атап өтті. Атап айтсақ, олардың қатарында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздікке тағзым» акциясы, «Ақтөбем — алтын бесігім!» жобасы, «30 жыл — 30 нақты іс» әлеуметтік жобасы, «30 қайырымды іс», «30 жетістік», «30 жаңа есім» жобалары бар. Сонымен қатар биылғы жылы облыста Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығына орай Алаш арыстарына арналған «Азаттықтың ақ таңы» тарихи кешені ашылып, Ш.Берсиевтің 140 жылдығына орай «Ұлы Жібек жолындағы жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» жобасы аясында «Тары» фестивалі, «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртуға арналған «Асыл қазына» тележобасы ұйымдастырылмақ.
Бұдан кейін басқосуда Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында институт ғалымдары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесіп, археология саласы бойынша 6 жобаны, ал этнография, халықтық сәулет өнері ескерткіштерін кешенді ғылыми зерттеуге бағытталған 2 жобаны жүзеге асырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, алдағы уақытта облыс аумағында ауқымды археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жалғасады.
Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин соңғы жылдары өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыруда тың жобалар қолға алынып, тарихты зерделеуде ұлы бетбұрысқа жол ашылып жатқандығын жеткізді.
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы — тарихты зерттеумен шектелмей, көптеген салаларды қамтитын жоба. Бүгінгі күні өңірімізде осы бағдарламаның бағыттарын жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде киелі орындарды дәріптеу, тарихи жерлерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған жобалардың болашағы зор. Біздің келешек ұрпақ тарихымызды мақтанышпен айтатындай болуы керек. Сондықтан біз бүгіннен бастап ұлт тарихын санаға сіңіру үшін осындай тарихи-ғылыми жәдігерлерімізді насихаттап, ата-бабаларымыздың ұлы жолын ұлықтауға тиіспіз. Тарихқа қатысты зерттеу жұмыстары — аса ұқыптылықты, жан-жақты пысықталуды қажет ететін дүние. Көнені зерттеу, оны болашақ ұрпаққа табыстау — біздің міндетіміз. Рухани жаңғыру болмай, экономикалық даму да болмайды, — деді облыс әкімі.
Басқосуда зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстарға байланысты өз ой-пікірлерін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында А.Айталы, К.Еспағамбетов, А.Тайжанов, А.Мырзалин, А.Беркінбаев, Е.Жайлыбай, Б.Мырзабай, Б.Сәрсембина, т.б. бар.
— Өткенді меңгерген қоғам болашақты да меңгереді. Ал өткенінен айырылып қалған қоғамның болашағы да болмайды. Бүгін, міне, сол өткенді зерттейтін археология ғылымының бір үлкен жеңісін көріп отырмыз. Қоғамды тану, оның тарихын тану — өте күрделі мәселе. Еш уақытта ғылымға, оның ішінде тарихи ғылымда нүкте қоюға болмайды. Ол — шексіз таным. Осы шексіз танымның бір көрінісі — осы Ақтөбе облысынан табылған «Алтын адам». Бұл республикада ғана емес, әлемнің археологиялық картасына енетін бір жаңалық болып отыр, — деді философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі тарихты зерделеу тағылымды іс екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Данагүл ҚАЗИХАН.