Басты жаңалықтарМереке

«Ең әдемі киім — ұлтыңның киімі»

Қазақтың ұлттық киімдері өзге халықтарға ұксамайтын өзіндік ерекшеліктерімен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасқан. Қазақы киімнің барша сәнділігі оның ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі жатыр. Ерте замандардан бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қазақ қолөнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық киімдеріміз жетерлік. 

Біз осы қолөнердің аса бай қазынасы — ұлттық киімдеріміздің түрлеріне тоқталып, заманауи үлгіде шетелге жаңғыртып жүрген сәнгерлермен тілдескен едік.

Ұлттық киімдердің ерекшеліктері

Қазақтың  ұлттық киімдері көшпелі заманның салт-дәстүрімен бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Жыл мезгілдеріне сай арнайы жасалған түрлері, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған және тағы да басқа жас ерекшелігіне қарай бөлінетін түрі көп кездеседі. Киімдеріміздің пішіндері мен нақыштары өзгеше, таза ұлттық нұсқада болды. Оған кез келген ұлт қызығып қарайды.

Жалпы алғанда қазақ киімдері етек-жеңі мол, қарапайым, жұмысқа және жүріп- тұруға үйлесімді, дене сымбатын ашатын сәнді болып келген.

Ұлттық киім өнерінің бай қорын облыстық тарихи өлкетану музейінен көре аласыз. Мұндағы этнография залы қазақ халқының ұлттық киімдері мен ұлттық бұйымдары жинақталған 11 бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, жеті қанатты киіз үйден бастап, қару-жарақ, ат әбзелдері аңшылыққа қатысты бұйымдар мен ұлттық музыкалық аспаптар бар.

Бізді этнография залымен таныстырған музейдің археология және этнография, ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Бекнар Есіркепов ұлттық киімдердің ерекшелігіне кеңінен тоқталды.

— ХІХ, ХХ ғасырларға жататын әйел адамдардың ұлттық киім үлгілері қайталанбайтын бірегей экспонат деуге болады. Жалпы, қазақ халқында киімдер дене пішіміне сәйкес бірнеше үлгіге бөлінген. Мәселен, баскиім, белдік киім, иықтық киім деген түрлері бар. Солардың ішінде қасаба — ерекше ұлттық бас киімдердің бірі. Мұны, әсіресе, ертеде хан, сұлтандардың қыздары киетін болғаны жөнінде дерек бар. Сондай-ақ қыздарды сәукеленің орнына осы қасабаны кигізіп те ұзататын болған. Желкесін, шашын жауып тұратын арнайы құламасы бар бас киім барқыт матадан тігіліп, бетіне ою-өрнектер түсірілген. Сондай-ақ қазақта түлкінің терісінен тігілген күләпара деген баскиім болған. Бұл салқын мезгілдерде тымақтың, бөріктің сыртынан киілген.

Жалпы, еліміздегі барлық музейлердің этнографиялық каталогтары шығып тұрады. Бұлардың барлығы — көп жерде кездеспейтін, біздің музей қорымыздағы құнды бұйымдар, — дейді ол.

Музейде бүгінде танымал тігіншілердің қолынан шыққан көздің жауын алар ұлттық киімдер де бар. Мәселен, музейдің ашылуында Қазақстанға белгілі тігінші Айжан Абдубаиттың қолынан шыққан қалыңдық пен күйеу жігіттің ұлттық киімі табысталған.

Қазақтың көшпелі шаруашылығында малдың және аңның терілері негізгі тұрмыстық қажеттіліктерді толық өтеді және шикізат ретінде тері бірінші орында тұрды.

— Ер адамдардың, әсіресе күз, қыс мезгілдерінде киетін ұлттық киімдерінің көптеген түрі бар. Солардың бірі ретінде бірнеше қасқырдың терісінен жасалған ішік пен түлкі терісінен жасалған тымақты айтуға болады. Жадағай шапан — бұл ерлердің ұлттық киімі. Бұл шапанды белгілі күйші Қазанғап Тілепбергенұлының шәкірті Қадырәлі Ержанов киген. 2015 жылы ұрпақтары музей қорына тапсырды. Тағы бір ер адамның киім үлгілерінің бірі — шекпен. Аналарымыз кезінде түйенің жүнінен тоқыған. Зер салып қарасаңыз, қаншама ұқыптылық, төзімділік пен шыдамдылықты талап ететін өнер. Шекпеннен су да, жел де өтпейді. Су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Ол матадай емес, өте берік әрі жеңіл болады, тез тозбайды. Күпі — сонау бағзы заманнан келе жатқан қазақтың киім үлігісі. Оның ерекшелігі — қойдың немесе түйенің жабағы жүнін теріс айналдырып тігіп, әртүрлі матамен қаптайды. Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар «жарғақ» дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды «жарғақ шалбар» деп атаған. Ұлттық киімдердің қатарынан баспақ терісінен илеп жасалған жарғақ шалбарды да көре аласыз. Жалпы, қазақтың қай киімін алып қарасаңыз да, кең, өте ыңғайлы етіп тігілген. Өйткені ер-азаматтар үнемі аттың үстінде жүретіндіктен, соған арналып пішілген, — дейді Бекнар Есіркепов.

Сондай-ақ музейден кішкентай балаларға арналған ұлттық киімдер мен қолсөмкелердің түпнұсқасын көрдік. ХХ ғасырдың ортасында музей қорына келіп түскен жәдігерлердің бірі — қыжым кебіс. Бұл да ерекше, көп кездесе бермейтін асқан шеберлікпен дайындалған дүние. Сырты матамен қапталып, ою-өрнекпен көмкерілген. Сондай-ақ музейден кезінде Батыс Қазақстан өңіріне танымал етікші Қайып Қорабайұлының қолынан шыққан аяқкиімді кездестіруге болады.

— Дәстүрімізге сай, атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық киімдерімізді ұлықтасақ, тарихымыз жойылмайды. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахналық немесе мерекелік емес, күнделікті тағатын бұйым, киетін киімге айналдырып, қалыптастырсақ, рухани жаңғырудың жарқын жолы болар еді деп ойлаймын, — дейді Бекнар Есіркепов.

Ою-өрнектің сыры

Ұлттық үлгідегі киімдердің құндылығын сол қалпында және бүгінгі заман талабына сай дайындап келе жатқан ақтөбелік дизайнерлердің бірі — Малика Дүйсенбаева. Оның тігін шеберханасында ұлттық үлгідегі тарихи, заманауи ерлерге және қыз-келіншектерге арналған түрлі ұлттық киімдер тігіледі. Стильді ұлттық киімдердің сәнгері облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Мәселен, «Қазақстанның жыл көйлегі  — 2016» және «Әлем көйлегі — 2017» номинацияларына ие. Сондай-ақ «Business Lady Қазақстан» республикалық байқауының ұйымдастырушысы.

Үш жоғары экономикалық білімі бар болса да, ол қазір тігіншілікті өзіне кәсіп етіп жүр. Қаржылық есеп-қисапты шебер меңгерсе де, ата-бабасынан жалғасып келе жатқан тігіншілік кәсіппен айналысуға біржола бел байлайды.

Мен киім тігуді анамнан үйрендім. Осы салаға келуіме оның септігі көп тиді. Бастапқыда бухгалтер болып жұмыс істей жүріп, тігіншілікті хобби ретінде алып жүрдім. Бүгінде ұлттық киімге деген сұраныс жоғары. Сұраныс көбейген сайын әзірленетін киім үлгілерін қайталанбайтындай етіп дайындаймыз. 2010 жылы «Ақтөбе ажары» сауда үйінен арнайы бутик алып, тапсырыспен киім тігуді бастадым.

Жалпы, әр оюдың өз мағынасы болады. Қазір оюды жөнсіз пайдалана беретін болған. Бұл — мүлдем дұрыс емес. Әр оюдың өз орны, әр киімнің өз мағынасы болады деп үнемі айтып жүремін. Және осы принципті өз туындыларыма да қолданамын, — дейді ол.

Малика қазір қыз ұзату тойларына қалыңдықтардың көпшілігі ұлттық киімімізді таңдайтынын айтады. Ол әрбір келген қалыңдыққа сәукеленің тарихын, оның маңыздылығын түсіндіруден жалықпайды екен.

— Сәукеле — қазақ халқының негізгі атрибуты. Сәукелесіз қалыңдықты көзге елестету мүмкін емес.  Бұрын ата-бабаларымыз ұзатылып бара жатқан қыздың тегін, әлеуметтік жағдайын оның басындағы сәукелесіне қарап-ақ білген. Өйткені әрбір рудың өз оюы осы сәукеледе бейнеленген. Қазір сәукелеге көп адамдар мән бермейді. Сондықтан бізге келген қыздарға сәукеленің тек сәндік үшін емес екенін айтып, оның мәнін ұғындыруға тырысамыз, — дейді шебер.

Маликаның айтуынша, ұлттық ою-өрнектердің өзі өсімдіктер, жануарлар, геометриялық және ғарыштық түрлерге бөлінеді.

— Қазір тігіншілер көбінесе ұлттық киімге ою-өрнектің өсімдік және жануарлар тәріздес түрін көп пайдаланады. Жануарлар тәріздес ою-өрнектердің негізі — қошқармүйіз. Қошқармүйіз — қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде кескінделетін ою-өрнек. Біз осы оюды өз ой-қиялымызбен жалғастырып, үндестіруге тырысамыз. Сол сияқты ботамойын, қазмойын да  қолөнер бұйымдарында кездесетін оюлардың бір түрі. Ою-өрнектің өсімдік тәріздес түрлерінде біз өз тәжірибемізде көбінесе жапырақ, гүлдерге ұқсас өрнектерді жиі пайдаланамыз. Табиғатқа қарап-ақ, ұлттық ою-өрнектеріміздің негізінде өз қиялыңнан түрлі ою ойлап табуға болады. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, қастерлеуіміз керек, — дейді шебер.

Малика қаладағы «Анаға тағзым» орталығында жастарға тігін өнерінің қыр-сырын үйретіп, шеберлік сабақтарын да өткізді. Бүгінде оның қызы да ана жолын қуып, дизайнерлік мамандықта білім алып жатыр.

Ұлттық киімдерді жалға алу құны қанша?

Наурыз айы басталса, қазақы көйлек, шапан, камзол алу қарқыны күшейеді. Бірақ соңғы уақытта жақсы тренд байқалатынын айтады тігіншілер. Олардың айтуынша, ұлттық киімдер мен әшекейлерді күнделікті өмірде киіп, тағып жүретіндер көбейген.

Әйгерім Төлеулина Ақтөбе қаласынан «Әсия» тігін шеберханасын ашып, бүгінде өз кәсібін жүргізіп отыр. Тапсырыспен киім тігіп, этностильдегі ұлттық киімдерді жалға береді.

— 2009 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үш айлық курсты тәмамдап, ательеге жұмысқа тұрдым. Білікті мамандардан тәжірибе жинақтадым. Үйден де тапсырыс алып, тіккен киімдерімді бутиктерге тапсырып жүрдім.

Уақыт өте келе, өз тігін шеберханамды аштым. Бүгінде үш адам жұмыспен қамтылды.

Қазір қыз-келіншектердің ұлттық нақыштағы көйлектерге қызығушылықтары жоғары. Былтырдан бері жастар арасында ұлттық киіммен фотосессия жасау жақсы үрдіске айналды. Әсіресе, жас жұбайлар той алдында этностильдегі ұлттық киімдерді жалға алады. Мәселен, бір костюмді жалға алу құны 15 мың теңгеден басталады. Ал сәукеле мен кәжекейдің өзі 5 мың теңгеден.

Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, күн­делікті гардеробымызды ұлттық үлгі­де тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігі­л­ген киім арқылы жастардың бойы­на патриоттық сезім ұялатамыз. Отан­дық өндірісті қолдай отырып, эко­логия­л­ық таза материалдан тігілген киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Шетелдерге өзі­міз­дің ұлттық эле­мент­тері бар сапалы киім­дері­міз­ді ұсына отырып, отандық өнімдері­міз­ді экс­порт­қа шығаруға барлық күш-қуаты­мызды салсақ жөн, — дейді Әйгерім.

Сіз не дейсіз?

Алмагүл САРЫБАЙ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

Қазақтың қыз-келіншектерінің баскиім кию мәдениеті

— Әйелдің киімі, әсіресе, баскиімі оның жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты өзгеріп отырған. Ата-бабаларымыз қыз балалардың бойына иба мен инабатты киіммен бірге сіңіре білген.

Қазақ халқы  қыздың ибалы, инабатты болғанын қатаң қадағалаған. Қыздар бастарына тақия киген, тізелерін жауып тұратын көйлектер киген. Бойжеткен жаздыгүні жұқа матадан тігілген тақия кисе, қыста бөрік киген.  Тұрмыс құрмаған қыздар барынша сәнді киініп жүрген. Бойжеткендер бұрымын әсемдеп өріп қойып, шолпысын сылдырлатып жүрген.

Қазақта мынадай ырым-тыйым бар: «Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ — жаулық, қара — қайғы».

Тұрмысқа шыққан қыздар сәукеле, күнделікті өмірде желек киеді де, балалы болған соң, шылауыш орамал жамылады. Сонымен қатар қазақтың қыздары да, келіншектері де қасаба киген. Қасаба күрең не көгілдір түсті жібек, шибарқыт, пүліш, дүрия, парша секілді маталардан тігіледі. Сұлбасы дөңгелек етіп, тақияға ұқсастырып пішіледі де артқы жағына немесе желкесіне қарай бірте-бірте ойытқи түсетін құламасы болады, оның ұшы әйелдің арқасына қарай төгіліп жатады. Қазақтың қыздары да, келіншектері де киген сирек кездесетін ерекше баскиімнің бірі —  қарқара. Биік әрі шошақ, әсем безендірілген, сұлу құстардың қанат қауырсынын баскиімді жас келіншектер мен қыздар сән-салтанаты мен жарасымын арттыру үшін киген.

Қазақта «Кимешек киім ғана емес — мәртебе. Кигеннің ажарын ашады, қарағанның мысын басады» деген нақыл бар. Жас әйелдер кимешектерін оюлап, өрнектермен әшекейлеп,  сәндеп киген. Кимешек ақ матадан не ақ жібектен көбірек пішіліп, әйелдің басын, иығын, кеудесін, жауырынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдің жасын, жағдайын білуге болады. Мысалы, егер кимешек тек қана ақ матадан тігіліп, ою-өрнексіз, кестесіз болса, ол әйелдің жесір болып қалғанын көрсетеді. Әйел адамның жасын да кимешекке қарап білуге болады. Әйелдің жасы ұлғайған сайын оның кимешегі қарапайымырақ бола түседі.

Әжелер кимешек киеді. Ол қарапайым, аппақ матадан болады. Мұндай кимешек киген адам аса қадірлі және құрметті болып есептелген. Кимешектің үстінен жаулық тартқан. «Ақ жаулықты әже» тіркесі осыдан шықса керек. Жаулықтың маңдайына қатты қағаз салып орау әжелердің мәртебесін, салтанатын көрсеткен.

Қарт әйелдердің үстіндегі көйлектері неғұрлым етекті, камзол аса бай оқалы өңірмен безендірілген.

Осының бәрі халқымыздың баскиімге деген ерекше құрметін көрсетеді. Қыздарын қылықты етіп тәрбиелеп, баскиімін басты құндылығы деп дәріптеген ұлтымыздың ұлы мұрасы ғасырдан-ғасырға жаңғырып, жете беруі тиіс.

«Ең әдемі киім — ұлтыңның киімі» деген сөз бар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық музейлері мен көрмелерінен орын алған.  Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат ретінде жүріп, құрметтеудің бір көрінісі ретінде бағаланған.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button