Жаңалықтар

Кәсіпкерлер құқығы қорғалады

Талқы

Ақтөбедегі «Восход Трейдинг» компаниясының ресейлік серіктестеріне өндірілген хром кенін сатуға мүмкіндігі жоқ. Себебі «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы басқа елдерден бос вагондар беруге тыйым салған. Бұл — ақтөбелік кен өндіруші кәсіпорынның жұмысына айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр.

Аталған компания басшылығы бұл мәселеге қатысты «Қазақстан теміржолы» кәсіпорнына жағдайды түсіндіріп, өтініш жазғанмен, мардымды жауап ала алмаған. Сол себепті «Восход Трейдинг» компаниясы облыстық кәсіпкерлер палатасынан осы мәселені оңтайлы шешіп берулерін сұраған. Теміржол тасымалы саласына байланысты бизнестің проблемалық мәселесі кәсіпкердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды.

Бүгінде Ақтөбедегі хром кенін өндіруші  «Восход Трейдинг» компаниясының өніміне ресейліктерден сұраныс 80 пайызға дейін артқан. Өндірушілер де өнімді шетелге экспортқа шығаруға дайын. Алайда аталған компания хром кенін өз серіктесіне логистикалық жолмен жеткізе алмай отыр. Бұған себеп — «Қазақстан теміржолы — Жүк тасымалы» ЖШС өткен жылдың желтоқсан айынан бастап өз теміржол желісіне басқа елдерден бос вагондар беруге тыйым салыпты.  Қазақстандық экспорттаушылар «Қазақстан теміржолы» компаниясынан «бөтен» вагондарға шектеулерді алып тастауды болмаса ашық вагондарға тарифті төмендетуді бірнеше мәрте сұрағанмен, теміржол компаниясы тарапынан осы күнге дейін шектеу алынбаған.

Бүгінгі күні біз хром кеніне мол сұраныс берген компаниямен жұмыс жасай алмай отырмыз. Бұл шектеулер бізге қиындық тудыруды. Экспорттың тоқтауы жұмысшы жалақысынан бастап, төлейтін салықтарымызға дейін кері әсерін тигізіп отыр, — деді  «Восход Трейдинг» компаниясының өкілі  Әлішер Нұрғалиев.

Бұл мәселеге қатысты облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы Рахат Тәжібаев:

Облыстағы «Восход Трейдинг» кен өндіруші компаниясы шығынға ұшырап жатыр. Оған бірден-бір себеп — жеке оператор — «Қазақстан теміржолы» кәсіпорны тарапынан ұсынылып отырған баға жоғары. Яғни бос вагонды беру үшін 582 мың теңгеге жуық қаражат төленуге тиіс. Ал басқа елдің бос вагондарын алу компания үшін екі есе арзанға шығады. Қазіргі таңда кен өндіруші компанияға осы жағы тиімсіз болып тұр. Бұл мәселені жедел шешу үшін палата «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп жұмыс жасайтын болады. Бүгінгі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сол сияқты кеңесте қаралған екінші мәселе — мемлекеттік бағдарламаның кемшін тұстары айтылды. Дәлірек айтсақ, құрылысқа жұмыспен қамту орталығы арқылы адам алу тиімсіз.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрлан Махамбетовтің айтуынша, бағдарламада ескерілмей қалған тұстар бар. Бұл бизнеске кері әсерін тигізуі мүмкін. «Құрылыстың түр-түрі бар. Жол салу үшін техниканың күші көбірек қажет болса, тұрғын үй салуда жұмысшы күші қажет. Сонымен қатар бағдарлама бойынша құрылыс саласында еңбек етуге келгендердің бәрі бірдей іске икемді бола бермейді. Тіпті, кейбіреулері жұмысқа құлықсыздық танытады. Сондықтан еңбекпен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлген жөн», — деді ол.

Кеңес мүшелері аталған мәселелерді жан-жақты талқылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button