Жаңалықтар

Қайырымды жандар шарапаты

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі жылдағы дәстүр бойынша Алғыс айту күніне орай «Жақсылық жасауға асығайық!» атты қайырымдылық іс-шарасын өткізді.

Биыл да дәстүр бойынша білім ордасында алғыс айту айлығы жарияланды. Бұл жылдың ерекшелігі — Алғыс айту айлығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 30 қайырымды игі іс жобасы аясында өтті.  Мұндағы мақсат — кәсіби білім бағытында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақты мейірімділік пен парасаттылыққа, сыйластық пен ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ жарияланған қайырымдылық айында ардагерлерімізге алғыс айтып, сый-сияпат көрсетіп, аулаларын қардан тазалау, үйішілік шаруасына көмек қолын созу сияқты жұмыстар жасалды, — деп түсіндірді оқу ордасының директоры Жеңіскүл Мұханбетпайызова.

1 наурыз күні өткен мерекелік шара барысында 10 көпбалалы отбасынан шыққан оқушыға ақшалай сертификат табысталды. Бұл қаражатты колледж ұжымы жинаған. Сондай-ақ бірқатар қызметкер 30 мың теңге көлеміндегі ақшалай қолдауға ие болса, 5 көпбалалы отбасыға азық-түлік пакеттері табысталды. Қайырымдылық шарасына банк басшылары мен жеке кәсіпкерлер, сұлулық салонының иелері де атсалысты. Шара барысында олар өз тарапынан колледж оқытушылары мен студенттеріне естелік сыйлықтары мен сыйақыларын табыстады. Сондай-ақ колледж ұжымы биыл білім басқармасы тарапынан бірнеше отбасының тізімін алып, көмек қолын созды.

Шара соңында колледж директоры, ізгілікті қолдау шарасының бастамашысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық ағартушылық штабының жетекшісі Жеңіскүл Мұханбетпайызова колледж ұжымына, шараға қолдау білдірген жомарт жандарға алғысын білдірді. Мерекелік кеш колледж өнерпаздарының концертімен аяқталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button