Жаңалықтар

Алтын ұл мен күміс қыз

Қыстың қанатқағарында Ойылдың қоржыны алтын және күміс жүлдемен толықты.

Бекзат Мұқанбетов 2019 жылы Ташкент қаласында жасөспірімдер арасында өткен самбо күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. Сол кезде алтынға қолы жетіп тұрса да қателік жіберіп алғанын, келесіде бұған жол бермейтінін айтқан болатын. Сол сөзінде тұрып, араға жыл салып Бекзат Қазақстан Республикасының чемпионы болды. Жақында Талдықорған қаласында өткен чемпионаттың алтын жүлдесін иеленген Бекзат бұл жеңісін жерлестеріне арнады. Барша Ойыл халқына және бапкерлері Тимур Қалниязов пен Азат Әлімжанұлына 1 наурыз Алғыс айту күніне орай тікелей желі арқылы алғысын білдірді.

Мүмкіндігі шектеулі болса да өзінің қажырлылығымен еңбек еткен адамға шектеу болмайтынын дәлелдеп жүрген кәсіпкер Гүлсім Елекбаева Алматыдан олжалы оралды. Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында III республикалық «Қайырымдылық керуені» конкурсы өткен болатын. Елімізде қайырымдылықты насихаттауға бағытталған 5 номинация бойынша іріктеу жүргізілген еді. Байқаудың қорытындысында «Асар» номинациясы бойынша  Гүлсім II орын иеленді. Конкурстың күміс медалі мен 100 мың теңге сертификатын алды.

Аудандық «Үкілі үміт» клубының мүшесі Гүлсім Елекбаева бұған дейін де ауданда өтетін қайырымдылық шараларына белсене қатысіп жүр. Ол мұндай жетістікке жетуіне қолдау білдіріп отырған аудан әкімдігі мен жерлестеріне ризашылығын айтты.

Самат ЕСЕНҚҰЛ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button