Жаңалықтар

Ырғызда спорттық жарыстар, ақындар айтысы өтті

Жұма күні Ырғыз ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ақын атындағы көше тұрғындары арасында гір көтеруден, қол күресінен және арқан тартудан спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудандағы талапкерлер арасында айтыс өткізіліп, жастар ақын шығармаларын жатқа айтты.

Жарыста гір көтеруден 1-орынды Жамбыл көшесінің байырғы тұрғыны Қартаңбай Қошқаров, 2-орынды Нұркен Бертайыз, 3-орынды Тілеубек Бауыржанұлы иеленді. Ал қол күресіне аталған көшенің 16 тұрғыны қатысып, 1-орынды Нұркен Бертайыз жеңіп алды.

Топ-топқа бөлінген көше тұрғындары арқан тарту жарысында да ерекше белсенділік танытты. Атап айтсақ, 1-орынды «Қыран» командасы жеңіп алса, 2-орын «Тарлан», 3-орын «Жастар» командаларына бұйырды.

Барлық жеңімпаздар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі атынан бағалы сыйлықтармен, мадақтамалармен марапатталды.

Сондай-ақ бұл күні Ырғыз аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Арай» мәдениет үйінде «Жамбыл баба мәңгі бірге қазақпен» атты танымдық сағаты өткізілді.  Шарада «Жамбыл — ұлы дала ақыны» атты кітап көрмесі, аудандағы 21 мектептің арасында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген сурет байқауында іріктелген 13 жұмыс бойынша сурет көрмесі жасақталды.

Танымдық сағатқа аудандағы Жамбыл есімді тұрғындар шақырылып, оларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Шара барысында Алматы қалалық Ж.Жабаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы және Ж.Жабаев әдеби-мемориалдық мұражайының ұжымдары онлайн түрде өз құттықтауларын жолдады.

Бұдан кейін кітапхана оқырмандары Б.Қанибай, Қ.Қанатұлы, С.Тиышбай, А.Елкей, М.Аппаз, А.Хасенова, К.Сәкенқызы, Ж.Сақиқызы, З.Алтынбекқызы, Д.Аппаз, А.Кәрім, Д.Болат, т.б. Жамбыл ақынның шығармаларын жатқа айтып, өз өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ауданда «Жыр алыбы – Жамбыл» атты аудандық ақындар айтысы өтті. Оған барлығы 7 талапкер қатысты.

Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны Қорлан Тойбазаров жеңіп алды.

Шара соңында барлық талапкерге Алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтар табысталды.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button