Жаңалықтар

Төрт адам суықтан құтқарылды

Ақтөбелік құтқарушылар боранды күні жол бойында қалған екі адамды суықтан құтқарды.

Ақтөбе қаласының «112» құтқару қызметіне Жаңатұрмыс ауылынан облыс орталығына 2 адамның жаяу шығып кеткені, алайда қардың қалыңдығына байланысты олардың жолда тоңып тұрғаны туралы  хабар түседі. Шақырту орнына құтқарушылар бригадасы мен апаттар медицина орталығының дәрігерлері жедел жіберілді. Дәрігерлер 1968 жылы туған азамат пен 1983 жылы туған азаматшаға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оларды дереу жедел жәрдем ауруханасына жеткізді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәліметіне сәйкес, ауа райының қолайсыздығына байланысты Әйтеке би ауданында да апатты-құтқару жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, 18 ақпанда жергілікті сағат 16.40 шамасында  Аралтоғай ауылдық округіне қарасты Қияқты ауылының маңындағы шаруа қожалығынан шыққан 2 адамның көліктің техникалық бұзылуы салдарынан қар құрсауында қалып қойғандығы туралы ақпарат түскен.  Оқиға орнына аудандық өрт сөндіру бөлімінен 3 адам, өтімділігі жоғары 1 техника жіберілген. Нәтижесінде жолда қалған азаматтар Самара-Шымкент тасжолы бойындағы «Салтанат» кемпингіне жеткізіліпті.

Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына қыстағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды әрі дауылды ескертулерге назар аударып, ауа райы нашарлаған жағдайда үйде болуды ескертеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button