Жаңалықтар

Жауынгерлер жас мамандармен кездесті

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылған күніне орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жауынгерлермен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаев, аталған департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегендік Айтқұлов, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Арман Қадыров, сондай-ақ  офицерлік құрам мен өрт сөндіру бөлімінің жас қызметкерлері қатысты.

Шара барысында ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі насихатталып, патриоттық тақырыпта әңгімелер айтылды. Жауынгерлер жас мамандарға соғыс жылдарында бастан өткерген қиын сәттерді айтып берді. Олар жастарды елімізде бейбітшілік пен тыныштықты қолдауға, тұрақтылықты сақтауға үлес қосу қажеттігін айтты.

Интернационалист жауынгерлермен жүздесу кезінде қатысушылар Ауған соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жиында департамент басшылығы тарапынан ардагерлерге Алғыс хаттар ұсынылып, құрмет көрсетілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button