Жаңалықтар

Ырғыздық ақсақал жетпіс жасында коньки теуіп жүр

Салауатты өмір

Спортпен шұғылдану үшін жас маңызды емес, тек ынта керек. Мәселен, жетпіс жастағы ырғыздық ақсақал Қуаныш Күшеновтің ісі көпке үлгі. Ақсақал ауыл сыртындағы мұз айдында коньки теуіп жүр. Қимылы кәнігі спортшыдан кем емес. Шыр айналып, сырғанағанда анау-мынау жігітті жолда қалдырады.

Коньки тебу маған таңсық емес. Себебі спортты бала кезімнен серік еткенмін. Жастау шағымда күреспен, волейболмен, спорттың тағы басқа бірнеше түрімен айналыстым. Ал аяғыма конькиді қай жасымда байлағаным есімде жоқ. Ол кезде бүгінгідей таңдап киетін, түр-түрі болған жоқ. Тек астыңғы жағы ғана болды. Оны етікке, байпаққа байлап алатынбыз, —  дейді Қуаныш Күшенов.

Ырғыз ауылын айнала өзен-көл қоршап жатыр. Қуаныш ақсақал жас кезінде құрдастарымен бірге ауылдың солтүстігіндегі Ақиін деген жерден Сабынкөл көліне коньки теуіп баратынын айтады.

Жалпы, аудан орталығында қысқы спорт түріне қызығушылар қатары жыл санап артып келеді. Ол үшін жергілікті спорт мамандары барынша мүмкіндік жасауға тырысады. Мәселен, Қуаныш ақсақал сырғанап жүрген мұз айдынын спорт мектебінің мұғалімдері мен ауыл тұрғындары бірігіп жасаған. Ырғыз өзенінің бетін тазалап, тұрғындардың коньки теуіп, балалардың хоккей ойнауына ыңғайлаған. Сөйтіп, бұқаралық спорттың дамуына кішкентай болса да септігін тигізген.

Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Жыл сайын осындай мұз айдындарын дайындап, оқушылардың жаттығуына мүмкіндік жасаймыз. Аптаның бес күнінде сабағымызды осы жерде өткіземіз. Арнайы бөлінген жауапты мамандарымыз бар. Қазір  отбасымен келіп, коньки тебуге ынталы ырғыздықтар өте көп.  Әрине, қуаныштымыз. Әсіресе, Қуаныш ақсақалдың мұз айдынға келуі бізге үлкен серпін берді, — дейді Ырғыз балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Алтынбек Сарбөпин.

Қуаныш Күшенов болса, ұялы телефон мен компьютерге үңілген бүгінгі жастардың ісіне наразы.

— Он екі мүшесі қозғалып, қимылдамаған адамға түрлі ауру үйір болады. Сондықтан мен жастарды спортпен айналысуға шақырамын. Қазір мүмкіндік көп қой. Қандай спортпен шұғылданамын десе де жағдай бар. Қасыма қатарластарым келсе қуанар едім, — дейді күліп.

Айтуынша, немерелерін ертіп, бұл жерге жиі келіп тұрады. Қалай десек те аяғына коньки байлап, жетпісінде желмен жарысқан Қуаныш ақсақалдың бұл ісі құптарлық.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button