Жаңалықтар

Дамудың негізі — ұмтылыс

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән беріп келеді. Соңғы жылдары кәсіпке бет бұрып, өз ісін бастағандар саны артты. Ауыл тұрғындары да нарық заңына бейімделіп, түрлі кәсіп ашуға ұмтылуда. Оған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы мен қайтарымсыз гранттар өз септігін тигізуде.

Несие алып, кәсібін кеңейтті

Былтыр Әйтеке би ауданында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 84 адам жіберілді. Сондай-ақ 91 адамға 50,5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік гранттар берілді.

Солардың бірі, жас кәсіпкер Айсұлтан Әлқуанышұлы аудан орталығынан автоқосалқы бөлшектер сату дүкенін ашып, өз ісін жандандырып отыр. Бұл — аудан бойынша жыл басында ашылған алғашқы нысан. Жалпы аумағы 16 шаршы метр дүкен бүгінгі күні аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтарына қызмет көрсетуде.

  • Мен 2019 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айдан астам уақыт тегін курс оқып, сертификат алдым. Шәкіртақы төленіп, бизнеске қатысты жан-жақты бағыт-бағдар берілді.

Жыл сайын автокөліктер санының көбейгенін ескерсек, автоқосалқы бөлшектер нарығының өсу қарқынын да байқауға болады. Ауданнан осындай дүкен ашу көптен ойымда жүрген еді. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаның септігі тиді. Алты пайыз жеңілдікпен несие алып, бастапқыда Ақтөбе-Қостанай тасжолы бойынан көлік жөндеу орталығын ашуды жоспарладым. Алайда былтыр пандемияның салдарынан жұмыстарым бәсеңдеп қалды. Биыл автоқосалқы бөлшектерді сату дүкенін аштық. Қазір мұнда көлік құралдарының барлық түрлері, мотор майлары, басқа да автоқосалқы бөлшектер сатылады.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Еліміз жыл сайын дамып, ауылдық жерлер де көркейіп келеді. Бүгінде қандай да бір кәсіпті бастағың келсе, мемлекет тарапынан қолдау табылып жатыр. Ерінбей еңбек еткен адамға мүмкіндік мол, — дейді кәсіпкер.

Алдағы уақытта ол кәсібін кеңейтіп, дөңгелек жөндеу, көлік жуу қызметтерін қосуды, сондай-ақ жол бойынан өткен жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне дәмхана ашуды да жоспарлап отыр.

Автосақтандыру орталығы ашылды

Биыл Шалқар ауданында «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында 10 жоба жоспарланды. Сондай-ақ осы бағдарлама шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар да берілуде.

Бүгінде ауданнан 2 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа 12 жоба ұсынылды. Оның бесеуі 18,9 миллион теңгеге оң қорытындысын алды. Сөйтіп, Шалқар қаласының кәсіпкерлері өз кәсіптерін бастап кетті.

Сондай кәсіп иелерінің бірі — шалқарлық Асылбек Дәулеталин. Ол былтыр бизнес-жоспар құрып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы қайтарымсыз 4 миллион теңге грант ұтып алған. Жақында аудан орталығынан автосақтандыру және көліктерді техникалық байқаудан өткізу орталығын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.

— «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсын оқыдым. Мамандардан кәсіп бастау туралы сұрап, анық-қанығын білдім. Бүгінде Шалқарда техникалық байқаудан өткізетін орталық жоқ. Аудан тұрғындары облыс орталығына баруға тура келетін немесе ауданға мобильді топтар арнайы келетін. Сол үшін осындай орталық ашу ойға келді. Ендігі жерде тұрғындар барлық автокөлік түрлеріне сақтандыру қызметі, жүруге жарамдылығы жөнінде анықтамаларды ауданнан да ала алады. 

Мемлекеттік бағдарлама арқылы 4 миллион теңге несие алып, өз жинаған қаражатымды да қосып кәсіп бастауға негізгі 5 құрылғы сатып алдым. Құрал-жабдықтар, негізінен, Ресей елінде сатылады, — дейді А.Дәулеталин.

Кәсіпкер әзірге аудан орталығынан бір ғимаратты жалға алып отыр. Алдағы уақытта жеке ғимарат салу үшін 1 миллион теңгеге құрылыс бұйымдарын сатып алып қойған. Жақында орталығына оператор жұмысшы алу жоспарында бар.

20-дан астам адам жұмыспен қамтылды

Шалқар ауданының тұрғыны Арман Әлімбаев та қазіргі заман талабына сай «Тұғыр» минимаркетін ашып,  20-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сауда орталығы өз тұтынушыларына күнделікті тұрмысқа қажетті көкөніс пен жеміс-жидек, тұрмыстық тауарлар, жаз айларында құрылыс материалдарын ұсынады.

  • Отандық тауарлармен қатар, Ресейдің Оренбург, Астрахань қалаларынан да тауарлар алдырамыз. Жүк тасымалдайтын арнайы автокөліктеріміз бар.Тұрғындардың азық-түлікке деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге тырысамыз. Былтыр елімізде карантин режимі жарияланғанда өзге облыс, мемлекеттерден тауар алу қиындық туғызған жоқ. Арнайы рұқсатнама қағазы берілді. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша шекті бөлшек сауда бағасын тұрақты ұстау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Біз де ортақ талаптарды орындап отырмыз, бағаны негізсіз өсірмейіз.

Шалғайдағы ауылдың тұрғындары азық-түлікті қаладан әкелгеннен гөрі  жақын жерден қолжетімді бағамен алса, тиімді әрі пайдалы. Сондықтан жеке кәсіпкер ретінде ауылдың жағдайының жақсаруына, кәсіпкерліктің дамуына өз үлесімізді қосып жатырмыз.

 «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша арнайы курс оқып шықтым. Биыл кәсібімді кеңейтіп, «Даму» қоры арқылы несие алуды жоспарлап отырмын.

дейді кәсіпкер.

 Кәсіпкерлердің барлығы да «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясындағы «Бастау Бизнес» жобасының тиімді екенін айтады. Себебі жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар кәсіпкер шаруасының өркендеуіне септігін тигізуде. Ісі алға басқан азаматтар енді оны кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді. Осылайша бағдарлама өз нәтижесін беруде.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button