Жаңалықтар

Мектеп түлегі — ғалымға құрмет

Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназия ғимаратының қабырғасына осы мектептің алғашқы озат түлектерінің бірі, Мұхамбетжан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік коммуникациялар академиясының кафедра меңгерушісі болып қызмет істеген физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Санкт-Петербург халықаралық экология, өмір қауіпсіздігі академиясының мүше-корреспонденті Сәтбай Қабақбаевқа арналған мемориалды тақтаның ашылу салтанаты болды.

Рәсімге мектеп ұжымымен қатар еңбек ардагерлері, ғалымның замандастары және бауырлары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақ ғалымның өмір жолы мен ғылымдағы жетістіктеріне, өскелең ұрпақ үлгі аларлық кісілік қасиеттеріне кеңінен тоқталды.

Сәтбай Жұмағалиұлы 1954 жылы Шалқар ауданына қарасты Көкжиде ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Шалқар қаласындағы №2 қазақ орта мектебін «Алтын медальмен» бітіріп, 1978 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін тәмамдады.

Ол 1995-2000 жылдар аралығында Ақтөбе қаласының алғашқы сайлаған мәслихатының депутаты болып, 1998-2003 жылдар аралығында Орталық Азия университетінің Батыс аймағы бойынша ректоры қызметін атқарды. 2003-2007 жылдары М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және транспорт академиясының Ақтөбе филиалында кафедра меңгерушісі, одан кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Сапа мониторингі» бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.

Ол ұстаздық қызметімен қатар ғылыми еңбектер жазды, оқулықтары бірнеше тілдерге аударылып, жарыққа шықты.

Осы салтанатты шарада Шалқар ауданының құрметті азаматы Оразбай Әділбаев, Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, ғалымның замандасы Жеткерген Елемесовтер сөз сөйлеп, бұл жиынның жас ұрпақ үшін маңызы зор екендігін айтып, «Мектептің әрбір шәкірті Сәтбайдай ғалым болсын!» деп тілектерін білдіріп, баталарын берді.

Ғалымның бауырлары атынан сөз алған Қазақстанның құрметті журналисі Жанғабыл Қабақбаев інісінің есімі өзі оқыған мектебінде ұлықталып жатқанына шынайы ризашылығын білдіріп, жиналған көпшілікке осы игілікті шараға еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген ғалымның туыстарын, ұл-қыздарын таныстырды. Мектеп әкімшілігіне ұрпақтары атынан алда ашылатын Сәтбай Қабақбаев атындағы кабинетті жабдықтау үшін бір миллион теңге қаржы мен өзге де сый-сияпаттарды табыстады.

№2 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнәр Қалдыбаева ғылым жолын қуған жақсы ағаның жарқын бейнесі ел жадында сақталатынын, оның еңбектері жас ұрпаққа рухани азық, мол мұра болатынын жеткізіп, үлгілі іс жасаған Қабақбаевтар әулетіне ризашылығын білдірді.

Мемориалдық тақтаны ашу құрметіне ғалымның тоқсан жастағы ағасы Қартбай Қабақбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев ие болды.

Санитарлық талаптар ескеріле отырып, мектептің кіреберіс дәлізінде ғалымның еңбектері мен өмір жолынан сыр шертетін фотошежірелері қойылған көрме ұйымдастырылды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button