Жаңалықтар

Алдағы бес жылда Қандыағаш пен Ембіде үй көбейеді

Мұғалжар аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Б.Исакенов, С.Ведюшкин, Б.Өтешова, С.Сұлтанова Қандыағаш қаласындағы Болашақ шағын ауданының тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында үміткерлер әуелі тұрғындарға Nur Otan партиясының Мұғалжар ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бағдарламада аудан тұрғындары үшін өзекті мәселелердің шешімдері мен алдағы 5 жылдық жоспар баяндалған.

Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Бақыт Өтешова:

— Бүгінде Мұғалжар ауданында 1370 отбасы тұрғын үй алу үшін кезекте тұр. Nur Otan партиясы халықты қолжетімді сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында мынадай міндеттер қойып отыр. 2021-2025 жылдары Қандыағаш, Ембі қалаларында 315 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй құрылысын салу жоспарда тұр. Оның ішінде, 2021 жылы Ембі қаласындағы бес қабатты 45 пәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөнделуі 180 тұрғынды үймен қамтиды. Ал 2022 жылы күрделі жөнделетін бес қабатты 90 пәтерлі тұрғын үй 300-ден астам адамды тұрғын үймен қамтымақ. 2023-2025 жылы Қандыағаш қаласында 3 бес қабатты 180 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй салу жоспарда тұр. Нәтижесінде 720 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 10 көп қабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Осындай шаралар ауданның 1260 тұрғынын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Nur Otan партиясының тұрғын үй мәселесін шешуге қатысты міндеттеріне тоқталып.

Кездесу барысында Мұғалжар аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер аудан тұрғындарының бірқатар сұрақтарына жауап берді.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button