Пікір

Күдік пен күмән сейілді

Гүлмараш МҰҚАШЕВА, №6 Хромтау гимназиясының директоры

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні  ерекше жағымды жаңалықпен басталды. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Мақала мазмұнды жазылған. Мемлекет басшысы материалында өткенімізді терең саралап, болашағымызға нақты бағыт сілтеген, сондай-ақ ел көкейінде жүрген сан сауалға нақты жауап берген. Расында көп күмәннің бетін ашып, көңілімізге сенім ұялатты, соңғы кездері пандемияның салдарынан түсіп кеткен еңсемізді тік көтерді.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатыны белгілі.  Президентіміз осы 30 жылды шартты түрде үш онжылдыққа бөліп қарастырып, саралап, талдап, салмақтап ой таразысына салды. Алғашқы онжылдық — мемлекетіміздің іргетасын қалау кезеңі, екінші онжылдық — керегесін кеңейту кезеңі, үшінші онжылдық — шаңырағымыз биіктеп, мерейлі мемлекетке айналдық.  Ендігі келесі онжылдықта қуатты, кемел халыққа айналу, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, әділетті мемлекет құру мақсаты  тұр.

Ел Президенті осы мақсатқа жету үшін тарихымыздың кейбір ашылмай қалған тұстарын әлі де толық зерттеу, ұрпақ санасына көркем және тарихи туынды түрінде  жеткізу, бай тарихи шежіремізді, біртуар тұлғаларымызды кейінгі ұрпаққа, әлемге лайықты насихаттау керек екенін баса айтты.  Жеріміз, тіліміз, бірлігімізді — егемендігіміздің мәңгілік үштағаны деп атап, «осы үш құндылығымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп нықтап, нығыздап айтуы осы мақаланың ең маңызды өзегі десек болады. «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат — қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», — деп көп көңіліндегі күдікті сейілтті.

Міне, осы үш құндылығымызды балабақшадан, мектептен бастап ұрпақ санасына дұрыс сіңіре білу — біздің, білім беру саласының басты жұмыс бағытына айналуы тиіс. Президент мақаласында қозғалған тағы бір маңызды мәселе — білім. ХХІ ғасыр — білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс. Мемлекет басшысы талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қанатты сөзді берік ұстанған халықтың ұрпағымыз, бұл жоба аясында біздің талай дарынды, талантты жастарымыздың биіктен көрінері анық. Дегенмен сол жастардың қанатын қақтырып, талантын ұштап, жігерін қатайту біздің жауапкершілігімізде.

Хромтау қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button