Жаңалықтар

Еңбек мерекесі

Аудан

Сәрсенбі күні қобдалықтар ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында өткен молшылық пен тоқшылықтың мейрамына аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген нағыз еңбек адамдары жиналды.

Шара барысында аудан әкімі Болат Құлов шаруаларды кәсіби мерекесімен құттықтап,  Қобданың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, ауылшаруашылық саласының дамуы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.

Аудан әкімі қобдалық шаруалармен қатар, ауданның даму тынысы мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын БАҚ беттерінде жариялап көрсетуге қосқан үлесі үшін облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілішілеріне де алғыс білдіріп, ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Айта кетейік, өткен аптада облыс әкімінің қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Қобда ауданы мал шаруашылығы бойынша озат аудан деп танылып, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатымен және арнайы сыйлығымен марапатталған болатын. Осы қуанышты аудан тұрғындарына жеткізген Болат Құлов бұл қобдалық шаруалардың ортақ жеңісі екендігін айтып, облыс басшысы табыстаған теледидарды Иманғали Білтабанов атындағы ауылдық округке қарасты Қосөткел ауылында үйі өрттен зардап шеккен отбасыға табыстады.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбдиев шаруаларды мерекесімен құттықтап, Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысқан және Қазақстан фермерлерінің жұмысына белсене атсалысқан қобдалық шаруаларға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің және Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаевтың Құрмет грамотасын  тапсырды.

Салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған мерекелік концертпен жалғасты. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған кештен қобдалық шаруалар ерекше көңіл-күймен тарқасты. Айта кетейік, бұл қобдалық өнерпаздардың індет басталғалы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырған алғашқы офлайн концерті болатын.

Күзгі далалық жұмыстарына 78 тонна дизель отынын жұмсаған шаруалар, барлық өнімді толық жинап, тасып алыпты. Қобдалықтардың қамбасына биыл 9714 тонна астық құйылған. Шаруалар 2043 тонна майлы дақыл, 4 мың тоннадан астам картоп, 4708 тонна көкөніс, 3504 тонна бақша өнімдерін жинапты. Бүгінде ауданда 424 шаруашылық құрылымы жұмыс жасап тұр. Оның 273-і мал шаруашылығымен айналысады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button