Жаңалықтар

Ұсынылған мүмкіндіктер. ұтымды істер

Мемлекеттік бағдарлама

Бүгінде кәсіп бастаймын дегенге мүмкіндік мол. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жеңілдетілген несие алып, қайтарымсыз ұсынылған гранттардың жемісін көріп жүргендердің қадамы соған дәлел.
Биыл Шалқар ауданында шағын және орта бизнесті қолдау бағытына «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында он жоба жоспарланған болатын. Бүгінде осы жоба артығымен орындалып, 474,0 млн. теңгеге іске асырылған.
Үлкен бастамаларға жол ашатын осы ұтымды мүмкіндіктерді тарқатып айтсақ, Шалқар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Қорқытұлының сөзінше,
ауданымызда субсидиялау және кепілдемелер бойынша бес жоба жүзеге асқан. Олардың қатарында «Жалаугер-НС» ЖШС — 50,0 млн теңге,
жеке кәсіпкерлер А.Искаримова — 4,0 млн теңге, Г.Нұрбай — 3,0 млн теңге, «Мұғалжар Нефте Строй» ЖШС — 251,0 млн теңге, Бершүгір ауылдық округіндегі «Aqshat-su» ЖШС 120,0 млн. теңге алып, кәсіптерін кеңейтуде.

  • Шалқар ауылдық округіне қарасты «Әнуар-Ережеп» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 27,1 миллион теңге алып, қыстақтарды электр желісімен жабдықтау жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар осы бағдарлама негізінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес, бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейінгі гранттарға қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылған болатын. Осыған орай ауданнан 12 жоба ұсынылып, оның бесеуі оң қорытындыланды,— дейді Аян Қорқытұлы.

Осындай жоба иелерінің бірі — Шалқар қаласының тұрғыны Әсет Сағымбай. Қаланың Ә.Жангелдин қалашығында тұратын темірден түйін түйген оны көпшілік жақсы таниды. Кішкентайынан дәнекерлеу жұмыстарына әуестеніп, өсе келе осының кәнігі маманы атанған Әсеттің қолтаңбасы бар темір қақпалар, өзге де тұрмыстық бұйымдар бүгінде көпшіліктің қызығушылығына ие. Заман ағымы дамыған сайын адамның талғамы да жоғарылап, әркім қажетті бұйымын өз қалауынша жасатқысы келетіні анық. Сондай талғамы кірпияз тұтынушылардың ықыласына ие болып жүрген жас жігіттің жоспарлары да баянды. Жоғарыда аталған «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы шеңберінде таяуда 3 млн 400 мың теңге грантты иеленіп, қазір сол ойға алған істерін орындауға күш салуда.
— Тұтынушының талғамын дөп баса алсаң, сұраныс та тұрақты болады. Өзім дәнекерлеу аппараттарының барлығымен жұмыс істей аламын. Темір қақпалар мен есіктер жасауға материалдың көбін жергілікті жерден алып
отырмын. Темірден иілетін ою-өрнектерді өзім жасаймын. Дегенмен қолдан шыққан затыңа алғаш рең беретіні — оның сыртқы келбеті. Сондықтан оған жылдың төрт мезгіліне төзімді, сапалы бояулар қажет. Осы қажеттілікке
орай мен бояуларды Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдыртамын.
Үкіметтің кәсіпкерлерге жасап жатқан қолдауларына қол жеткізіп отырғаныма шүкіршілік етемін. Соның арқасында кәсібімді ілгерілетіп, елдің алғысына бөленіп жүрмін. Тапсырыс та аудан көлемін былай қойғанда, кейде облыс
орталығынан да түседі,
— деді отыздан асқан ісмер жігіт бізбен әңгімесінде.
Аталған бағдарлама аясында қаңылтырдан халық қажетіне сай заттар жасап шығару жобасын ұсынып, 2 млн теңгеге қол жеткізген шалқарлық Әйгерім Оразбаеваның да еңбегі бір төбе.

— Өзім Шалқардың келінімін. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдадым. Тұрмысқа шыққаннан бері осында тұрамын. Жұбайым — отбасындағы жалғыз бала, әкесі ерте өмірден өткен. Отағасым
Рыскелдінің әу баста теміржолда жұмысы болды, бірақ кейіннен орны қысқарды. Сөйтіп, жылдар бойы жұмыс іздеп сабылдық. Марқұм қайын атам қолы шебер кісі болған, оның сол қасиеті менің жұбайыма да дарыған. Ойлана келе Рыскелді өзінің мүмкіндігіне сүйеніп, қаңылтырдан бұйымдар жасауды қолға алды. Қазір күнделікті тұрмысқа қажетті шелек, душ ыдыстары, газ плиталарға арналған сорғыларды, мөржелерді тапсырыс берушінің талабына сай жасай береді. Тұрғындар тарапынан су қыздыратын құрылғылар мен мөржелер, самаурын
мөржелеріне жиі тапсырыс түседі. Бойдағы талап пен он саусаққа біткен аз ғана қасиетті бағалайтындардың бар екенін байқап, осы кәсіпті одан әрі дамытуды ойға алдық. Сөйтіп, цех ашу біздің отбасылық арманымызға айналды. Бұл мақсатымыздың орындалуына осы бағдарламаның қайтарымсыз гранты сеп
болды, — дейді алты баланың анасы Әйгерім Оразбаева.
Ерінің жанынан бір елі қалмай, түздегі жауапкершіліктің де жүгін тең көтеріп жүрген жас келіншек жұқа темірді иіп, қиятын арнайы құрылғыларды Алматыдан алдыртыпты. Енді бұрынғы балғалап, ұрғылаудың машақаты артта
қалды. Әзірше аядай жерде тапсырыс орындап жүрген іскер отбасы келешекте шеберханаларын үлкейтіп, халыққа қызметтерін орталық жерден ұсынғысы келеді.
«Кәсібі бардың нәсібі бар» деген осы. Оған тек ниет пен талап қана керек. Біз сөз еткен жастардың бойына осы қасиеттер тоғысқан екен.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button