Жаңалықтар

Қараша: көп жұмыстар қорытындыланды

Шолу

Қарашаның соңғы күндерінде Ақтөбеге қар жауды. Күздің соңғы айы өз өкілеттігін осылайша тапсырды.

Қарашада облыс аумағында көптеген істер тындырылды. Мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, қала жолдары айтарлықтай қалыпқа келтірілді. Жылу, сумен қамтуда кідіріс байқалмайды.

Ең бастысы, халық биылғы індетті жағдайға қарамастан, тірліктерін жалғастыруда, ауызбіршілік болса, көп қиындықты жеңуге болатындығын түсінді.

Шаруалар еңбегі бағаланды

Биылғы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне ақтөбеліктер жақсы жетістіктермен келді. 

Облыста 277 миллиард теңгенің  ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Төрт түлік мал басы түгелдей өсімге ие болды.

Диқан қауым 447,8 мың гектар дәнді дақылдардың алқабынан гектарына 11,5 центнерден өнім алды.

Мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға  10,3 миллиард теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ шаруашылықтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 18,2 миллиард теңге  жеңілдетілген несие ұсынылды.

Шаруа адамдары өздерінің төл мерекесінде марапаттарға ие болды.

17 адам ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің наградаларын алды, 4 адамға ардагерлер ұйымы медаль ұсынды,  52 адамға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен сыйлықтары берілді.

Жылжымалы жәрмеңке

Соңғы кезде кең қанат жая бастаған «Halyq Sayda» сауда желісінің жылжымалы жәрмеңкесі Алға қаласы мен Шұбарқұдық кентін де қамтыды.

«Пригородный» ауыл шаруашылығы құрылымының шаруа қожалығында өндірілген картоп, пияз, қырыққабат, сәбіздің келісі 85 теңгеден сатылымға шығарылды. Жәрмеңкеде тұтынушылар барлығы 20 тонна картоп, 3 тонна пияз, 1,2 тонна сәбіз, 1 тонна қырыққабат сатып алды.

Жәрмеңкеде жергілікті тұрғындар қарақұмық, күріш, қант, жұмыртқа, сұйық май, макарон өнімдері, ас тұзын нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен бағасына алды.

Аталған әлеуметтік жобаның мақсаты — биылғы індет кезінде табысы төмендеген халықтың азық-түлікті қолайлы бағаға сатып алуына мүмкіндік жасау.

«Еңбек» бағдарламасы игілігі

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасауға бағытталған шаралардың бірқатары «Еңбек» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Ақтөбе қаласында соңғы кездері аталған бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі 230 адам тұрақты жұмысқа бағытталды. Сонымен бірге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 36 мүгедек жан жол жөндеу және құрылыс саласы бойынша уақытша жеңілдік жұмыстарға алынды.

«Еңбек» бағдарламасына сәйкес мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындары қарастырылған.

«Ауыл әкімінің бір күні»

Бұл — республика бойынша «Үздік мемлекеттік қызметші» ондығына енген Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабыловтың бірегей жобасы.

Жоба мақсаты — ауыл әкімдерінің жұмысын көрсету,  еңбек адамдарының  бейнесін қалыптастыру,  мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған кәсіп иелерін дәріптеу.

 «Ауыл әкімінің бір күні» ақпараттық түсірілімі Қобда ауданы аумағындағы 16 ауылдық округін қамтыған. Әрқайсысы 5-15 минут болатын  бейнероликтерде  ауыл әкімдерінің  жұмысы жан-жақты қамтылады.

Жоба нәтижесінде үздік деп танылған ауыл әкіміне арнайы  Алғыс хат пен «Үздік ауыл әкімі-2020» атағы табыс етіледі.

«Arman qala» — кәсіпкерлікке қамқорлық

«Arman qala» әлеуметтік жобасы отандық өндірісті, оның ішінде көше саудасы желісін дамытуға бағытталған. Оның игілігін көрушілер арасында көпбалалы, жалғызбасты аналар көптеп саналады.

Мәселен, соңғы үш жылда Ақтөбе қаласында көше саудасымен айналысушыларға 61 жер учаскесі жалға берілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мұндай павильондар тиімді. Олар ет, ұн, сүт, балық, көкөніс өнімдерін тұтынушыға арзан бағаға тікелей ұсына алады.

Биылғы індетке байланысты жер алып, көше павильонын ашқандар жыл соңына дейін жалдау ақысынан босатылған.

Бизнес-жобасын қорғап шығып, әлеуметтік жобаның қатысушысы атанған, сырқат бала бағып отырған ана Майя Әбдіразақова «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан сауда павильонын ашып, сүт, шай, көкөніс секілді күнделікті қажетті азық-түлікті сатады.

«Ақбөбек» халықаралық мектеп

Ақтөбе қаласында ашылған «Ақбөбек» халықаралық мектебінде бүгінде 400-ден астам бала білім алуда. Жеке мектеп халықаралық стандартқа сай білім береді. Мұнда шәкірттердің қосымша білім алуы да кеңінен қарастырылған.

Негізінде, үш қабатты білім ордасы 600 балаға арналған. Мектепте спорт, акт залдары, асхана, компьютер және робототехника кабинеті, арт-студия, сондай-ақ пәндік оқу кабинеттері жабдықталған.

Оқушылар оннан астам үйірмеге қатыса алады. Оның ішінде дзюдо, футбол, қолөнер, би, гимнастика, бейнелеу өнері, вокал, актерлік шеберлік, тағы басқалары бар.

Мектептің ерекшелігі —  барлық сыныптар физика-математикалық бағытта және ағылшын тілі IELTS бағдарламасы арқылы тереңдетіп оқытылады. Шәкірттердің біліміне балл қойылады.

Мектеп үш тілді еркін мең­герген, ғылыми көшбасшы бола алатын түлектерді даярлауды мақсат тұтады.

 Баспасөз және оқырман:

«Жыр арқауы — Жем-Сағыз»

«Ақтөбе Медиа» ЖШС ұйымдастыруымен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің Байғанин ауданындағы күндері Жарқамыс ауылында өтті.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған журналистер, Ақтөбе қаласында тұратын байғаниндік бір топ ардагер ағалар жұртшылықпен кездесті.

Осы өңірден шыққан ақын-жазушылар, көрнекті ғалымдар есімдері дәріптеліп, олардың атындағы сыйлықтар жас буынға тапсырылды.

Газеттердің елде тұратын оқырмандары өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, баспасөздің қоғамдағы алатын орны туралы ойларын ортаға салды.

 «Ақтөбе» футбол командасының жеңісі

ҚР Бірінші лигасында «Ақтөбе» футбол командасы чемпион атанды.

Өткен жылы ФИФА шешімімен 12 ұпайы шегеріліп, бір жағы соның салдарынан Премьер-Лигадан шығып қалған жергілікті команда биыл жанкүйерлер сенімін ақтады.

Бір жағынан олардың жақсы ойын өрнегін көрсетуіне жергілікті биліктің қолдауы да әсерін тигізді. Нақты айтқанда, ұжымды қаржыландыру мәселесі шешілді, басқа да жағдайлар жасалды. Орталық стадион команданың сенімгерлік басқаруына берілді. Сондай-ақ кадрлық резерв көзі — облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебі жаңартылды.

Бүгінгі күні құрамының 60 пайызы жергілікті ойыншылардан құралған «Ақтөбе» футбол командасы соңғы ойындар нәтижесіне қарамастан, Премьер-Лигаға өтті.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button