Жаңалықтар

Бір шаңырақ астында

Биылғы жыл еліміз үшін ұлт руханиятында маңызды оқиғалармен есте қалмақ. Соның бірі – еліміздегі бірлік пен берекенің ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы.

Бүгін қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған осы бір құрылымның пайда болуы саяси-әлеуметтік қажеттіліктен туындады. 1992 жылы ел тәуелсіздігінің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының алғашқы форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет ұсынған мұндай институт саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету керек болатын. Осылайша, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекет басшысының жанындағы консультативті кеңесші орган дүниеге келді.

Өткен жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық  құрылымы нығайып, қоғамды ұйымдастырушы әлеуеті толасты. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда тікелей Елбасының бастамасымен құрылған, әуелде Қазақстан халықтары Ассамблеясы аталған құрылымның рөлі зор болды.

Мемлекетті құрушы қазақ ұлтының айналасына шоғырланған түрлі этнос өкілдері Ассамблея арқылы рухани тұрғыда қайта түледі. Оның 25 жылдық тарихы жетістікке жету жолындағы қиын да қауырт еңбек жолынан өрілді. Тарихтың осынау кезеңдегі парақтарында әр өңірдегі түрлі ұлыстардың үйлесімділігі, тату  тіршілігі, тәуелсіз елімізді көркейтудегі ерен еңбегі жазылды.

Әлемдегі әр мемлекет ұлттық болмысымен ерекше, рухани құндылығымен бай, татулығымен сәнді, егемендігімен еңселі, тәуелсіздігімен тұғырлы. Қоғамдық келісіммен жалпыұлттық татулықтың бірегей үлгісіне айналған ассамблеяға  бүгінде ширек ғасыр толып отыр.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» — демекші, бүгінде елімізде қаншама ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Ал біздің облыста бүгінде 90-нан астам ұлт өкілі өзара бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешуде. Мен осы өңірде туып, осы облыста еңбек етіп жүргеніме мақтанамын. Ерікті жастардың қатарына қосылып, ел дамуына өз үлесімді қосу — менің басты мақсатым. Сондықтан қазіргі таңда мен әр түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, әлемді жайдаған пандемия кезінде жақындарыма, достарыма қол ұшын берудемін.

Қазақстан — бұл ортақ мекен, болашағы жарқын ел. Осы елді көркейтуге үлес қосу — барша қазақстандықтың міндеті. Сондықтан өзім сияқты облыс жастарын еңбек етуге, білім алуға және әрдайым белсенді болуға шақырамын.

Антонина АНДРЕЕВА,

ерікті жас.

Басқа жаңалықтар

Back to top button