Денсаулық

Пневмококк инфекциясы қауіпті ме?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше,  пневмококтық инфекцияның салдарынан жылына 2 миллион адам өледі. Оның 40%-дан астамы бес жасқа дейінгі балалар. Инфекцияны пневмококк инфекциясымен ауырған адам таратады. Ауру жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде ауа тамшылары арқылы жұғады. Бұл ауру, әсіресе, балаларға қауіпті. Бес жасқа дейінгі балалар өлімінің негізгі себебі осы инфекцияға қатысты болып отыр. 65 жастан асқан ересектер үшін және денесінде қосымша ауруы бар, яғни созылмалы бронх, жүрек-тамыр аурулары, астма, қант диабеті, АИТВ және басқа да ауруларға шалдыққандар үшін де бұл инфекция қауіпті саналады.

Пневмококк инфекциясы жұққаннан кейін ауру біртіндеп байқалады. Инфекция пневмония, сепсис, менингит ауруын тудырады. Аурудың бастапқы белгілері  инфекцияның барлық түрлеріне тән белгі секілді басталады. Дене кенеттен қызады, қалтырау, жөтел, ентігу, кеуденің ауырсынуы, оксипитальды қаттылық және дезориентация пайда болады.  Егде жастағы адамдарда симптомдар аз болуы мүмкін, бірақ олар соның әсерінен ауруды асқындырып алатын жағдайлар жиі кездеседі. Пневмококктар өкпеге қан ағымымен еніп, пневмонияны ортаңғы құлақтың инфекциясын (отит медиасы) және синуситті тудыруы мүмкін.

Пневмококк инфекциясының ең қауіптісі — пневмония. Науқас жөтеліп, ентігеді, кеудесі ауырады. Ал пневмококкты менингит кезінде науқастың басы қатты ауырады. Жүрегі айниды.

ЖРВИ, тұмау мен пневмококтық инфекцияның алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет:

  • науқас адамдармен қатынасты үзу, бетперде кию;
  • инфекцияның таралуының алдын алу үшін қолды сабын немесе бактерияға қарсы құралдармен (құрамында спирті бар ерітінділермен) жуу;
  • бір реттік мұрын сүлгілерін қолдана отырып жөтелу және түшкіру кезінде мұрын мен ауызды жабу;
  • адамдар жаппай жиналатын орындарға (көріністі шаралар, жиналыстар, кездесулерге) бармау, ғимаратты үнемі желдету, көзді, мұрын мен ауызды лас қолмен ұстамау;
  • салауатты өмір салтын ұстану, оның ішінде толыққанды демалу;
  • таза ауада серуендеу, белсенді демалыс, дәрумендерге бай үйлестірілген тағам ағзаның кез келген инфекцияларға қарсы тұруына көмектеседі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button