Жаңалықтар

Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды

Өткен аптада Ырғыз аудандық орталық кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі сатирик, жазушы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы мен халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды.

Аталған шарада аудан әкімі Аққанат Шахин Үмбетбай Уайдиннің шығармалары дәуірлер өтсе де, елге рухани азық болып қала беретінін, халықтың өз перзентіне деген ықыласы уақыт өткен сайын арта түсетінін жеткізіп, жиналғандарды жаңа кабинеттің ашылуымен құттықтап, тілегін білдірді.

Бұдан кейін жазушының жары Мариям Алданова жерлестеріне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да кітапхана ұжымымен тығыз байланыста болатынын айтты. Кабинетке сатириктің қолжазбалары мен кітаптарын, суреттерін сыйға тартты.

Салтанатты шарада мәдениет саласының ардагері Рахия Омарова мен аудандық кітапхананың директоры Марат Мырзалы қазіргі кітапхана ғимараты бұрын мектеп болғанын, осында жазушының білім алғанын, туған жеріне келгенде ең әуелі кітапханаға арнайылап келетінін айтып, өткен шақтарды еске алды.

Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет «Сен кімге күлесің?», «Әдеп әлемі және журналистика», «Қолтаңба», «Сатирик өмірінен» атты бірнеше фотоколлаж бөлімдерден тұрады. Алдағы уақытта сатириктің қолданған заттары да кабинетте жасақталады деп жоспарлануда.

Айта кету керек, аталған кабинетке Үмбетбай Уайдиннің «Қара көзілдірік»,  «Контейнермен келген кемпір», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Өмірге құштарлық»,  «Сырымды айтайыншы», «Атың кім, әй?», «Әумин», «Біз былай байығанбыз», т.б   кітаптары қойылған.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button